23.10.2019, 17:00
Қараулар: 263
Алаш рухты азамат

Алаш рухты азамат

«Дүние – үлкен  көл,  замана – соққан  жел»  дегендей, абзал  аға,  ұлағатты  ұстаз,  терең  ойлы  ғалым  болған Отарәлі  Бүркітовтің  келместің  кемесіне  мініп  кеткеніне 15  жыл  уақыт  болған  екен. «Жақсының  аты,  ғалымның хаты  өлмейтіні» өткен  апта  соңында  «Мемлекеттік тілдің ұлтаралық  қатынас  тіліне  айналу  үдерісі» деген  тақырыпта  ұйымдастырылған  республикалық   ғылыми-тәжірибелік  конференция  кезінде  де  айқын  көрінді.

ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Отарәлі Бүркітовтің туғанына 65 жыл толуына орай Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университеті ұйымдастырған бұл жиынға еліміздің біраз өңірінен ғалымдар арнайы келді.

Жиынды ашқан аталмыш ЖОО-ның профессоры, филология ғылымдарының докторы Мұрат Сабырдың айтуынша, конференцияның мақсаты – қазіргі қазақ тілінің жаһандану тұсындағы ғылыми-практикалық әлеуетін саралау, мемлекеттік тіл мәртебесін нықтау, тіл білімінің өзекті мәселелерін талқылау. Сондай-ақ жаңартылған мазмұнда білім берудегі инновациялық технологиялардың қолданылуымен танысу және бар саналы ғұмырын қазақ тілі біліміне арнаған ел ағасы Отарәлі Бүркітұлының ғылыми мұрасын талқылап, азаматтық тұлғасын жас ұрпаққа таныстыру көзделді.

– Профессор Отарәлі Бүркітовтің ғылыми-шығармашылық ізденістерінің ауқымы кең еді. Ол қазақ тілінің тарихы, грамматикасы, стилистикасы, көркем шығарма тілі, көсемсөз тілі, түркітану сияқты үлкен-үлкен салалардың қайқайсысына қатысты келелі тұжырымдар айтты. Бүгінгі лингвистикалық зерттеулер, әсіресе, стиль туралы тұжырымдар да оған соқпай өте алмайды. Стилистикалық құбылыстарды О. Бүркітовтің пікірлерін дәйек етіп барып пайымдап жүрміз. Қазіргі зерттеу тәжірибемізге байланысты ғалым мұрасынан тағы бір өрнектер тауып отырмыз. Біздің университеттің тіл білімі кафедрасы лингвофольклортану дейтін пәнаралық бағытты енгізіп, зерттеумен айналысуда. Қазір «Қазақ фольклорын тілдік-жанрлық зерттеу» тақырыбында жобалық жұмыс орындалуда. Осы жобаға Отарәлі Бүркітовтің ғылыми зерттеулерін пайдаланып жүрміз, – деді алғаш болып баяндама жасаған Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы  Жантас  Жақып.

Жиын барысында Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінен келген ғалымдар Нұрбол Сәдуақас пен Сабыржан Мұхтар, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінен келген Жұмазия Абрахманова мен Айымгүл Салықова және жергілікті ғалымдар қазақ тілі ғылымның кешегісін, бүгінгісін Отарәлі Бүркітовпен байланыстыра баяндады.

Отарәлі Бүркітұлының шәкірті, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың профессоры, филология ғылымдарының докторы Ғабит Хасанов ұстазын Алаш ойлы азаматтар қатарына жатқызатынын жеткізді. «Алаш ойлы азамат деп – еркіндікті бойына сіңірген, соны мақсат еткен, осы жолда күрескен жанды айтамыз. Мұны Отан ағамыздың бүкіл еңбектерінен аңғаруға болады, – деді Ғабит Қайыржанұлы. – Қазақта «Қызғыш құс» деген символикалық ұғым бар. Оны ағамызға да қарата айтуға болады. Ол – қазақ тілінің қызғыш құсындай болып еді, яғни қазақтың әр сөзін қызғыштай қорыған жан. «Кез келген тіл томаға тұйық, байланыссыз дами алмайды, бірақ сонда да біз әрбір сөзімізді сақтап қалуымыз керек» деген ұстазымыздың сөзінен көп нәрсені аңғаруға болады. Бізде бір ғасырға жуық уақыт орыс тілінің экспанциясы болғаны белгілі. Енді ағылшын тілінің агрессиясы басталды. Міне, осындай кезде біздер, яғни тіл сақшылары Отан ағамыздың жолын ұстанып, тілімізді, соның ішінде сөздерімізді сақтап қалуға үлесімізді қосуымыз керек».

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы БҚО филиалының оқытушысы, БҚИТУ-дың қауымдастырылған профессоры Болат Жексенғалиев Отарәлі Бүркітұлы алдыңғы толқын ағалардың үміт артқан інісі болса, ал өзі сенім артқан кейінгі толқын інілерін соңына ерткенін  жеткізді.

– Біз де сол інілерінің біріміз. Өткен ғасырдың 90-жылдары А. Пушкин атындағы пединститутта қазақ тілі кафедрасы ашылды. Сол кезде жан-жақтан жастарды жинаған Отекең еді. Ауыл мектебінде жұмыс істеп жүрген бізді де шақырып алды. Өзімізге сеніңкіремей, «қолдан келе ме, жоқ па» деп келгенде, жігерімізге жігер, қайратымызға қайрат қосты. Маған «Қазіргі қазақ тілінің фонетикасынан» дәріс оқисың деді. Сол кезде жанталасып еңбек еткенім әлі есімде.

Отекең бізге Алматы мен Оралдың арасына даңғыл жол салып берді. Маған қазақ фонетикасы деген ғажап әлемге жол ашты. Кейін Әлімхан Жүнісбек ағамызбен таныстырып, «Фонетика – тілдің тірегі» деп осы жолға түсірді. Жазушы Сәкен Жүнісов өзінің бір естелігінде «Мен қорғамасам да, Мұхтар Әуезовтің аспиранты болғанымның өзі зор мақтаныш» деп жазған екен. Менің де ғылыми атағым болмаса да, Отекең нұсқаған жолға түскеніме ризамын және Әлімхан Жүнісбек секілді фонетист ағамыздың шәкірті атанғанымды, жалпы қазақ фонетикасы ілімінің ішіне енгенімді мақтан тұтамын, – деді Болат Өтеғалиұлы.

Жиында сөз алған тоғызқұмалақ спорты бойынша облысымыздың бас жаттықтырушысы Дәулет Әбдікәрімов алдағы уақытта студенттер арасында Отарәлі Бүркітов атындағы облыстық, республикалық жарыстар өткізсек деген ұсыныс айтты. Себебі ұлағатты ұстаз болған абзал ағамыздың өзі бұл ұлттық ойынды жақсы көрген, университет студенттерінің жарыстарда жоғары нәтижеге қол жеткізуін қалап, қажет жағдайды туғызған. Дәулеттің өзіне тоғызқұмалақты дамытуға үлесіңді қос деп аманаттапты. Сол аманат орындалуда. Яғни бүгінде университет студенттері арасында тоғызқұмалақтан әлем чемпионы мен жүлдегерлері бар. Ал биылғы республикалық универсиадада БҚМУ студенттері осы спорттан бас жүлдеге ие болды.

Жиын соңында профессор Тұяқбай Рысбеков пен ардагер ұстаз Меруерт Жолдықайырова бұл конференцияға арнайы келген қонақтарға алғыстарын білдіріп, Отарәлі Бүркітұлының адамгершілік, іскерлік қасиеттеріне, ғылыми  әлеуетіне  тоқталды.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

«Орал   өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар