24.10.2019, 19:08
Қараулар: 176
Барлық банктің өкілдерін бір жерден табасыз

Барлық банктің өкілдерін бір жерден табасыз

Кеше  Орал  қаласындағы  «Даму»  кәсіпкерлікті  дамыту  қоры»  АҚ  Батыс Қазақстан  облысы бойынша  аймақтық филиалында  «Кәсіпкер  сағаты»  шарасы  өтті.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеевтің айтуынша, бұл шара бұрыннан кәсіп саласында жүрген немесе кәсіпкерлікпен енді айналысқысы келетін азаматтар мен екінші деңгейлі банктер арасындағы  кедергіні  жоюға  бағытталған.

– Біз бұған дейін «Бизнестің таңғы асы» шарасын қолға алған едік. Оның басты мақсаты бизнес өкілдерімен дастарқанда бас қосып, олардың өзекті мәселелері төңірегінде әңгімелесу болатын. Алғашқы басқосуда кәсіпкердің құқығын қорғау, экспорт мәселесі кеңінен қозғалды. Ол жерде алқалы жиындарда көп айтыла бермейтін түйткілдер турасында сөз өрбіді. Ал әр айдың соңғы бейсенбісінде «Кәсіпкерлер сағаты» шарасын ұйымдастыру туралы мәселе облыс әкімдігінде бірер апта бұрын талқыланған болатын. Осы ұсынысымызды қолдаған банк филиалдарының басшыларына алғыс айтамыз. Аталған шараны алғаш рет ұйымдастырып отырмыз. Бүгінде өңірімізде оннан астам банк филиалы қалыпты жұмыс істеуде. Әр түрлі мекенжайда орналасқандықтан, олардың ұсынатын қызметтері туралы мәліметті тез жинау қиындық тудырады. Шалғай аудан-ауылдардан келген кәсіпкерлер немесе өз кәсібін бастағысы келетіндер банк филиалдарын аралап шығуға қыруар уақыттары мен қаржы-қаражатын жұмсауда. Сондықтан біз барлық банктердің өкілдерін бір жерге тоғыстырып, қызмет көрсету сапасын жеңілдеткіміз келеді. Бұл жерге келген тұтынушыға бар-жоғы бір сағаттың ішінде барлық банктердің көрсететін қызметі туралы толық ақпарат алуына мүмкіндік бар, – деді  М. Манкеев.

Айта кетейік, кәсіпкерлікпен шұғылдануға ниетті әр кісі осы жерге келіп, өздері ұсынған жобаға қандай құжаттар керек екендігі туралы, қай банк филиалынан несие рәсімдеудің тиімділігі жайында толық мәлімет жинақтайды. Облыс аумағындағы барлық орта немесе шағын кәсіп иелері мұндай қабылдауларға келіп, банк өкілдерімен кездесіп, өздерін толғандырған  сауалдарға  ақыл-кеңес  алады.

Өткізілген шарада «Еуразиялық банк», «Альфа Банк», «Нұрбанк», «Fortebank», «АТФ банк», «Қазақстан халық банкі» секілді оннан астам банк филиалының өкілдері келушілерге қызмет көрсетті. Мұндай шара алдағы айлардың соңғы бейсенбісінде жалғасын  таппақ.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар