21.10.2019, 21:43
Қараулар: 103
«Музейлер шеруі» Оралға келді

«Музейлер шеруі» Оралға келді

18 қазанда облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Музейлер шеруі» жалпыреспубликалық  акциясы аясында «Ашық есік»  күні және «Музей түні» өтті.

— Елімізде Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларын іске асыру аясында «Музейлер шеруі» акциясы басталған еді. Мәдени-рухани іс-шараға республикалық және аймақтық музейлер үн қатты. Осыдан тура бір ай бұрын «Музейлер шеруінің» эстафетасын Атырау қаласынан қабылдап алдық. Облыстық тарихи-өлкетану музейі акцияны өңірде бастап берді, енді кезең-кезеңімен барлық ауданда жалғасады.

«Музей түнінің» басты ерекшелігі – бұрын-соңды еш жерде шықпаған тың жәдігерлер көрсетіледі. Бұл жәдігерлер — соңғы үш жылда өңірде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған XIII-XV ғасырдағы тиындар мен алтын бұйымдар.  Орал қаласының тұрғындары мен қала қонақтары көршілес Атыраудағы музей  жәдігерлерін «Жайық қалашығы» атты көрмені, сонымен қатар Мысыр елінен әкелінген ерекше мумияларды тамашалау мүмкіндігіне ие болады, — деді облыстық тарихи-өлкетану музейінің  директоры Мирболат Ерсаев.

Күндіз  басталған  шарада «Музейлер шеруі» акциясы шеңберінде Орал қаласында елімізде тұңғыш рет киіз басу өнерінен шеберлік сыныбы ұйымдастырылды. Сондай-ақ Ж. Досмұхамедов атындағы педколледждің «Музейстар – 2019» мәдени іс-шарасы және жәрмеңке өтті.

Сол күні кеште облыстық тарихи-өлкетану музейі алаңында құрылған сахнада «Көне дүние күмбірі» атты концерт өтті.

– Қайырлы кеш, қала тұрғындары мен қонақтары! Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен «Музейлер шеруі» республикалық акциясы ұйымдастырылуда. Акцияның негізгі мақсаты – тарихи мұраларымызды түгендеу, өткенімізді саралау, болашақ еншісін аманаттау. Тарихымыз терең, келешегіміздің кемел екенін танытуда музейлердің орны ерекше, – деді шараның ашылу сәтінде облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат  Мұсағалиев.

Сахнада Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев «Музей түні» эстафетасын Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғалиға табыстады. Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали эстафета жолдамасын салтанатты түрде табыстаған ұжымға сәттілік тіледі.

–  Жайық өзенінің екі қанатына орналасқан Орал қаласына, қасиетті өңірге аяқ басқаныма қуаныштымын. Атырау мен Оралдың берік байланысының куәгері Ақ Жайықтың орны бөлек болса, күні кеше ескерткіші ашылған батыр бабаларымыз Исатай-Махамбет, қаһарман Хиуаз бен күйші Дина сынды тұлғаларымыздың ортақ болып келуі – қос өңірдің тарихи сабақтастығының дәлелі. Атырау  облысынан алып келген жәдігерлер көне тарихтан сыр шертеді.

Бабаларымыздың қасиетті бұйымдары – өткеніміздің куәсі, – деді шараға арнайы қатысқан Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Рашида Харипова.

«Көне дүние күмбірі» атты концертте күміс көмей, жез таңдай әншілер Еркін Өтегенов, Асыланбек Қуаналиев, Дархан Құлбабаев, Жаскелең Ғайсағалиев ән шырқаса, «ККК» би студиясы, «Салтанат» би ансамблі хореографиялық композициялар орындады. Концерт БҚО тарихи-өлкетану музейінің әнұраны «Ғасырлар үнімен» тәмамдалды.

Одан әрмен жалғасқан «Музей түні» шарасында жұртшылық «Қыш құмыралар құпиясы», «Ортағасырлық Жалпақтал қалашығы», Сарайшық музей қорығының «Ортағасырлық Сарайшық – Қазақ елінің астанасы», Атырау облысы Махамбет музейінің «Ұлы дала тарихы – ұрпаққа аманат» көрмелерін тамашалады. Зерттеуші-ғалым Мұстафа Ысмағұловтың туғанына 105 жыл толуына байланысты «Халық мұрасының жанашыры» көрмесі ашылды. «Жәңгір» атты спектакльден би көрінісі ұйымдастырылды. Экспозициялық залда этно-фольклорлық ансамбль ән-күй әуендерін төгілтті. Көрермендер Алтын ханшайым, Исатай мен Махамбет, Троя арулары кейпіне енген әртістермен бірге суретке түсті.

Тарих тарамдарын көне замандардан бүгінге дейін шебер тарқататын облыстық тарихи-өлкетану музейі жұма күні төл тарихын танығысы келетін тұрғындар үшін 18-00-ден 03.00-ге дейін жұмыс жасады. Келушілер үшін музейге кіру тегін болды.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

 Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар