24.10.2019, 18:46
Қараулар: 295
Қызғаныш деген «қызыл ит»

Қызғаныш деген «қызыл ит»

Өткен сейсенбіде мамандандырылған ауданаралық соты бұрынғы сүйіктісін қызғанып,  бақталасын өлтірген 19 жасар Берік Титеевті кінәлі деп тауып, 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Сотқа төрағалық етуші судья Бақыт Ермаханов мәлім еткендей, даудың басы Динара есімді бойжеткенге деген қызғаныштан туындаған.

Үш жыл бойы кездесіп жүрген жігіт пен бойжеткеннің арасындағы қарым-қатынас осы жылдың наурыз айында шытынай бастаған. Бұрынғы ғашығына деген сезімі суый қоймаған Берік сүйіктісін сырттай бақылап, қорғаштап жүрген. Маусым айының басында «бұрынғы қызының» әлеуметтік желідегі «В контакте» парақшасын ақтарып, оның Бекарыс Ғалымжанов есімді жігіттің достығын қабылдағанын байқайды. Қызғаныштан қаны қайнаған жас жігіт дереу өзінің бақталасының жеке парақшасына жазба қалдырып, кездесуді ұсынған. Бірақ алғашқы жүздесудің сәті түспейді. Содан 6 маусым күні Берік достарымен бірге Бекарыстың қыдырып жүрген жеріне келіп, оны адам көзі көп түсе бермейтін жерге жүруін сұрайды. Осылайша барлығы бір көлікпен Оралдағы №50 мектеп маңына келеді. Текетірес барысында Берік Бекарысқа соққы жасамаққа ниет танытады.  Алайда қарсыласына оның жұдырығы дарымай, керісінше өзі бірнеше соққы алады. Осы сәтте ашуға булыққан Берік оң жақ қалтасындағы жиналмалы пышағын шығарып, Бекарысты үш рет  жарақаттап, оқиға орнынан ізін жасырады.

Сол жақ өкпе тұсынан алған жарақаттың салдарынан Бекарыс санаулы минуттардан соң оқиға орнында жан тапсырады. Сотқа төрағалық етуші Бақыт Ермахановтың айтуынша, оның үстінен ҚР ҚК 99-бабы бірінші бөлігімен іс қозғап, 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

– Айыпталушы Б. Титеев адам өлтіру, қасақана құқыққа қарсы қазаға ұшырату әрекеттерімен айыпты деп танылды. Оған жазасын қауіпсіздігі жоғары  мекемеде өтеу тағайындалды. Сонымен қатар жәбірленушінің пайдасына 812 мың теңге мүліктік және 3 млн. теңге моральдық өтемақы өтеу туралы шешім қабылданды, – деді  судья Б. Ермаханов.

Сот залында Беріктің туғандары марқұмды жарақаттаған пышақтың табылмағанын айтып, уәждерін жеткізді. Ал кенеттен мерт болған Бекарыстың ет жақындары болса, бауырларының өмірін қиған қанды қол қылмыскерге кесілген жаза лайықты деп санайды.

Сот үкімі әзірше заңды күшіне енген  жоқ.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар