24.10.2019, 18:47
Қараулар: 206
Мекенжай анықтамасы талап етілмейді

Мекенжай анықтамасы талап етілмейді

Азаматтарға тұрғылықты жерінен мекенжай анықтамаларын беру – еліміздегі жиі сұранысқа ие мемлекеттік қызметтердің бірі. Жыл сайын тұрғындардан құжаттарды, жәрдемақыларды және басқа қызметтерді алу үшін мемлекеттік құрылымдар (органдар) мен өзге де мекемекәсіпорындар 10 миллионнан астам мекенжай анықтамасын сұратады. Осы анықтаманы алу үшін жұмысқа орналасу кезінде, мектептерде, балабақшаларда, емханаларда, мемлекеттік құрылымдар немесе жеке мекемелер сұратқан жағдайда тұрғындар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына» (ХҚКО-ға) барып, үнемі кезек күтуге мәжбүр болды. Міне, ел-жұрт енді сондай артық жұмыстан  құтылды. Тиісті нормативті-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, мекенжай анықтамаларын беруді алып тастау туралы шешім қабылданды.

Алдағы  қараша айының 1-нен бастап Ішкі істер министрлігі мен басқа да мемлекеттік құрылымдардың дерекқорларын біріктіруге байланысты мекенжай анықтамаларын беру тоқтатылады. Яғни енді сізден ешкімнің мекенжай анықтамасын сұрауға құқығы жоқ.

Атап айтқанда, мекенжай анықтамаларын беру толығымен алынып тасталды, өйткені бұл деректер барлық мемлекеттік құрылымдардың дерекқорында бар. Мұндай өзгеріс мемлекеттік қызметтерді алу уақытын қысқарту, қағазбастылықты азайтуға және бір анықтаманы алу үшін бірнеше сағат кезекте тұратын «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына» (ХҚКО-ға) бару қажеттілігін жою мақсатында қолға алынып отыр. Сонымен қатар азаматтардың өздері egov.kz электрондық үкімет порталындағы жеке кабинеті немесе «электрондық үкіметтің» eGovmobile мобильді қосымшасы арқылы мекенжайы бойынша тіркелген адамдар туралы ақпаратты тексере алады.

Қажетті мәліметтерді мекемелердің өздері ала алады. Яғни ұйымдар, соның ішінде жеке мекемелер, egov.kz электрондық үкімет порталындағы үшінші жаққа анықтама беруге мүмкіндік беретін сервисті пайдалана алады. Сервисті қарашаның 1-нен бастап іске қосу жоспарланып отыр. Аталған қызметті пайдалану кезінде сол азаматтан оның мекенжай анықтамасын алу үшін SMS арқылы рұқсат сұралады. Осыған байланысты сервис қолжетімді болу үшін әр азамат электрондық цифрлық қолтаңба алып, ұялы телефон нөмірін мобильдік азаматтар базасына тіркету керек. Ол үшін бір мәрте халыққа қызмет көрсету орталығына жеке куәлікпен барып, көрсетілген әрекеттерді жасау шарт.

Аманқос  ЖҰБАНЫШ,

ҚР  Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің БҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар