22.10.2019, 14:16
Қараулар: 163
Инновациялық жолақ ашылды

Инновациялық жолақ ашылды

Оралдағы Н. Назарбаев даңғылында күн сәулесінен қуат алатын 10 күн батареясы бар жаяу жүргіншілер жолағы іске қосылды.

Металл құрылым Юбилейный аялдамасының тұсындағы жаяулар өтетін жолақтың үстіне тартылған. Оның бейнекамералары мен төтенше жағдайлар туындаған жағдайда жедел қызметтерді көмекке шақыратын нүктелері бар. Жаяу жүргіншілер жолды кесіп өтерде, бағдаршамның жасыл көзі жануы үшін шақыру тетігін  басады. Сонда 10 секундтан кейін бағдаршамның қызыл көзі жанып, көліктер тоқтайды да, адамдардың жолдан өтуі үшін 30 секундқа жасыл көз жанады. Ал басқа уақытта көліктер ағыны тоқтамайды. Құрылымда орнатылған LED-нүктелі жарықтандыру жарық диодтары күннен қуат алып,  24 прожектор қараңғы уақытта аутоматты түрде іске қосылады.

Аталмыш жоба мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде жүзеге асырылған. Еліміздегі инновациялық алғашқы жолақ нысанын «ЗенитТехСервис» ЖШС жеке қаражатына орнатты. Оралда жаяулардың қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғалары азаймай отырғандығын ескерсек, жаңа бағдаршам жол қауіпсіздігін қамтамасыз  етуге  септігін  тигізбек.

Қала әкімінің орынбасары Бекжан Тоғжанов инновациялық жолақтың ашылу рәсімінде алдағы уақытта шаһардың басқа аумақтарына да осындай нысан орнатылатынын айтты. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуде белсенді азаматтық ұстанымын көрсеткен «ЗенитТехСервис» ЖШС-ның директоры Көшербай Айғожаұлына қала әкімінің алғысхатын табыс етті.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар