22.10.2019, 12:42
Қараулар: 292
Мобильді қосымшасы бар аудан

Мобильді қосымшасы бар аудан

Елдің шетіндегі, жел өтіндегі Жәнібек ауданында ірі қара малының саны өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 101,4%-ға өсіп, 46 553 басты құраған. Алайда уақ жандық 20,1%-ға, түйе 26,9%-ға кемігені тіркелген. Ал төрт түліктің төресі – жылқының өсімі  100%-ды құрады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында аудан әкімі Азамат Сафималиев баян етті.

Аудан басшысының айтуынша, күнелтісін малмен  айырып отырған ауылдарда қой бағатын шопан тапшы. Оның үстіне қой етіне, терісі мен жүніне нарықта сұраныс төмен.  Түйе басының кемуіне «Әлем» ШҚ-ның 29 «дала кемесін» Атырау облысына сатуы себеп болған. Жәнібектіктер үй құстарын өсіруге ден қоюда, қазір құс саны 23 282-ге жетіп, өткен жылғы көрсеткіштен 100,6%-ға өсіпті. Аудан бойынша 365 шаруа қожалығы, екі ЖШС және төрт АШӨК тіркелген. Соның ішінде, 170 шаруа қожалығы және үш ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі алдағы уақытта жалпы көлемі 288 млн. 557 мың теңге субсидия алмақ. Сонымен қатар  жыл басынан 111 шаруа қожалығы 349 асыл тұқымды бұқа, жеті шаруа қожалығы 150 асыл тұқымды қошқар сатып алған.

– Биыл экспортқа 130 тонна ірі қара етін, 45 тонна қой етін шығару жоспарланды. Бүгінде Армения республикасына мың тоннаға жуық ірі қара еті шығарылып, жоспар 768%-ға орындалды. Қой етінің 79,76 тоннасы Ресей Федерациясына экспортталды. Жоспардың орындалуы – 177%.  Ауылдық округтерде 214,10 мың гектар жерден шөп шабылып, өнімділігі гектары 4,9 центнерді құрады және 104,91 мың тонна мал азығы жиналды, – деді Азамат Сафималиев.

Ауданда инвестициялық салымдарды субсидиялау жұмыстары жақсы жолға қойылған. Жыл басынан бері 27 шаруа қожалығы 72 млн. 900 мың теңгеге 27 күн батареясын орнатып, 58 млн. 320 мың теңге субсидия алған. Сондай-ақ 29 шаруа қожалығы  62 млн. теңгеге 31 құдық соқтырып, 49 млн. 600 мың теңге көлемінде субсидияға қол жеткізген. 48 шаруа қожалығы 28 млн. 800 мың теңгеге 48 тұрақты ток тарту агрегатын (генератор) сатып алып іске қосқан. Оларға 28 млн. 800 мың теңге көлемінде субсидия берілген.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауданда «СмартЖәнібек» мобильді қосымшасы іске қосылған. Бұл қосымшада түрлі хабарландырулар жарияланады. Сонымен қатар оның көмегімен түрлі төлемді өтеуге болады. Қосымшада аудандағы қызмет көрсететін кәсіпкерлік нысандар, білім, мәдениет, денсаулық сақтау мекемелері туралы мәліметтер бар.  Бірқатар шаруа қожалығы қыстақтарда күн панельдерін орнату жұмыстарын бастаған. «Номад-Ел» шаруа қожалығы малға чип орнату жұмыстарын жүргізген.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында халықты цифрлық сауаттылыққа оқыту курсы бойынша аудандық жоспар бекітіліп, биылғы маусым мен тамыз айлары аралығында аудандық білім беру ұйымдарында оқыту курстары өткен. Осындай оқуларға 540 (2018 жылы  275 адам) адам қатысып, цифрлық сауаттылығын жетілдірген.

Гүлбаршын  ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар