18.10.2019, 18:58
Қараулар: 150
Мониторинг қорытындысы мәз емес

Мониторинг қорытындысы мәз емес

Биылғы  маусым-қыркүйек  айларында «Десента»  қоғамдық  қоры  ҚР  Ақпарат  және  қоғамдық  даму министрлігінің  тапсырысымен  облыстағы  мемлекеттік әлеуметтік  тапсырыстардың  жүзеге  асырылуы  жайына  мониторинг  жасады.  Зерттеу  нысанына  іліккен  облыстық, аудандық  және  қалалық  деңгейдегі алты  жобаның  тапсырыс  берушілері –  облыстық  дін  істері,  денсаулық  сақтау,  жастар  саясаты  мәселелері  басқармалары,  Орал  қалалық  ішкі  саясат  бөлімі.

Облыстық дін істері басқармасында мониторинг қорытындылары бойынша өткен жиында «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, облыс тұрғындары және дін қауымдастығы арасында дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру, қазақстандық халықтың мәдени құндылықтарына сәйкес сананы қалыптастыру бойынша ақпараттық-түсіндіру топтарын жүргізу» жобасын жүзеге асыру барысы сарапталды. Лоттық құны 38 млн. теңге тұратын жобаны «АманатЖайық» қоғамдық қоры іске асыруда. БҚО бойынша мониторинг сарапшысы Наталья Логашкинаның баяндауынша, жоба бойынша биылғы маусым-желтоқсан айларында облыс орталығында,  аудандарда, 154 округте 25 650 адамды қамтитын 1972 шара өткізу жоспарланған. Алайда күні бүгінге тек 8 көпшілік шара, терроризм және экстремизм баптары бойынша жазасын өтеушілермен бірнеше кездесу өткізілген. Сонымен қатар сарапшы аталмыш қор төрағасы М. Жанысовтың қорда қосымша жұмыс істейтін мамандардың тізімін, түрмелерде өткен шаралардың хаттама-қағаздарын желтоқсан айында беремін дегенін, кейбір құжаттарды «тапсырыс берушіден алыңыз» деп, мониторингке жүрдімбардым қарағанын айтты. Сондай-ақ мониторингтің мемлекеттік  әлеуметтік тапсырыс шеңберінде мемлекет қаржы-қаражаты есебінен көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту, соған орай кеңес, әдістемелік көмек беру мақсатында  өткізілетінін  жеткізді.

– Бұл әлеуметтік тапсырыс бойынша конкурс төрт рет өткізілді. Соған орай мамыр-маусым айларына жоспарланған, соның ішінде Рамазан айы шаралары өткізілмей қалды. Мұндай жағдайда игерілмеген қаржы мемлекетке кері қайтарылуы керек-тін. Бірақ қаржы облыс әкімдігінің нұсқауымен жобаның техникалық сипаттамаларында көрсетілмеген Мемлекет басшысының тапсырмасымен Сириядағы соғыс аймағынан отандастарымызды елге қайтаруға бағытталған «Жусан» операциясының орындалуына жұмсалды.  Яғни елге қайтарылған азаматтарға психологиялық кеңес беру, материалдық көмек көрсету, арнайы роликтер, қысқа метражды фильмдер шығару, қоғамға бейімдеу, оқыту жұмыстарына бағытталған, – деді облыстық дін істері басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Серік Ғәлләм.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасында өткен жиында Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің «Жастармен мотивациялық шаралар ұйымдастыру және өткізу» жобасын «жандандыру» барысы талқыланды. Жобаны (құны 2 млн. 688 мың теңге) «БҚО жас толқыны» қоғамдық бірлестігі іске асыруда. Жоба бойынша жастармен екі мотивациялық кездесу (тікелей 1000 адамды, қосымша БАҚ арқылы 25 000 адамды қамтумен) және екі тренинг өткізу көзделген. Сарапшы ЖОО-да 300 адамның қатысуымен өткен кездесуге қатысқанын айтып, сондағы көрген-түйгенін сараптады. «Екі мотивациялық кездесу, екі тренингпен 1000 жас адамды қамту мүмкін емес. Ондай басқосулардың тақырыптары, өткізілетін орны, уақыты көрсетілмеген, яғни жоспарланбаған», – деді Наталья Логашкина.

Сондай-ақ «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы ғимаратында өткен қорытынды жиында «Жас қанат» жастар қоғамдық бірлестігі денсаулық сақтау басқармасының әлеуметтік тапсырысы негізіндегі «Жарақаттың алдын алу. Жол жүру қауіпсіздігі ережелері – өмір тәртібі» жобасының (құны – 1,2 млн. теңге) орындалуы сараланды. «Маусым, шілде айларында №19 мектепте (12 маусымда) және №35 балабақшада (25 мамырда) екі семинар-тренинг өткен. Алайда бұл мезгілде мектептің негізгі құрамы мұғалімдер еңбек демалысында болады.

Мектеп басшылығы жазғы демалыстағы қызметкерлердің конституциялық құқықтарын бұзбайды. Ал 25 мамыр сенбіге тура келеді. Қаладағы мектепке дейінгі мекемелерде бес күндік жұмыс тәртібі, демалыс күні еш ата-ана балаларын балабақшаға әкелмейді. Бұдан шығатын қорытынды – шаралар өткенмен, есепке тіркелген фотосуреттер басқа шаралардан алынған. Әлеуметтік желіде, БАҚ-тарда шараның өткені жөнінде ақпарат жоқ. Аудандарда бұл лот бойынша жұмыстар басталмаған, қалада да акциялар өтпеген»,  –  деді  сарапшы.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының тапсырысы бойынша «Тіл – тұтастық туы» айдарымен жалпыхалықтық тілдер фестивалін ұйымдастыру» жобасын (лот құны – 5 662 850 теңге) «Евразия» әлеуметтік-гуманитарлық зерттеу орталығы» қоғамдық бірлестігі жүзеге асырған. Сарапшының айтуынша, фестиваль жақсы ұйымдастырылғанмен, жобаның техникалық сипаттамасында өткізілген шараның тиімділік индикаторы көрсетілмеген, сауалнама жүргізілмеген, мақсатты аудитория нақты айқындалмаған. «Фестивальге қатысушыларға берілуге тиіс имидждік өнімдер (футболка т.б.) тек еріктілерге ұсынылып, залдағы қалың көпшілік ұмыт қалған.  Сонымен қатар 1, 2, 3-орын алғандарға берілуге тиіс бағалы сыйлықтар одан бұрынғы өткен шараға жұмсалған. Фестиваль қорытындысында тек аталымдар бойынша мүсіндер, алғысхаттар,  дипломдар табыс етілді», – деді Наталья  Логашкина.

Қорытынды жиындарда сарапшы әлеуметтік тапсырыс негізіндегі жобалардың әрқайсысында техникалық сипаттамалардан сапалық және көрсеткіштік айырмашылық барын айтты. Соның ішінде мақсатты аудитория көбіне 14-29 жастағылар деп көрсетілгенмен, жобалық шараларда жасы егде және 14 жасқа толмаған балалар қатысатыны анықталған.

Кейбір кездесу студенттер, оқушылар демалыста болғандықтан, жаз мезгілінде өткізілмеген, тамызда өткізілетін семинар-тренинг қараша айына жылжытылған. Өткізілген жиындар жайындағы ақпараттардың жариялануы төмен деңгейде. Сондай-ақ сарапшы тапсырыс беруші мен тапсырысты орындаушыға мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс стандарттарын сақтау, жобалық шараларды тиімді жүзеге асыру жайындағы нақты ұсыныстарымен бөлісті. Тапсырыс беруші және орындаушы тараптың өкілдерінің сұрақтарына  жауап  берді.

Гүлбаршын  ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар