24.10.2019, 18:44
Қараулар: 209
Көп жылдық шөптерді неге екпейміз?

Көп жылдық шөптерді неге екпейміз?

Қысы суық, жазы аптап Ақ Жайық өңірінде мыңғыртып мал өсірудің, соның ішінде етті бағыттағы мал өсірудің келешегі кемел. Мамандардың айтуынша, мал өнімдерін азық-түлік ретінде пайдалану көрсеткіштері қоғамның дамуынан хабар береді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Бүгінде ет өндірісін ұлғайту мәселесі аналық мал басының проблемасына тіреліп тұрған жоқ, керісінше фермерлерге жем-шөп дайындайтын жерлердің жетіспеушілігіне байланысты болып отыр. Жем-шөппен қамтамасыз ету көрсеткіші 60 пайыздан төмен», — деп атап көрсеткен болатын. Бүгінде мал шаруашылығы саласында жем-шөп мәселесін жолға қою аса маңызды болып отыр. Тек біздің облыста емес, күллі елімізде жем-шөп өндірісінің даму қарқыны мал шаруашылығының дамуына ілесе алмай, артта қалғаны жасырын емес. Мемлекет басшысы айтқандай, жем-шөп проблемасын шешпейінше, мал өнімдерін өндіруде өнімділікті арттыра түсеміз деу бос әурешілік. Сондықтан сапалы жем-шөп өндіруге және мал азығын дайындауға қажетті жер, табиғи орта бар деп бос мақтанға салынбай, жұмысты жаңаша ұйымдастыруға мән-маңыз бергеніміз жөн-ау…

Бұл тұрғыдан келгенде, «Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы» ЖШС егін және жайылымдарды зерттеу бағытындағы екі бірдей жобаны қолға алған. Онда өсімдіктердің  өнімділігін анықтау, егін мен жайылымдардың жай-күйін бағамдау жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта стансадағы стационарда дәнді дақылдарды егу технологиясы бойынша екі ауыспалы бес танапты егіс жүйесі зерттелуде. Яғни парлы дақылды жүйесінің жай-күйі ғылыми тұрғыдан зерттелінеді. Негізі, ғылыми-зерттеу орнында шөп-дәнді ауыспалы жеті танапты егісті зерттеу жұмыстары 2015 жылдан бастап қолға алынған.

Қазір сол егіс жүйесі бір айналымға келіпті. Алдағы 2020 жылдан бастап жоба ретінде ұсынылып, тиісті қаржы бөлінсе, зерттеу жұмыстары жалғасады.

— Қолға алынған зерттеу жұмыстары арқылы мал азықтық және дәнді дақылдарды араластырып немесе кезектестіре егу жүйесінің тиімділігін анықтаймыз. Ауыспалы егістің нәтижесін көруге уақыт керек. Мысалға, бес танапты жүйемен мал азықтық дақылдарды өсіру нәтижесін білуге бес жыл мерзім керек. Стансадағы бұл жүйеге келесі жылы бір жыл болады.  Көп жылдық шөптермен дәнді дақылдарды кезектестіре егуге келсек, онда  пар жоқ, пардың рөлін көп жылдық шөптер атқарады. Біздегі көп жылдық шөптер алқабын қалыптасқан әдіс бойынша бастапқы екі жылда шабындық ретінде пайдаланып,  одан кейінгі жылдары жайылымға айналдырамыз. Мұндай алқапқа еркекшөп, эспарцет, түйежоңышқа немесе жоңышқа араластырып егетіндіктен, табиғи жайылыммен салыстырғанда шөбінің өнімділігі және сапасы жоғары болады. Жыл сайын шамамен екі гектарға осылайша көп жылдық шөптерді егіп жүрміз. Бес жылдан соң сол алқапты жыртып, дәнді дақылдар егуге дайындаймыз. Алтыншы, жетінші жылдары мысалға, арпа, сұлы, бидай, судан шөбі, ақмай, жүгері секілді дәнді дақылдар егеміз, — деп түсіндірді стансадағы суарылмайтын егіс және мал азықтық өндіріс бөлімінің меңгерушісі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Төлеген Бөлеков.

Мамандардың  айтуынша, шаруашылық иелері мал азығын арттыруға, жем-шөп өндірісі базасын жасақтауға ниетті. Бірақ оған жоғары технологиялы құрал-жабдық, техника қажеттігі сөзсіз. Өкініштісі, ондай жабдық атаулыны Қазақстаннан таппайсыз. Өйткені еш зауытта өндірілмейді. Ал шетелден сатып алуға екінің бірінің қолы жете бермейді. Мысалға, қарапайым тұқым сепкіштің өзі елімізде шығарылмайды, оны Украинадан алдыру керек. Бірақ ол елдегі қазіргі саяси жағдайға байланысты алдырту қиын. Өткен жылы ««Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы» ЖШС мұндай жабдықты Түркиядан алдырған, сонда бір тұқым сепкіштің бағасы 8 млн. теңгеге шыққан. Бұл аз қаражат емес. Көптеген шаруашылықтың қаржылық мүмкіндіктері шектеулі. Алайда «қалтасы қалың» шаруалар да басы артық шығын ретінде мұндай мәселеге көңіл бөле бермейтіні шындық.

— Көп жылдық шөптерді егудің бір ерекшелігі мынада: ол егіс танабы бірінші жылы өнім бермейді, арамшөптер басып кетеді. Сондықтан  оны шауып, тырмамен өңдеу жұмыстарын жүргізу керек. Бұған көпшілік шаруа көңіл аудармай, одан да шөпті даладан шауып алғанды тыныш көреді. Екінші мәселе – өңірдегі көп жылдық шөп тұқымдарының жетіспеушілігі. Ауыл  шаруашылығы тәжірибе стансасы облысты көп жылдық шөптердің тұқымдары-мен қамтамасыз етпейді. Өйткені тұқым шаруашылығындағы алқаптың аумағы тар. Биыл 100 гектарға жоңышқа, 50 гектарға түйежоңышқа және басқа да дақылдар аз көлемде егілді. Сондықтан күзде көп жылдық шөптердің тұқымына тапсырыс берушілерді тұқыммен қамти аламыз, ал көктемге қарай тұқым таусылып, болмай қалады, — дейді Төлеген Бөлеков.

Дегенмен станса ұжымы көп жылдық шөптердің тұқымына сұраныс білдіргендерге ауыздарын қу шөппен сүртпей, Ресейден, А. Бараев  атындағы  Қазақ астық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтынан және басқа өңірлерден сұратып алып беруге тырысады.

Биыл шаруаларға еркекшөптің тұқымын Қарағанды облысынан алдырған. Алайда басқа жердің тұқымы өңіріміздің аумалы-төкпелі табиғат жағдайына бейімделмегендіктен, әр жылдары түрліше өнім береді. Мысалға, ылғал мол жылдары өнімді жақсы берсе, құрғақшылық жылдары өнім нашар болады. Стансада алдағы жылы да көп жылдық шөптерді егу жұмыстары жалғаспақ.

— Шабындықтан әрі кеткенде 2-3 центнерден шөп орылса, көп жылдық шөп алқабынан 15 центнерге дейін өнім алуға болады. Көп жылдық шөптер егісіне судың қажеті болмағанмен, алдымен топырақты өңдеп, содан соң егу керек. Бізде жартылай егін технологиясы қолданылады. Онда бір қатарға көп жылдық шөп, екінші қатарға дәнді дақылдар егіледі. Мұның мәнісі көп жылдық шөп күш алып кете алмай тұрғанда, дәнді дақылдардан өнім аламыз әрі арамшөптердің өсуін тежейміз. Өнім алғаннан кейінгі жылы көп жылдық шөптер тамырланып, күш алады. Ол тек үшінші жылы өнім береді. Одан кейінгі жылдары шамамен он жыл бойына мұндай шөп өзі екпей-ақ шыға береді. Мал азықтық дақыл ретінде көп жылдық шөптің құрамындағы азықтық бірлікке келсек, түйежоңышқа, эспарцет және тағы басқа дақыл араласқандықтан, оның азықтылық құнарлылығы жоғары болады. Бұл — малдың жалпы күйін жақсартатын көрсеткіш, — дейді көп жылдық шөп өсірудің артықшылығы жөнінде Төлеген Ахметұлы.

Кеңес заманында облысымыздың кейбір аудандарындағы суармалы жерлерде, өзен жайылмаларында көп жылдық шөптерді өсіргені мәлім. Оны егіп-өсіруге білікті агрономдар керек. Суды молынан шығарып, көбірек ұстаған жағдайда шөп шықпай қалатын жағдайлар да болады деседі мамандар. Мысалға, еркекшөп бес күн бойы су астында қалса, өспей қалады. Стансаның мамандары өңіріміздің климаттық ерекшелігіне қарай суарылмайтын жерлерде көп жылдық шөп өсірген тиімді деп санайды.

Облыстағы ауыл шаруашылығы саласының мамандары мал азықтық дақылдар егу жұмыстарына мән-маңыз берілетінін айтады. Сондықтан жыл санап мұндай дақылдар егісі ұлғайтылады екен. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Алмагүл Оразғалиеваның айтуынша, биыл облыс бойынша 40,5 мың гектар алқапқа мал азығы, соның ішінде көп жылдық шөптер 19,6 мың гектарға, бір жылдық шөптер 20 мың гектарға, сүрлемдік жүгері 0,9 мың гектарға егілген.  Оның сыртында 137 мың гектар алқапта өткен жылдары егілген көп жылдық шөптердің егісінен өнім алынбақ. Әзірге мал азықтық дақылдар егісі 178 мың гектарды құрайды.

— Мал шаруашылығының дамуына байланысты екпе шөптердің алқабы ұлғайып келеді. Мысалы, 2017 жылы 166,7 мың гектар болса, биыл 178 мың гектар құрап, 7%-ға өсті. Өңірде мал шаруашылығын дамытуға баса мән беріліп, жыл санап мал азығы өндірісі базасын жасақтау жұмыстары жіті жүргізілуде. Биыл, атап айтсақ, құнды азықтық дақыл ретінде сүрлемдік жүгері егісінің алқабы айтарлықтай ұлғайып отыр. Өткен жылы жүгері 0,6 мың гектарға  егілген болса, биыл бұл көрсеткіш 1,5 есеге артып, 0,9 мың гектарды құрады. Алдағы мал қыстағына қажетті шөптің 1394 мың тоннасы немесе қажеттіліктің 91%-ы (қажеттілік 1533 мың тонна) дайындалды.

Шөп шабу науқаны жалғасуда, — деді Алмагүл Оразғалиева.

Етті бағыттағы малды өсіру үшін мал азықтық базаны дамыту керек деп көп айтамыз. Оның негізі – мал азықтық өндіріс базасын жасақтауда жатыр деседі мамандар. Көп жылдық шөптер егісін жайылымға да, шабындыққа да қолдануға болады. Одан кейін бес жылдан кейін дәнді дақылдар егілсе, өнімділігі жоғары болады. Мұны шаруалар көп ескере бермейді. Станса ғалымдарымен бірлесіп, ғылыми негізде жұмыс істеп жүргендер қатары аз болса да бар. Олар — Бәйтерек ауданынан «Шонайбеков», «Баян», Бөрлі ауданынан «Аманат» шаруа қожалықтары. Жалпы, Орал ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасы мал азықтық өндіріс базасын жасаймын деген мал өсірушілерге, шаруашылық иелеріне әріптестік  негізде ғылыми бағдар бере алады.

— Кезінде Алексей Черекаев деген академик етті малды бордақылауға қойып өсірудің тиімсіздігін дәлелдеген-ді. Өйткені бордақыға қойылған малдың азығын (бидай концентрантын, құрама жем т. б.) дайындап, тасымалдап, сақтаудың шығыны көп. Менің ойымша, малды бордақылаймын деп қораға қамап қоймай-ақ, қазір қолданысқа енген заманауи электр қоршаулардың ішінде ұстап, көшіп-қонып баққан дұрыс. Бұрынғы ата-бабаларымыз мал өсірудің жайын білгендіктен, көшіп-қонып жүрді емес пе? — деді Төлеген Бөлеков.

Расында, Қазақстанның жері кең байтақ, табиғи жайылымдар, бос жатқан жер баршылық. Төрт түлікті, соның ішінде ет бағытындағы малды жайып, бағып-өсіру басты көзіріміз болуы тиіс. Жайылған малдың еті дәмді болатынын күнделікті тірлікте көріп жүрміз. Кезінде егін егілген алқаптарды бүгінде алабота басып кетті. Сол жерлерге шаруашылықтар көп жылдық шөптерді егіп тастаса, мал шаруашылығы саласында сапалы мал азығын молынан дайындауға көмек болады емес пе? Қазір ауыл-аудандарда мал жайылымы жоқ, жайылым тарылды дегенді жиі еститін болдық. Күнде мал тапап өте берген соң, жайылым тарылмай қайтсін. Малды біресе бір бағытқа, келесі жолы екінші бағытқа жаюды ауылдағы әкімдіктер, ауылдың үлкендері айтып, бағыт-бағдар берсе керек-тін.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»