21.10.2019, 21:57
Қараулар: 172
«Мемқызметкерлердің кірісі жоғары болса, жемқорлық едәуір азаяды»

«Мемқызметкерлердің кірісі жоғары болса, жемқорлық едәуір азаяды»

Өткен  жұмада  облыс  әкімдігінің  Нұр-Сұлтан  залында  өңір  басшысы  Ғали  Есқалиев  пен  «Жаңару»  республикалық  қоғамдық  бірлестігінің төрағасы  Оралбай  Әбдікәрімовтің  қатысуымен  «Қазіргі  кезеңдегі  сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы  іс-қимылдың  өзекті  мәселелері:  мемлекет  пен  қоғамның  өзара  әрекеті»  тақырыбында  дөңгелек  үстел өтті.  Мемлекеттік  құрылым,  саяси  партия,  үкіметтік  емес ұйым,  бизнес  қауымдастық,  БАҚ  өкілдерінің  қатысуымен  өткен  басқосуда  сыбайлас  жемқорлыққа қарсы  мәдениетті  қалыптастыру  аспектілері,  еліміздегі жемқорлықпен  күрестің  құқықтық  негіздері   талқыланды.  Жиынға  қатысушылардың  ұсыныс-пікірлері  бойынша  тиісті  ұсыныстар  қабылданды.

Басқосуды ашқан облыс әкімі Ғали Есқалиев ҚР Президенті Қасым-Жомарт  Кемелұлы Тоқаевтың өз сөзінде сыбайлас жемқорлықты жою және жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігін тапсырғанын айта келе, өңірдегі қоғам дертімен күрес бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

– Жыл басынан облыс бойынша 116 сыбайлас жемқорлыққа құқықбұзушылық тіркеліп, оның 39-ы жергілікті атқарушы құрылым қызметкерлерінің қатысуымен болған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 41%-ға төмен, дегенмен бұны жақсы көрсеткіш деп санауға болмайды. Осы бағытта әлі де ауқымды жұмыстар жүргізу қажет. Облысымызда сыбайлас жемқорлықты болдырмау және мемлекеттік қызметтің жоғары мәдениетін қалыптастыру бағытында бірқатар жұмыс атқарылуда.

Мысалға, өңірімізде қолға алынған «Ашық әкімдік» жобасы азаматтарға сапалы мемлекеттік қызмет көрсететін алаңға айналып, тұрғындар мен мемлекеттік қызметшілер арасын едәуір жақындатқаны сөзсіз. Бүгінде «Ашық әкімдік» Орал қаласының әкімдігі ғимаратында, Ақжайық, Бөрлі және Бәйтерек аудандарында жұмыс істейді. Сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық фактілері көбінесе жер, сәулет және қала құрылысы, білім беру мен медицина салаларында орын алып отыр. Аталған кемшіліктерді жою мақсатында осы салалар бойынша бірқатар қызметтер аутоматтандырылды.

Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатын, табысты және өмір сүру сапасын арттыру» атты Жолдауына сәйкес, биыл мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа ауыстыруды 80%-ға жеткізу міндеті қойылды. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы құрылымдармен 193 мемлекеттік қызмет түрі көрсетілсе, оның 128-і электронды түрде беріледі (76%). Бұл көрсеткішті жыл соңына де-йін 80%-ға жеткізу көзделуде, – деді облыс әкімі. Одан әрі қарай облыс басшысы алға қойылған міндеттерді іске асыруда тек мемлекеттік, квазимемлекеттік ұйымдар емес, сонымен қатар азаматтық қоғам институттары атсалысу қажеттігін алға тартты. Облыста «Болашаққа парасыз. Бірге!» жобасы қарқынды жүзеге асырылып, «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мен «Адал ұрпақ» клубы құрылған.

Биылғы 9 айдың ішінде «Ақжайық – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінде әр түрлі ұйым өкілдерімен 125 кездесу, 35 нұсқама, БАҚ өкілдерінің қатысуымен 500-ден  астам түсіндіру жұмысы жүргізілген.

Өңірде бос жер телімдерін сату электронды әдіспен «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында жасалған Zem.kz порталы арқылы өткізіледі. Әрбір азамат немесе заңды тұлға, электронды түрде сайтқа тіркеліп, аукционға қатыса алады. Адам факторының болмауы, яғни бұл әдіс сыбайлас жемқорлықтың алдын алады, пара берушілікті болдырмайды.

Жыл басынан бері 94 гектарды құрайтын 180 кәсіпкерлік мақсаттағы жер учаскесіне жалдау құқығын сату бойынша электронды 32 аукцион өткен. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғаспақ.

О. Әбдікәрімовтің айтуынша, сыбайлас жемқорлық қоғамымызда бүгін пайда болған жоқ, ол  – бұрыннан келе жатқан қоғамдық кесел. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін ТМД елдері ішінде бірінші болып қоғам дертімен күресу жөнінде заң қабылданды.

«Мұның өзі дамушы елдердің басынан өткеретін кезеңі болса керек. Жемқорлықпен күрес бағытында бағдарламалар қабылданды, бірқатар жұмыс істелінді. Әйтсе де, барлығы бірдей іске асып жатыр деуге болмайды», – деді  Оралбай  Әбдікәрімұлы.

Елбасының ұйытқы болуымен 2025 жылға дейінгі жемқорлыққа қарсы стратегиясы қабылданды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауда атап өткендей, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүйелі болуы тиіс. Ол  үшін мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының конструктивті әріптестігін нығайтқан жөн деп атап көрсетілді. Осыған орай Мемлекет басшысы қоғамда жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруға бағытталған нақты тапсырмалар берді. «Президент жемқорлықтың тамырын балта шаппаса,  ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің болашағына нұқсан келтіретінін айтты. Жыл сайын елімізде 2000-нан астам сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркеледі және жауапкершілікке бір мыңның үстінде адам тартылады. Жемқорлардың араны ашылып барады», – деген төраға мемлекет пен қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын ширатуға шақырды. Сонымен қатар мемқызметшілер арасында құқықтық нигилизмі жою, әлеуметтік тапсырыстар және қоғамдық ұйымдардың гранттық қаржыландыруы арқылы жемқорлыққа қарсы ағарту, насихаттау жұмыстарын күшейтуді ұсынды.

Дөңгелек үстел басында жемқорлыққа қарсы күрес жайында Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитеті төрағасының кеңесшісі Қанат Қадырбеков, Сыбайлас жемқорлыққа қар-сы іс-қимыл  ұлттық бюросының БҚО бойынша департаменті басшысы Рустам Ақмырзаев, облыстық кәсіпкерлер палатасының бөлім меңгерушісі Мағрипа Нигишева және өзгелері өз ұсыныстарымен  бөлісті.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ғали Есқалиев  бірнеше ұсынысын білдірді. «Жемқорлық деңгейін азайту үшін мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын бірнеше есе көтеру қажет. Бұған мемлекеттің мүмкіндігі бар, мемлекет қаражаты кейбір тиімсіз шараларға жұмсалуда. Екіншіден, мемлекетке тән емес функцияларды бәсекелестік ортаға, өзінөзі реттеп отыратын ұйымдарға беру керек. Сөйтіп экономикадағы мемлекеттің үлесін азайтуымыз қажет. Бұған кейбір заңдар, заңдық актілер мүмкіндік бермейді. Келесі жылы колледждер мен мектептерді жеке бизнеске басқаруға бергіміз келеді. Қазір дайындық жұмыстары басталды.

Мемлекетке тән емес функцияларды жекеге беріп, қалған функцияларды тиімді орындауы үшін мемлекеттік қызметкерлердің кірісі жоғары болуы керек. Сонда қоғамдағы сыбайлас жемқорлықты едәуір азайтамыз деген сенімдемін», – деді Ғали Есқалиев.

Одан кейін облыс әкімдігінде Оралбай Әбдікәрімовтің қатысуымен брифинг өтті. Журналистер  өз сұрақтарын қойып, тұшымды  жауаптарын  алды.

Гүлбаршын   ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар