24.10.2019, 18:45
Қараулар: 209
74 жылдан соң орындалған парыз

74 жылдан соң орындалған парыз

Жалыны жер жаһанды шарпып, сан мыңдаған адамға қасірет әкелген екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 75 жылға жуықтаса да, оның бітеу жарасы – әке, бауыр, туыстан айырған қайғы-қасіреті күні бүгінге дейін жүректерді сыздатады. Әлі күнге майдангерлердің үшінші, төртінші ұрпағы жат жерден топырақ бұйырған бабаларының зиратын іздеп барып, туған жердің топырағын салады, хабарсыз кеткендерді іздестіреді.

Ел басына күн туған шақта көппен бірге Отан қорғауға аттанып, хабар-ошарсыз кеткен әкемнің жерленген жерін қайткенде табамын деген ой балалық шағымнан мазалайтын. Ол кезде қандай да бір дерек көздерін табу қиынның қиыны еді. Соңғы жылдары заман түзеліп, техника дамыған шақта сұм соғыстың құрбандары болғандар туралы мәліметтерді білу әркімге қол-жетімді бола түскені шындық.

Жасым 83-тен асқанда 74 жыл бойы іздеген әкемнің зиратын табамын, оған ұлым мен келінім барып топырақ салады деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген емес. Бірақ маған сондай бақыт бұйырыпты.

Әкем Ақтан Хайретдинов Орда ауданы, Азғыр ауылдық советіне қарасты Қаңбақты жерінде дүниеге келген. Шаңырақтың үлкені әкем болса, артынан Ақат, Өмір, Әбуталип, Масғұт есімді төрт ұл ілескен екен. Атам Хайретдин Қазиев жастық шағында Қазан қаласынан діни білім алып, Азғыр ауылынан мектеп салып, ауыл балаларының сауатын ашқан. Кеңес үкіметі орнаған соң «белсенділер» мектепті жаптырып, атамды қудалауға салған.

Ұлы Отан соғысы басталған соң, 1942 жылдың мамыр айында әкем інілерімен бірге майданға аттанған. Орталық қорғаныс министрлігінің мұрағатынан табылған деректерге сүйенсек, әкем әскерге алынғаннан бастап 1945 жылдың сәуір айына дейін 311-атқыштар дивизиясының құрамында болған. Аталған құраммен Сталинград, Москва, Ленинград, Латвия, Литва, Польша, Германия жерлерінде болған ұрыстарға қатысқан. Кейін белгілі болғандай, 1945 жылы 19-22 сәуір аралығында алған жарақатына байланысты әскери госпитальға жатқызылған. Сол жылдың 25 сәуірі күні Германияның Браденбург жеріндегі Хохенфинов қаласының маңында қаза тапқан. Кейін совет жауынгерлерінің сүйектерін Бад-Фрайенвальде  қаласындағы бауырластар зиратына көшіріп, қайта жерлеген.

Әкем туралы жоғарыдағы деректерді 2012 жылы менің өтінішіммен балаларым ғаламтордан іздеп, тапқан болатын. Сол жылдары сүйегі Германия жерінде қалған әкемнің басына бармақ оймен Сыртқы істер және Қорғаныс министрліктеріне арнайы хат жолдаған едік. Бірақ  олардан еш жауап болмады.

Бұйырмыс шығар. Уақыт өте келе, келінімнің сіңлісі Аустрия мемлекетінің азаматына тұрмысқа шықты. Кейін солардың шақыртуымен бала-келінім Данияр мен Люда Аустрияға аттанды.

Ол мемлекетке аттанудағы басты мақсаттарының бірі – соғыстан оралмаған аталарының зиратын табу еді. Аустриядағы құдалар біздің өтінішімізді құп алып, қолдан келген көмек қолдарын созып, бала-келінімді Германия жеріне жеткізіп, аталары жерленген зиратқа апарыпты.

Ата-бабаның аруағына бас иіп, тағзым етіп өскен халықтың ұрпағымыз ғой. Сөйтіп, 74 жыл уақыт өткенде Отаны, туған жері мен болашақ ұрпағы үшін жанын қиған әкемнің басына туған жердің топырағы жеткізілді. Бұл – әкеден жастай қалып, жетім өскен менің де бір арманымның орындалғандығы. Мақсатымның жүзеге асу жолында қолұшын созған барша жаны ізгі адамдарға, шет мемлекеттегі құдаларымызға, күйеу баламыз Петер Эрлбекке айтар алғысымыз шексіз.

Ұлым Даниярдың сол елге көшіп барған Инесса Юрк есімді жұмыстасы 2012 жылы әкемнің зиратын іздеп тауып, басына гүл шоғын қойып, бізге мәлімет жібергеніне де дән ризамыз. Жат жердің топырағы бұйырған 2000-ға жуық боздақтың зиратына қамқорлық жасап, бақылап отырған Анна-Роза Шмидт есімді жанашыр жанға басымызды иеміз.

Қартайған шағымда арманымды орындап, мыңдаған шақырым жол жүріп, басына барып, Құран бағыштап, топырақ салған ұлым Даниярға, келінім Людаға алғыстан басқа айтарым жоқ.

Мен бар саналы ғұмырымды білім саласына арнаған ұстазбын. 1960 жылдан бастап 1997 жылға дейін Фурманов, кейін Жалпақтал ауылындағы мектепте қызмет жасадым. Еңбегім еленіп, «Білім беру ісінің үздігі», Қазақстанның еңбек сіңірген спорт ардагері атандым. Бүгінде Орал қаласында тұрамын. Бізді өсіріп, жетілдірген анам да сол Жалпақталда жерленген еді.

Ендігі мақсатым – Германия еліндегі әкемнің зиратынан алынған бір уыс топырақты өмір бойына жұбайынан хабар күтіп, бақилық болған анамның басына жеткізу болатын.

Жақында асыл анамның зиратына барып, басына дұға еттім. Сол жерде  «Анашым, мен әкемді таптым. Екеуміздің өмір бойғы арманымыз орындалды. Жарыңның сүйегін елге жеткізбесем де, топырағы сенің жаныңда болсын» деп іштей күбірлеудің өзі мен үшін бір бақыт болды.

Шадияр  АХТАНОВ,

Орал  қаласы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар