24.10.2019, 19:10
Қараулар: 163
Екі күнде – 200 қабылдау

Екі күнде – 200 қабылдау

Жуырда  облыстық  көпбейінді  балалар  ауруханасына  Нұр-Сұлтан  қаласындағы  Ұлттық  ғылыми  кардиохирургиялық  орталықтың  мамандары  арнайы келіп,  өңіріміздегі  жүрек  ақауы  бар  балаларға  қабылдау жүргізді.

Қабылдау барысында интервенционды кардиолог Райхан Досжанова  тексерілушілердің жүрегін арнайы аппаратқа түсірсе, балалар кардиохирургі Данияр Қанжығалин дәрігерлік  кеңес  беріп,  ем-дом  тағайындады.

– Орал қаласына осымен төртінші жыл қатарынан келіп, арнайы қабылдау жүргізудеміз. Жоспарлы түрде жылына екі рет келіп, медициналық көмекке мұқтаж науқастарға квота бойынша жолдама береміз. Тексерілу барысында шұғыл шара қабылдау қажет деп тапқан науқастарды біздің орталыққа шақырамыз. Жалпы, жүрегінде ақауы бар балаларға квота бойынша жыл сайын 2 мың ота қарастырылған, соның 500-і біздің орталықта жасалады. Жүрек ақауы бар  бір балаға ота жасау үшін мемлекет есебінен орта есеппен 2 млн. теңге жұмсалады. Ал елордадағы орталыққа барып-келу шығынын түгелдей дерлік облыстық денсаулық сақтау басқармасы өтейтіндіктен, ата-аналардың  қалтасына  салмақ  түспейді.

Балаларда жүрек ақауы көп жағдайда жүктілік кезінде анасының сырқатқа шалдығуы, вирустық және тұқым қуалайтын аурулар, токсикоз, экология салдарынан болады. Аталған сырқаттың алдын алу үшін жүктілікті алдын ала жоспарлау керек. Болашақ ана ғана емес, әкесі  де қажетті тексерістен өтіп, талдаулар жасатуы, жатырішілік инфекциялар мен жыныстық жолмен берілетін аурулардан аман екендігіне көз жеткізуі тиіс, – дейді Данияр Маратұлы.

Облыстық көпбейінді балалар ауруханасы сәулелі диагностика бөлімінің меңгерушісі Шырагүл Сәрсенбаеваның айтуынша, қазіргі таңда облысымызда туа бітті жүрек ақауы бар 280 бала арнайы есепте тұрса, соның  68-іне ота жасалыпты. Екі күнге жоспарланған қабылдау жалпы саны 200 баланы қамтыды. Алғашқы күні аудандардан келген балалар тексерілсе, екінші күні қабылдауға  қала  тұрғындары  келді.

Индира  МАҒЖАНОВА, Бөкей  ордасы  ауданы:

– Ұлттық кардиохирургиялық орталықтан арнайы мамандар келеді деп, аудандық аурухананың жолдамасымен Бисен ауылынан келдім. Қызым Нұрайлы қазір екі жаста. Дүниеге келген кезінен жүрегінде 5 және 2 мм екі саңылау бар деп диагноз қойылды. Дәрігерлер 2017 жылы тексерістен өткен кезімізде 2 мм саңылау бітелді деген болатын. Енді кезекті жоспарлы тексеріске келіп тұрмыз. Бір қуантатыны – күрделі ота жасау қажеттілігі жоқ. Баланың өсіп-жетілуі барысында салмақ қосып, ет жинаған кезде саңылау өздігінен жабылады дейді. Жүктілік кезінде қан аздыққа  шалдыққанмын, қызымның жүрегіндегі кінәрат соның салдарынан деп ойлаймын.

Жадыра  КЕНЖЕҒАЛИЕВА, Теректі  ауданы:

– Біз Сарыөмір ауылынан келдік. Қызымның туған кезде таңдайы болмады, кейін Нұр-Сұлтан қаласына барып, арнайы ота жасатып қайттық. Қазір логопед жұмыстанып жүр, әзірге сөйлеп кете қойған жоқ. Соңғы тексеріс кезінде жергілікті дәрігерлер Нұрайнаның жүрегінде шуыл бар екендігін айтқан, сол үшін тексеруден  өтуге  жолдама  берді.

Аяужан  КЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар