22.10.2019, 13:22
Қараулар: 144
«…Парадан жиған түйеден, адалдан жиған ешкі артық»

«…Парадан жиған түйеден, адалдан жиған ешкі артық»

Облыс  әкімдігінің  Нұр-Сұлтан  залында  Қазақстан  Республикасының  Сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы  іс-қимыл  агенттігінің (Сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы  қызмет) өкілі  Арман  Бердалин  мен  ҚР сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы  стратегиясының  іске  асырылуына сыртқы  талдау  және  бағалау жөніндегі  республикалық арнайы  мониторингтік  тобының  мүшесі  Ырза  Тұрсынзада  облыс  активімен  кездесті.

Жиынды жүргізген облыс әкімі Ғали Есқалиев өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тарапынан бірқатар шаралар атқарылып жатқанын атап өтті.

– Арнайы топпен елді аралап жүргендегі басты мақсатымыз – халыққа көрсетіліп  жатқан мемлекеттік қызметтің сапасына көңілі тола ма, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүргізіліп жатқан  жұмыстарға  және әр өңірде  құрылған «Адалдық алаңы» бойынша елдің қандай ұсыныс-пікірлері, біздерге жеткізер қандай ақпараттары бар екенін білу. Бұл біздің елімізді төртінші рет айналып шығуымыз. Маңғыстау жерінен бастап,  Атырауда жалғасып, Жайықты жағалап, осында келдік. Бабаларымыз «Бәйге алмайтын тұлпардан белі жуан бесті артық, парадан жиған түйеден, адалдан жиған ешкі артық» деп насихат етіп кетті. Біздің аманатымыз осы сөзді төкпей-шашпай, келер ұрпаққа жеткізу. Агенттіктің қазіргі басты мақсаты – жемқорлардың қолына кісен салу, темір торға қамау емес, ескерту жұмыстарын жүргізіп, алдын алуға көбірек көңіл бөлу. Яғни «Тәрбиенің тал бесіктен басталатынын» негізге ала отыра еліміздегі мектептер мен оқу орындарында осы жұмыстар қарқынды жүруде. Мектептерде «Адал ұрпақ», ЖОО-да «Саналы ұрпақ» деп аталатын ашық алаңдар құрылуда. Оларда «Ұрлықтың түбі – қорлық» болатыны, «Адалдық – ардың ісі» екенін барынша жеткізуге тырысудамыз. Ел арасында «Бесіктен белі шықпай жатып, балаларға жемқорлық жайлы айтудың қажеті қанша?» деген сауал да кездеседі. Бұған біздің берер жауабымыз: «Баланың санасына қазірден сіңіріп бастамасақ, парталасының қаламын қалтасына салған бала ертең қазынаның қаржысына да қымсынбай қол сұғады».  Сондықтан да мемлекеттік қызметшілер немесе ел үшін елеңдеген азаматтар ретінде  емес, ұрпақ тәрбиелеп отырған  ата-ана ретінде осы ауқымды жұмыстарға тізе қосып, бас біріктіріп, белді буып, білекті түріп араласуды сұраймыз. Жемқорлық – бір адам күрессе, білегі талатын өте қауіпті қарсылас. Сондықтан да жұрт болып ұмтылмасақ, көп болып бірікпесек, оның жеңілер күні алыста. Ел болып үн қосу керек, – деді Арман Бердалин.

Ол дамыған мемлекеттерде жемқорлық, пара деген сөздер санадан өшіріліп, парасаттылық, әділдік көбірек насихатталатынын атап өтті. Енді озық 30 елдің қатарына қосылуды мақсат еткен біздің елде парасаттылықты көбірек насихаттау керек. Бүгінде  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде парасаттылық департаменті  құрылғанын да атап өтті. «Арқада жүрген біз үшін батыс – қол бастайтын көсемдер, сөз бастайтын шешендер шыққан қасиетті өлке. Ендеше, ұлылар шыққан жерден ұрылар шықпау керек», – деп түйді сөзін Арман Бердалин.

Ал Ырза Тұрсынзада өз сөзінде әлем жұрты сыбайлас жемқорлықпен күресу жолында барлық  амал-тәсілді қолданғанын атап өтті. Жемқорларды түрмеге де отырғызды, жұмыстан да қуды, айыппұлды да өсірді. Қытай елінде ату жазасы бар.

– Бірақ бұл дертке қарсы тұратын күш әлі табылмады. Біз текті халықтың ұрпағымыз. Ең алдымен, ұлтты ояту үшін тарихты ояту керек шығар. Қазір қайда қарасақ та бір-бірін қанап, түтіп жатқан қазақ. Бір-бірінен өш алып жатыр. Қазіргі жастың көрері болмаса, ертең оның айтары болмайды. Құнанбай да бай болған, бірақ кейін оның байлығы есепке алынған жоқ, тек ұлы Абай айтылды. Мұхтар Әуезов өз заманының «балқаймағы», ауқатты  болды. Бірақ ол емес, «Абай жолы» айтылып жатыр. Біздің артымыздан ұрпағымызға не қалады? Үкімет бүгінде мемқызметшілерге барлық жағдайды жасап отыр.  Енді олар халыққа қызмет ету керек. «Тоқтық тоздырады». Осындай берекенің үстінде жүріп, бір-бірімізді бопсалап, қанап жатырмыз. Ең бастысы, жүректегі иман кетпеу керек, – деді Ырза Тұрсынзада.

Бұл жиын, әсіресе, сыбайлас жемқорлықпен күресудегі бүгінгі тәсіл – қоғамдық сананы қалыптастыру, жаңғырту екенін анық көрсетті. «Арым – жанымның садағасы» деген сөздің мән-маңызы артуы қажет. Актив отырысына қатысқандар  ұсыныс-пікірлер айтса, еңбек ардагерлері тұшымды ойларын  ортаға  салды.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар