25.10.2019, 17:34
Қараулар: 109
Саяси тұрақтылық – ел дамуының сенімді кепілі

Саяси тұрақтылық – ел дамуының сенімді кепілі

Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін жариялаған кезден бастап демократиялық даму жолын таңдайтындығын мәлімдеген болатын. Сол уақыттан бері еліміз өз таңдауынан айныған емес. Саяси жүйені демократияландыру үрдісі сабырлы түрде, кезең-кезеңмен іске асырылуда. 2017 жылдан бастап жоғары билік жүйесінде Парламент пен Үкімет құзыреттілігі конституциялық деңгейде күшейтілген болса, қазіргі таңда Парламент тыңдауынан өткен сайлау туралы жаңа заңға сәйкес, ауыл округтері әкімдерін тұрғындардың тікелей сайлауы көзделуде.

Қазақстандағы саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалардың сапасы мен қарқынды жүргізілуі көптеген әлемдік деңгейдегі сарапшылардың оңды бағасын алып отыр. Бұл туралы көптеген деректерді БАҚ пен ғаламтор кеңістігінен оңай табуға болады. Нақты мысалмен айтқанда, «Электронды үкімет» жүйесінің елімізде кеңінен енгізілуінің өзі мемлекеттік қызмет алудағы бюрократиялық немесе басқа да келеңсіз кедергілерді жойып қана қоймай, азаматтардың демократиялық құқықтарының сақталуына кең жол ашты.

Соңғы кездері тәуелсіз еліміздің саяси жүйесін демократияландыру ісіндегі жеткен жетістіктеріне қызғанышпен қарайтын кейбір сыртқы және ішкі саяси күштер өз қызметтерін белгілі бір деңгейде жандандыра түсіп, Қазақстандағы ішкі саяси тұрақтылыққа сызат түсіруге талпыныстар жасауда. Германияны біріктіруші атанған әйгілі «темір канцлер» Отто фон Бисмарктың – «Төңкерістерді фанаттар іске асыратын болса, оның жемісін алаяқтар көреді», – деген қанатты сөзі бар. Халқымыз, елімізде саяси тұрақсыздық орын алатын болса, оның зардабын ең алдымен қарапайым адамдар шегетіндігін терең түсінулері тиіс. Қазір көшеге шақырып, ұрандатып жүргендердің ешқайсысы да не жеке басына қатысты, не материалдық зардап шекпейді, олар бүлік болса, шегінетін жерлерін әлдеқашан дайындап қойған, ал кейбіреулері өз қауіпсіздіктерін нықтап алып,  шетелден айтақтап отыр.

Кез келген мемлекеттің өркениет дамуының шыңына жетуі мен халқының бақ-қуаты сол елдегі саяси тұрақтылыққа тікелей тәуелді. Әлемдегі барлық қуатты елдердегі жағдай осыны айқын дәлелдеп отыр. Салыстыратын болсақ, саяси тұрақтылықтары өте жоғары Батыс Еуропа елдеріндегі жағдай мен саяси тұрақтылықтары жоғалған Сирия немесе Украина елдері осыған айқын мысал бола алады. Қазақстанның қандай ел болуы, жарқын болашақты таңдау қазақстандықтардың өз қолында. Ішкі тәртібі жоғары әрі келешегі бекем ел болуды қаласақ, әр түрлі саяси алаяқтар мен авантюристердің популистік ұрандарына бой алдырмауымыз қажет.

Тұрар Төлегенұлы Шайхиев,

М. Өтемісов атындағы БҚМУ «ҚХА» кафедрасының меңгерушісі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар