21.10.2019, 21:49
Қараулар: 164
Жылу желілерін жаңғыртуға 35 млн. теңге жұмсалды

Жылу желілерін жаңғыртуға 35 млн. теңге жұмсалды

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің БҚО  бойынша  департаменті БАҚ өкілдеріне «Жайықжылуқуат» АҚ-ның инвестициялық бағдарламаларды орындауы бойынша пресс-тур ұйымдастырды.

Департаменттің бөлім басшысы Оралбек Құлмурзиннің айтуынша,  аталмыш кәсіпорынға бес жылдық мерзімге бекітілген инвестициялық бағдарламаның жалпы мөлшері 1 404,9 млн. теңгені құрайды. Шара барысында биылғы инвестициялық бағдарламаның орындалуы жөнінде «Жайықжылуқуат» АҚ-ның өндірістік-техникалық бөлімінің басшысы Болат Батаев баян етті. Оның сөзінше, кәсіпорын биыл 94,940 млн. теңгеге «2016-2020 жылдарға арналған Орал қаласын жылумен жабдықтау жүйесін, ЖЭО, суалғы және қазандық жабдықтарын қайта құру және жаңғырту» инвестициялық бағдарламасын бекіткен. Бүгінде нақты орындалған іс-шараларға 43,418 млн. теңге жұмсалған болса, оның 35,126 млн. теңгесі жылу желілеріне бағытталған.

БАҚ өкілдері алдымен іргетасы 1983 жылы қаланған №20 жылу алмастырғыш пунктімен танысты.

Мұнда инвестбағдарлама шеңберінде ыстық су жүйесінің пластиналық жылу алмастырғыштары сатып алынған. Ол үшін биылғы инвестбағдарламада 18,105 млн. теңге бекітілген болса, бүгінде 8,877 млн. теңге игерілген. Бұл жылу алмастырғыш пункті көп қабатты 20 үйді ыстық сумен қамтып отыр. Жаңа қондырғы ыстық судың сапасын жақсартады әрі  қатты ысытуға мүмкіндік береді. Кәсіпорынның аға инженері Кенжебек Шығаевтың айтуынша, құрылғы  жиырма жылдай үздіксіз жұмыс істейтін болады. Ал бұған дейін қолданылған жылу алмастырғыштың  жұмысы әлсіреп,  тұрғындар тарапынан  ыстық судың нашарлығы жөнінде көп шағым түскен екен.

Пресс-тур барысында таныстырылған келесі нысан «Жайықжылуқуаттықтар»  инвестициялық бағдарлама шеңберінде жылу құбырын қайта төсеген «Депо» көпірі ауданындағы 5-ЖМ жылу магистралі (жер асты учаскесі) болды.

Мұнда 110 метр 530-диаметрлі құбыр 15,674 млн. теңгеге ауыстырылған. Жер астына қойылған заманауи құбырлардың сырты жылылықты ұстайтын шыны мақтамен (стекловата) қапталған. Айта кету керек, инвестбағдарлама шеңберінде осы құбырлардың бір жерінен су кеткен жағдайда белгі  беретін қос арналы импульстік рефлектор  деп аталатын құрылғы сатып алынған. Бұл құрылғыға инвестбағдарлама бойынша 287 мың теңге жұмсалған.

Бағдарлама шеңберінде жүзеге асқан басқа да іс-шаралар  бар. Мәселен, болатпен мырышталған жылу құбырларының жылу оқшауламасын қалпына келтіруге бағдарламада 8,0 млн. теңге қарастырылған екен. Бүгінде 3,0 млн. теңгеге ұзындығы 0,913 шақырым жылу оқшауламасы қалпына келтірілген. Сонымен қатар су жылытқыштарға пластиналар алу және орнатуға бөлінген 7,2 млн. теңге толық игерілген болса, алты  дана  ыстық су жүйесінің циркуляциялық сорғысын жиелілік түрлендіргішпен  бірге  ауыстыруға бекітілген 1,9 млн. теңге толықтай игерілген. Ал АСЭ 500-70-16 маркалы электр сорғылық агрегатын рамалық электр қозғалтқышымен бірге сатып алуға бөлінген 4,7 млн. теңге 100 пайыз игерілген.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар