21.10.2019, 21:59
Қараулар: 191
Алғашқы «Ашық есік»

Алғашқы «Ашық есік»

«Nur Otan»  партиясы  облыстық филиалының  ғимаратында  сот  құрылымдарының  төрағалары  тұңғыш  рет «Ашық  есік»  күнін  өткізді.

Шара барысында  2019 жылдың 9 айында сот төрелігін жүзеге асыру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар  туралы тұрғындарға  ақпарат берілді. «Ашық есік» күніне облыстық соттың төрағасы Бек Әметов, қалалық соттың төрағалары мен судьялары, соттар әкімшісінің басшылығы мен бөлім басшылары келді.

– Сот саласында жүргізіліп жатқан реформалар нәтижесін беруде. Судьялардың жүктемесін азайтуға бағытталған заңнамалық актілер қабылданды. Халыққа құқықтық көмек көрсету, құқықтық мәдениетті арттыру, азаматтардың сот жүйесіне деген сенімінің деңгейін көтеру, сонымен қатар  сот төрелігіне қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында «Ашық есік» күнін өткізіп отырмыз. Орал қаласындағы төрт сот төрағасы тұрғындардың сауалына жауап бе реді. Азаматтық қоғам өкілдері белсенді болса, «Тыңдаушы мемлекет» тұжырымдамасы аясында қоғамдық қабылдау өткізуге даярмыз. Судьялардың халықпен жүздесуі азаматтарға дәйекті жауап алуға, әділ сот төрелігіне деген сенімді арттыруға мүмкіндік береді, – деді шараны ашқан облыстық соттың төрағасы Б. Әметов.

Сот төрелігін жүзеге асыру бойынша қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істердің нәтижелері туралы Орал қалалық соты төрағасының міндетін атқарушы Варвара Дмитриенко, №2 қалалық соттың төрағасы А. Боранбаев,  Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы М. Сисенғали және мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы М. Сматов сот төрелігін жүзеге асырудың нәтижелері мен көрсеткіштеріне назар аудара отырып, статистикалық мәліметтерді келтірді. Сонымен қатар  олар сот ісін жүргізудегі әуре-сарсаңға жол бермеуге, істерді жедел қарауға, жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен мүдделерін заң аясында сот арқылы қорғау аясын кеңейтуге бағытталған жұмысты одан әрі жетілдіру бойынша ұйымдастыру шаралары қабылданғанын атап өтті.

«Ашық есік» күнінде тұрғындар қойған сұрақтардың дені азаматтық-құқықтық реттеу мәселелері, алимент төлеу, еңбек заңнамасының бұзылуы жайында болды. Кейбірі сот актілерімен келіспейтінін де ашық  айтты. Оларға іс жүргізу тәртібі туралы заң нормалары түсіндірілді. Қойылған сұрақтарға алқа төрағалары жауап берді.

Нұртай   АЛТАЙҰЛЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар