24.10.2019, 18:53
Қараулар: 184
32 шаңырақтың шаттығы

32 шаңырақтың шаттығы

Облыс  әкімі  Ғали  Есқалиев  іссапармен  Бөкей  ордасы  ауданына  барды. Сайқын  ауылында  екі  пәтерлі  16  тұрғын  үйдің  құрылысы  аяқталған. Мердігер  «Жиенбай»  ЖШС  бұл  үйлердің  құрылысын  2018  жылдың қараша  айында  бастаған.  Бір  үйдің  жалпы  алаңы – 133,82  шаршы  метр. «Нұрлы жер»  мемлекеттік  бағдарламасы  аясында құрылыс  жобасына 331, 073 млн. теңге  бөлінген.  Оның   ішінде республикалық  бюджеттен 297, 966 млн.  теңге  аударылған. Облыс  әкімі  Ғали Есқалиев  32  пәтердің кілтін тұрғындарға  табыстап, қоныстой  қуанышымен  құттықтады.

Қайырлы күн, бөкейордалықтар! Қойнауы құтқа, жайлауы малға толы Бөкей ордасы ауданына қуаныштарыңызбен ортақтасуға келдік. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 32 отбасыға баспана берілуде. Ауданда басқа да мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асуда. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы жергілікті шаруалар 400-ден астам асыл тұқымды мал сатып алды. Инвестсубсидия көмегімен тракторлар мен ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуда. «Еңбек» бағдарламасы аясында кәсіп бастаймын деген жандарға 182 миллион теңге жеңілдетілген несие берілді. Аудандағы 571 отбасыға 300 миллион теңгеге жуық әлеуметтік көмек қаржысы берілуде. «Ақбұлақ» бағдарламасы арқылы аудан тұрғындарының 83 пайызы таза ауыз сумен қамтылған. Биыл Тайқара мен Үштерек ауылдарына су құбырын тарту аяқталады. Аудан аумағындағы 124 шақырым республикалық маңыздағы аутожолдың бойында үш учаске бойынша күрделі жөндеу жұмысы басталды. Аталған мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей бақылауында, – деді облыс  әкімі  Ғали  Есқалиев.

«Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлжан Бисекенова мемлекеттік саясат ықпалымен әйелдерге қамқорлық аясы кеңейгеніне, әсіресе, көп балалы және жалғызбасты аналарға баспаналардың беріліп жатқанына ризалық білдірді. Шарада жеке кәсіпкер Қуаныш Бірмановтың атынан мүмкіндігі шектеулі баласы бар ауыл тұрғыны Мәншүк Насимуллинаға вертикализатор табыс етілді.  Вертикализаторды Оралдағы жеке кәсіпкер Біржан  Қожақов  жасаған.

– Көп балалы отбасы ретінде пәтерге ие болып отырмын.  Үш жылдай үй кезегінде тұрдым. Бүгінге дейін пәтер жалдап, қоныс аударумен жүрдік. Ауылда пәтер жалдау құны 30 мың теңгеге дейін барады. Көлік жүргізуші болып қызмет етемін. Төрт балам бар. Баспана іші жылы, жарық, екі бөлмелі, – деді пәтер кілтін алған  Нұрлан  Ромашев.

Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Қобылан Жанғалиевтің айтуынша, былтыр «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Сайқын ауылында 108,5 миллион теңгеге екі пәтерлі 5 үйдің құрылысы аяқталған. Үй кезегінде тұрған азаматтарға жалға берілетін коммуналдық үйлер құрылысы жалғасын табуда. Бұған қоса аудан орталығында қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы бар екі пәтерлік 26 тұрғын үйдің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзір. Екі қабатты 12 пәтерлі үйдің құрылысына ЖСҚ дайындалуда. Сондай-ақ Хан ордасы және Бисен ауылдарында екі пәтерлік төрт үйдің құрылысы үшін  ЖСҚ-лар  жасақталуда.

Айта кетейік, облыс бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы көп қабатты 17 және аудандарда 117 үй салынуда. 17 нысанның инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы жүргізілуде. Бағдарлама ауқымында құрылыс жобаларына 16 188,0 млн. теңге қарастырылған. Жыл соңына дейін қалаларда 6 көп қабатты үйді (797 пәтер) және ауылдық елді мекендерде 49 коммуналдық үйді (283 пәтер) қолданысқа беру жоспарланған.

*  *  *

Облыс әкімі Ғали Есқалиев М. Мәметова атындағы жалпы орта білім беретін мектептің жұмысымен танысты. Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов мектеп ғимаратын күрделі жөндеу қажет екенін айтты. Ғимараттың қабырғасы сетінеп, бір бұрышының құлау қаупі бар. Мектеп шатырынан аққан су ғимарат ішіне кетуі салдарынан концерт залының төбесіндегі сылақтар түскен. Бу қазандығы орналасқан ғимараттың да тозығы жеткен. Білім ошағын күрделі жөндеуден өткізу үшін ЖСҚ дайындалып, сараптамадан өткізіліпті. Жалпы құны – 307 млн. 757 мың теңге.

Мектеп директоры Асылхан Аманғалиевтің айтуынша, қазіргі уақытта  394 оқушы білім алуда. Білім ошағында 54 педагог еңбек етеді. М. Мәметова атындағы мектеп 1976 жылы салынған. 2009 жылы ғимарат ағымдағы жөндеуден өткен.

Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Жұбан Ғұмаровтың сөзінше, соңғы бес жыл ішінде аудандағы 18 мектептің алтауы күрделі жөндеуден өткен. Биыл 307,7 млн. теңгеге М. Мәметова атындағы мектептің, 218,9 млн. теңгеге М. Бегалиева атындағы мектептің ғимараттарын және 76,5 млн. теңгеге аудандық туризм орталығының ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары әзір. Бұған қоса Тайғара, Үштерек, Сейітқали бастауыш мектептерінің және Б. Жәнекешев мектебі жанындағы интернаттың күрделі жөндеу жұмыстарына ЖСҚ-лар жасақталуда. Аудан бюджеті есебінен Бөрлі ауылындағы «Балдәурен» балабақшасының ғимаратына  жөндеу  жүргізілген.

Көгілдір отынмен қамтылған елді мекендердегі әлеуметтік нысандарды газға қосу жұмыстары биыл да жалғасын табуда. Бүгінгі күні Ш. Жексенбаев және Т. Масин мектептері газға қосылды. Осы айдың аяғына дейін «Балдәурен» балабақшасын газға қосу жұмыстарын аяқтау жоспарлануда.

Ауданда жеті мектеп «Kundelik.kz» электронды журналы жүйесіне қосылған. Былтыр аудан орталығындағы М-С. Бабажанов мектебінде IT сынып ашылса, осы жылы Жәңгір хан мектебінде ашу үшін қажетті құрал-жабдықтар алынған. Сонымен қатар М. Бегалиева атындағы мектепке жаңа «УАЗ» аутокөлігі алынып берілсе, аудандық туризм орталығына балаларды тасымалдауға «Газель» аутокөлігі  берілмек.

Айта кетейік, облыста сегіз мектеп апаттық жағдайда қызмет етуде. Алты мектепте балалар үш ауысымда оқиды. Мектептердің апаттылығын жою және үш ауысымда оқытуды қысқарту

мақсатында 2019 жылы республикалық бюджеттен екі мектептің құрылысын бастауға 2 млрд. теңге бөлінді. Биыл облыста 4 білім нысанына күрделі жөндеу жүргізілуде. Жергілікті бюджет есебінен 65 млн. теңгеге 209 мектеп ғимаратына ағымдағы жөндеу  жүргізілді.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев жұмыс сапары барысында аудандық балалар саз мектебіне барды. Аудандық балалар саз мектебінің қолданысқа берілгеніне 20 жылға жуық уақыт өткен. Саз мектебінде фортепиано, домбыра, бас қобыз, қобыз және баян үйірмелері жұмыс істейді. Мектепте 129 жас өнерпаз тәрбиеленуде. «Болашақта дәстүрлі ән, хореография, вокал жанрларында шәкірттер тәрбиелеуді қолға алмақпыз. Төрт ауылда аудандық балалар саз мектебінің филиалы бар. Шәкірттеріміз түрлі деңгейдегі шығармашылық байқауларға қатысып, жүлделі орын алып жүр.

Биылдың өзінде өнерпаздарымыз 14 халықаралық, 21 республикалық сайысқа қатысты. Мектепке балаларды алты жастан қабылдаймыз. Өнер ордасының есігі аптаның сенбі және жексенбі күндері де ашық. Үйірме жетекшілері шәкірт тәрбиелеу жолында ерінбей-жалықпай қызмет етеді», – деді аудандық балалар саз мектебінің директоры Қуаныш Дүйсекешов. Облыс басшысы аудандық балалар техникалық шығармашылық орталығының жұмысымен де танысты. Орталықта 230 бала қолөнер шеберлерінен тәлім алады. Әр түрлі материалдардан ұшақ, көлік, кеме құрастырады. Аталған орталықта робототехника үйірмесі жұмыс жасайды.

Нұртай  АЛТАЙҰЛЫ,

Бөкей  ордасы  ауданы