22.10.2019, 13:03
Қараулар: 171
Ескертпелер ескерусіз қалмайды

Ескертпелер ескерусіз қалмайды

Кеше облыс әкімі Ғали Есқалиев облысымыздағы спорт саласының ардагерлерімен, спорт шеберлері және мүмкіндігі шектеулі спортшылармен, сондай-ақ бапкерлер және балалары спорт саласында жетістікке жетіп жүрген ата-аналармен жүздесті.

– ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдердің алдына қоғаммен сындарлы диалог құру туралы тапсырма берген болатын. Осы тапсырманы орындау мақсатында әр сала бойынша сала ардагерлері және мамандармен басқосулар ұйымдастыруды қолға алдық. Бүгінгі емін-еркін пікір алмасуды спорт саласына арнаймыз. Өңірімізде спорт саласына жыл сайын 4 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінеді. Тұрғындар тарапынан маған осы салаға бөлінетін бюджетке қатысты сұрақ көп қойылады. Біз өз тарапымыздан мемлекет қаржысының жұмсалуында ашықтықты қолдаймыз, оған қатысты ақпарат беруге қашанда дайынбыз. Кездесу барысында кәсіби және әуесқой спорт түрлеріне қаншалықты көңіл, қандай мөлшерде қаражат бөлініп жатқандығын, қай спорт түрі қамқорлыққа мұқтаж, қайсысына қосымша қолдау қажеттігін талқылайық. Дөңгелек үстел басында айтылған ескертпелер ескерусіз қалмайды, олардың нәтижелері туралы тоқсан сайын есеп беретін боламыз, –  деді  Ғали  Есқалиев.

БҚО әкімінің орынбасары Аманжол Алпысбаев облыс орталығындағы 13 спорт мекемесі негізінде бюджет қаражатына жасалған талдауды таныстырды. Оның мәлімдеуінше, еңбекақы төлеудің жалпы қоры 965 млн. теңге болса, оның көп бөлігі, яғни 169 млн. теңге спорттық ұйымдардың әкімшілік-басқару саласының қызметкерлеріне жұмсалады екен. Осы мәселеге қатысты өңір басшысы Ғали Есқалиев бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында алдағы уақытта спорттық нысандардың барлық шаруашылық жұмысын орталықтандыруды ұсынды. Яғни спорт саласындағы барлық нысанға бір мекеме қызмет көрсетіп, соның нәтижесінде 50% қаражат үнемделеді деп күтілуде. Оған қоса жаттықтырушылар шаруашылыққа қатысты артық жұмыстан құтылып, шәкірт тәрбиелеумен алаңсыз айналысатын болады. Салаға қатысты түйткілді мәселелерді топтастырып, алдағы жұмыстарды жоспарлап, бағыттау мақсатында облыс әкімі арнайы жұмыс тобын құруды спорт саласының ардагері Валентин Каракушиевке, жұмыс тобын қадағалауды орынбасары Аманжол  Алпысбаевқа  тапсырды.

Жиын барысында Валентин Каракушиев аудандық деңгейде спорт мәселесімен жергілікті әкімдіктің жетекші маманы айналысатындығына, спортшыларға арналған арнайы емхана мен оңалту орталығының жоқтығына қынжылыс білдіріп, жас мамандардың тұрақтауы үшін бапкер-лердің жалақысын көтеру көкейкесті мәселе екендігін алға тартты. Ғали Нәжімеденұлы бюджет нақты талқыланғаннан кейін спорт саласы қызметкерлерінің еңбекақысын арттыруға, мүдделі кәсіпкерлер құлшыныс білдіріп жатса, оңалту орталығының құрылысын мемлекеттік-жеке меншік серіктестік аясында жүзеге асыруға дайын екендігін  жеткізді.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының директоры, пауэрлифтингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Азон Шаймардановтың айтуынша, ол басқаратын клубтың жұмыс жасай бастағанына үш жыл болған. Ашылған жылы 85 спортшыны қабылдаған клуб мүшелерінің қатары жыл санап артуда. 2017 жылы 147, 2018 жылы 165, ал биылғы жылы 205 спортшы тұрақты жаттығумен айналысып келеді. Аз ғана уақыт ішінде спорттық клуб ұжымы 62 алтын, 45 күміс және 71 қола медаль иеленіп үлгерген. Осы мекеменің 33 спортшысы ҚР құрамасының қатарында. Бұған қоса халықаралық деңгейдегі 10 спорт шебері, 9 ҚР спорт шебері және 18 спорт шеберлігіне үміткер даярланған. Клуб директоры мүмкіндігі шектеулі спортшылар халықаралық деңгейдегі жарыстарға кедергісіз қатысуы үшін облыс орталығынан арнайы классификациялау орталығын ашуды ұсынды. Айтуынша, аталмыш орталықтағы дәрігерлер шетелден арнайы білім алуы, ағылшын тілін мінсіз меңгеруі және халықаралық стандарттарға сай біліктілікке, құрал-жабдықтарға ие болуы тиіс. Қазақстан бойынша мұндай классификациялау орталығының болмауы салдарынан көп жыл тер төгіп дайындалған спортшылар халықаралық деңгейдегі жарыс-тарға өте алмай, салы суға кетіп оралуда екен.

Ұлы баскетболмен айналысатын ата-ана ретінде жиынға қатысқан Махамбет Сұлтанғалиев аталған спорт түрімен айналысуға арналған заманауи спорттық кешен салуға ынталы инвестор бар екендігін айтып, жергілікті әкімдік тарапынан жер бөлуге көмек сұрады. Ал баскетболдан аға жаттықтырушы Досым Қуанаев студенттер лигасын өткізетін зал бөлуге, сонымен қатар қаламыздың 9-шағынауданынан, Стелла аумағынан және қалалық мәдениет және демалыс саябағы ауданынан стритбол ойнауға арналған арнайы алаңқайлар жасақтауға ықпал етуді өтінді. Екі мәселе бойынша да облыс әкімі ұсыныс берушілерді арнайы қабылдауына шақырып, алдағы уақытта құрылатын арнайы жұмыс тобының құрамына студенттерді енгізіп, олардың жастар лигасы бойынша белсенді жұмыстануын қадағалауды тапсырды. Қызы волейболмен айналысатын Айгүл Уәлиева аталған спорт түрінен қыздар құрамасының республикалық жарыстарға баруына қаражат бөлінбейтіндігін, су добымен айналысатын спортшы қыздың анасы Бақытгүл Қуандықова ҚР чемпионатынан алтын жүлдемен келген команданы шетелге шығару мәселесін, қызы үлкен тенниспен айналысатын Гүлбану Баекесова спорттың осы түрі бойынша білікті бапкер жоқтың қасы екендігін, теннис орталығы ашылғалы 5-6 жаттықтырушы ауысып үлгергендігін алға тартты. Самбодан жастар арасындағы аға бапкер Бірлес Есенғалиев мемлекет тарапынан қолдау зор, жуырда ғана әлем чемпионы атанған Ерасыл Бақытқа 100 мың теңге көлемінде ай сайынғы мемлекеттік стипендия тағайындалғандығы соның айғағы екендігін айтып өтті. Дзюдодан спорт шебері, 2019 жылғы ҚР спартакиадасының чемпионы Тоқтар Үмітәлиев те мемлекет тарапынан арнайы стипендия алып отырған мақтаулы жастар қатарында екен. Осы ретте өңір басшысы Ғали Есқалиев мемлекет тарапынан тағайындалатын стипендиядан бөлек, әлемдік деңгейдегі байрақты бәсекеде жоғары жетістікке жеткен батысқазақстандықтарға жергілікті бюджет тарапынан да бір реттік арнайы сыйақы қарастыруды ұсынды. Алдағы уақытта аталған мәселенің заңды тетіктері, жүзеге асырылу жолдары қарастырылатын болады. Облыс әкімі жеңіспен оралған спортшыларды ынталандыру, арнайы сыйлық тағайындауды жергілікті кәсіпкерлер мен меценаттардың мойнына арту дұрыс  еместігін  жеткізді.

Мүгедектер арасындағы шаңғы жарысынан ҚР Ұлттық құрамасының мүшесі Бауыржан Өмірәлиев мүмкіндігі шектеулі шаңғышылар үшін арнайы жабдықтармен қамтылған спорт орталығын және жазғы мезгілде жаттығуға арналған трасса, су добы бойынша аға жаттықтырушы Нұрлан Мерғалиев халықаралық деңгейдегі жарыстар ұйымдастыру үшін әлемдік стандарттарға сай бассейн салу қажеттігін айтты. Айтуынша, 6-шағынауданда орналасқан бассейн қала тұрғындарынан босамайды, спортшыларға көп уақыт бұйырмайды, оған қоса тереңдігі де талапқа сай емес.

Спорт ардагері Виктор Каблов аяқдоппен кәсіби тұрғыда айналысуға ынта білдірген 700-ден астам баланың арасынан таңдап алынған 40 спортшының қыста жаттығумен айналысатын орны жоқ екен. Ал шорт-тректен аға жаттықтырушы Максим Лозовой мұз спорт сарайында таңнан қара кешке дейін үздіксіз жалғасатын жаттығу жұмыстарына қолғабыс ету үшін мұз үстінде қызмет көрсететін қосымша машина керек десе, ауыр атлетикадан спорт шебері, 2019 жылғы ҚР чемпионатының жеңімпазы Рустам Орашов қаражаты болмауына байланысты кейбір жаттығуларға бара алмай жүрген қатарластарына қаржылай қолдау көрсетуді сұрады.

Өңір басшысы Ғали Есқалиев барлық сын-ескертпе сараланып, маңызға ие дегендері жүйелі түрде жүзеге асырылатындығын мәлімдеді.

Аяужан КЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар