21.10.2019, 21:50
Қараулар: 206
Самбодан жастар арасынан Әлем чемпионы Ерасыл БАҚЫТ: «Ендігі мақсат – ересектер арасынан Әлем чемпионы атану!»

Самбодан жастар арасынан Әлем чемпионы Ерасыл БАҚЫТ: «Ендігі мақсат – ересектер арасынан Әлем чемпионы атану!»

Ерасыл  Шерниязұлы  БАҚЫТ

– 2016  жылғы  БҚО  чемпионы;

– 2017 және  2018  жылдардағы  самбодан жастар  және  жөсөспірімдер арасында Қазақстан Республикасы чемпионатының  күміс  жүлдегері;

– Самбодан  жасөспірімдер арасында 2017 жылғы Әлем  және  Азия  чемпионатының  күміс жүлдегері;

– Самбодан  Асқар Шайхиевті  еске алуға  арналған  халықаралық турнирдің бірнеше дүркін  (2016, 2017, 2018, 2019 жылдары)  жеңімпазы;

– Халықаралық, республикалық жарыстардың жеңімпаз-жүлдегері.

– Ерасыл, жастар арасынан Әлем чемпионы атануыңмен құттықтаймыз!

– Рақмет! Бұл дүбірлі дода мен үшін маңызды жарыстардың бірі болды. Өзбекстанның астанасы Ташкент шаһарында самбодан жастар және жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Әлемнің елуден астам елінен палуандар қатысып, жүлделерді сарапқа салды. Мұндай беделді бәсекеге кез келген адам  қатыса  алмайтыны айдан анық. Алдымен арнайы жолдама алып, іріктеу кезеңінен өту керек. ҚР чемпионатын ұтсаңыз ғана әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік аласыз. Биыл Алматы қаласында өткен ел біріншілігінде жеңімпаз атанып жолдама алған болатынмын.

– Көпшілік әлеуметтік желі арқылы финалдық белдесудің соңғы сәттерін ғана көре алды. Оған дейін неше кездесу өткіздің?

– Финалға дейін екі белдесу өткіздім. Алдымен украиндық, содан кейін Түркіменстан палуанымен кездесіп, таза жеңдім. Ақтық айқаста тәжік палуанының қапысын тауып ұтып, жеңіске жеттім.

– Туған жеріңді, өскен ортаңды, білім алған мектебіңді айтып берсең?

– Әр азаматтың туған жері – Мысыр шаһары, әлемнің жеті кереметінен де жоғары тұрады. Ақындар мен батырлардың, күйшілер мен дүлдүлдердің табанының ізі қалған тектілердің топырағы маған да мұқалмас қайрат берді, әкемнің өсиеті әл-қуат сыйлады, анамның ақ сүті қаныма қасиет қондырды.

Үйдің тұңғышымын. Жаңақала ауданындағы Жаңақазан ауылына қарасты Жуалыой елді мекенінде 1999 жылы  13 қаңтарда дүниеге келдім. Сол ауылда Х. Нұрымғалиев атындағы негізгі мектептің табалдырығын аттап, 5-сыныпқа дейін білім алдым. Әкем Шернияз осы мектепте директор болып қызмет атқарды. 2009 жылы дала өрті оқиғасынан мерт болды. Кейін отбасылық жағдайға  байланысты 2010 жылы аудан орталығына көшіп бардық.  Жаңақала орта мектебінде 5-сыныптан 9-сыныпқа дейін оқыдым.

– Спортқа деген сүйіспеншілік қалай оянды?

– Бала кезде адамда арман көп болады ғой. Ақын болсам деп те армандадым. Бірақ спортқа деген құлшынысым басымдау болды. Содан 7-сыныптан бастап күрес үйірмесіне барып жүрдім. Ол кезде ауылда Ернар Ғұбайдуллин деген ағамыз жаттықтырып, дзюдо күресінің әліппесін үйретті. Аракідік Есмағұлов Марат ағадан да ақыл-кеңес, тәлім-тәрбие алып, күрестің қыр-сырын меңгердім.

– Ерболат бауырым, әдебиетке жақын екеніңді білеміз. Қазір  өлең  жазасың  ба?

– Иә, оқушы кезімде түрлі тақырыптарда өлең жазғаным рас. Алайда қазір өлеңнен алыстап кеттім. Біржолата күреске бет бұрғасын шығар, мүмкін.

– Бапкерің  жөнінде  не  айтасың?

– 9-сынып бітіріп ауылдан қалаға келген кезімнен бері Бірлес Есенғалиевтің қол астында жаттығамын. Бапкерім осал адам емес. Айта кетсем, самбодан жастар арасындағы әлем чемпионы, ересектер арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Бірлес ұстазымның спорттан бөлек адамдығы, азаматтығы бір төбе. Былайша айтқанда, қалаға келгелі екінші әкемдей болып кеткен жан. Қашанда қамқорлап, қолұшын созып, моральдық-материалдық жағынан көмектесіп, мені туған бауырындай көретін Бірлес Идятұлына айтар алғысым шексіз. Сонымен қатар жеке бапкерімнен басқа Райбек Меңдіғалиев, Нұфтолла Түменов, Талғат Балмағанбетов секілді жаттықтырушыларға алғыс білдіремін. Мұнан бөлек жарысқа барарда қаражат жағын шешіп, демеушілік жасап жүрген кәсіпкер Саламат Сертеков, Бейбіт секілді ағаларымыздың кәсібіне береке берсін деп тілеймін!

– Спортшыларды қолдауға байланысты атқарылып жатқан жұмыстарға көңілің тола ма?

– Иә, әрине, біздердей жастарға қолдау баршылық. Мәселен, ҚР чемпионаттарын ұтқаннан кейін шәкіртақы тағайындады. Соның өзі аш құрсақ студентке үлкен көмек.

– 52 келі салмақта чемпион атандың. Алдағы уақытта салмақ ауыстыратын ойың бар ма?

– Самбо федерациясы биыл өзінің жаңа ережесін қабылдады. Самбо олимпиадалық спорт түрлеріне кірсе, салмақтар өзгеретін болады. Онда жеңіл салмақ 52 келі емес, 58 келіден басталады. Өзгерген жағдайда 58 келіде бақ сынайтын боламын.

– Жас болсаң да спорттың біраз белестерін бағындырып үлгердің. Алдағы уақытта қандай жоспарың бар?

– Ендігі мақсат – ересектер арасында да топ жарып, самбодан әлем чемпионы атану!

– Арманыңа  жет,  бауырым!

P.S. Ерасылдың асқар таудай әкесі, марқұм Шернияз Бақытов ағамыздың есімі ел жадында. Ол – ел үшін аянбай еңбек етіп, жер үшін жанын берген азамат. Азаматтығын, еңбекқорлығы мен білімділігін, халыққа қамқор болғанын жаңақазандықтар жатқа айтады. Шернияз аға Жуалыой ауылындағы Х. Нұрымғалиев атындағы мектепте мұғалім, директордың оқу ісі жөніндегі меңгерушісі, директор болып қызмет атқарған. Әрі ақын, әрі ұлағатты ұстаз Шернияз ағамыздың өмір жолы жас ұрпаққа өнеге. 2009 жылы ауыл маңына жақындап қалған өртке тосқауыл боламын деп жүріп қаза болған азаматтың жұбайы Балғаным Алмурзина бүгінде аудан орталығында тұрады. Ағай кеткелі төрт баланы өсіріп, жетілдіру де Балғаным апайға оңайға соқпағаны кәміл. Әрі айлығы да мардымсыз. Ерасылдың анасы Жаңақала мектеп-гимназиясында қызмет жасайды. Кейде Ерасыл да ақылы орындарда көлік жуып, анасы мен бауырларына көмектесіп тұрады. Бізді алаңдататыны – осы жайт. «Тектіден текті туады, тектінің жолын қуады» демекші, тектінің ұрпағына, елдің мақтанышына алдағы жарыстарға алаңсыз жаттығу үшін жүйелі түрде жағдай жасалуы шарт. Бұл мәселеге облыстық спорт басқармасы, аудан әкімдігі назар аударып, Ерасылдың жағдайын жіті қадағаласа дейміз.

Қазіргі кезде Ерасыл Бақыт М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың II курсында спорт және дене шынықтыру мамандығы бойынша білім алып жүр. Аталмыш университеттің жатақханасында тұрады.

Еліміздің мерейін үстем қылған Ерасылға ел-жұрты, ауданы мен ауыл-аймағы лайықты құрмет көрсетсе дейміз. Мәселен, көрші Жалпақталда бір бала чемпион болса, жергілікті кәсіпкерлер жиналып қаладан үй алып береді немесе бүкіл жағдайын жасап бағады. Біздің Жаңақала да ауқатты аудан ғой. Демек, енді кәсіпкер жерлестеріміз бірігіп, Ерасылға Орал қаласынан ең болмаса, бір бөлмелі болса да баспана алуға жағдай жасаса, ел айта жүретіндей жақсылық жүзеге асқан болар еді.

Су  жаңа  әлем  чемпионымен  сұхбаттасқан  Алтынбек  ЕРМЕКҚАЛИЕВ,

Жаңақала  ауданы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар