21.10.2019, 21:48
Қараулар: 155
«АРАЙЛЫ АҚЖАЙЫҚ» аудандарды аралауда

«АРАЙЛЫ АҚЖАЙЫҚ» аудандарды аралауда

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының ұйымдастыруымен 14 қазанда өңірімізде «Арайлы Ақжайық» этноэкспедициясы өз жұмысын бастады.

Экспедиция құрамында ҚР Ұлттық мұражайы жанындағы «Халық қазынасы» ғылыми зерттеу институтының бөлім жетекшісі Әйгерім Мұсағажинова, «National Geographic Qazaqstan» журналының фотографы Мақсат Шағырбаев, облыстық тарих және археология орталығының тарихшы-ғалымдары мен журналистер бар. Өткен апта басында Бөкей ордасы, Жәнібек, Ақжайық, Теректі аудандарындағы тарихи-географиялық ескерткіштерді аралап, зерттеу жұмыстарын жүргізген экспедиция мүшелері жұма күні Орал қаласына келді.

«Музей шерулері» жалпыреспубликалық акциясы аясында ұйымдастырылған «Киіз басу» шеберлік сыныбына қатысып, жергілікті қолөнер шеберлерімен пікір алмасып, байланыс орнатқан экспедиция мүшелері бұдан соң Сырым, Қаратөбе аудандарына аттанып кетті.

– Батыс өңіріне келгендегі мақсатымыз – осы өлкенің тарихын біріншіден елге, сосын дүниежүзіне паш ету, өзгеше қырынан көрсету.  Экспедиция Бөкей ордасы ауданындағы Хан ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығынан бастау алды. Ол жерде алған әсерімді жай сөзбен айтып жеткізу өте қиын. Ерекше таңғалдырғаны – Жәңгір ханның салдырған мешіті. Түсі жағынан да, архитектурасы жағынан да ұмытылмас әсер қалдырды.

Жалпы, бұл өңір – қазақ фотография өнерінің талбесігі. Фотография саласы бізге Батыс Қазақстан, Жәңгір хан, Шәңгерей Бөкеев арқылы келді. Келер жылы Қазақ фотография қоғамы Бөкей ордасына арнайы келіп, өзімізде бар құнды дүниелерімізді табыстап, қазақ фотографтарының атасы Шәңгерей Бөкеевтің музейін ашуды жоспарлап отырмыз. Ол Қазақстандағы тұңғыш әрі жалғыз музей болмақ. Сол кісінің ұрпағы, кәсібін жалғастырушы ретінде басына ескерткіш қоймасақ та, музей ашуды – парызымыз деп санаймыз, – дейді «National Geographic Qazaqstan» журналының фотографы Мақсат Шағырбаев.

Динара  ӘЛПЕЙІСОВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар