17.10.2019, 21:35
Қараулар: 278
Жол-көлік оқиғасынан 14 күнде 14 адам опат болды

Жол-көлік оқиғасынан 14 күнде 14 адам опат болды

Биылғы жыл басынан бері облыстағы аутокөлік жолдарында 240 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 86 адам қаза тапқан және 304 адам түрлі жарақат алған.  Қазан айы басталғалы бері 21 жол-көлік оқиғасы орын алып, соның кесірінен 14 адам  жантәсілім  қылып, 17 адам жараланған.

Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалығымен облыстық барлық басқарма басшыларының, Орал қаласы және селекторлық режімде барлық аудан әкімдерінің қатысуымен өткен кеңейтілген жиында өңірдегі жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселесі жан-жақты  талқыланды.

– Облыста соңғы екі аптаның ішінде (қазан айының 1 мен 14-і аралығында) жол апатынан 14 адам қаза болды. Бұл – төтенше  жағдай. Бейбіт күнде осыншама адамның ажал құшуы ақылға сыймайды.

Жол-көлік оқиғаларының жиілеу себептерін анықтау және жол апаттарының алдын алу үшін бірлескен іс-шараларды пысықтау мақсатында жиналып отырмыз. Ел-жұрттың жол бойындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету – сіз бен біздің тікелей міндетіміз, – деген облыс әкімі облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Серік Сүйінбаевтан облыс жолдарындағы көлік апаттарының себеп-салдарын  сұрады.

– Қазір жол-патрульдік полиция қызметкерлеріне қалада және ауылдық елді мекен маңында аутокөлікті тоқтатуға, жылдамдық өлшегіш құралдарын, ала таяқты (жезлді) қолдануға тыйым салынған. Тек трассада пайдалана аламыз. Соңғы уақытта жауапсыз жүргізушілер тарапынан жылдамдықты асыру, көлікті мас күйінде айдау, маневр ережелерін сақтамау сияқты құқықбұзушылықтар жиілеп кетті. Жол апаттарының алдын алу бағытында іс-шаралар қолға алынды. Бірақ көріп отырғаныңыздай, нәтиже көңіл көншітерлік емес, – деді Серік Қайсарыұлы.

Орал қаласында 10-17 қазан аралығында қоғамдық көліктердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында «Автобус» іс-шарасы өтті.

Бүгінгі таңда қоғамдық көліктерге қатысты 647 құқықбұзушылық тіркелген. Соның ішінде 160 факті – аутокөлік басқарып келе жатып, ұялы телефонмен сөйлесу, 188 факті – маневр ережелерін бұзу. Департамент қызметкерлері көлік инспекциясымен және БАҚ өкілдерімен бірлесіп, шаһардағы автобус парктерін тексеру барысында бірқатар келеңсіз жайтты анықтаған. Мәселен, тексеру кезінде облыс орталығындағы №22 бағыт бойынша қатынайтын 33 автобустың тек 25-інің ғана жұмысқа шыққаны анықталған. Соның сегізінде ғана жолаушыларды тасымалдау талаптары сақталғаны  белгілі  болған.

– Орал қаласында жол бойындағы фотобейнебақылау камераларының көбісі істен шыққан, қаланы жарықтандыру мәселесіне де дұрыс көңіл бөлінбей отыр. Жаяу жүргіншілер жолағы түнгі мезгілді айтпағанда, күндіз дұрыс көрінбейді. Жол апаттары жиі орын алатын учаскелерді анықтап, апаттың алдын алу бағытындағы жұмысты ширату керек, – деді облыс басшысы.

Жиында мәлім болғандай, облыста қазан айында жол бойына шығып кеткен малмен жеңіл көліктердің қақтығысуы салдарынан үш жол апаты орын алған.

Әсіресе, халықаралық және республикалық маңызы бар жолдардың бойында орналасқан Ақжайық, Сырым және Қазталов аудандарының аумағында көліктің малмен соқтығысуы толастамай тұр.

– Бұл мәселе жыл сайын айтылып келеді. Бағусыз жүрген малдың кесірінен жолаушылардың өміріне төнетін қауіп-қатер жиілеп барады. Халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр деп құр есеп берумен мәселе шешілмейді. Жергілікті аудан, ауылдық округтердің әкімдері  мен полиция қызметкерлерінің бірлескен жұмысының нәтижесі мардымсыз, – деген облыс әкімі селекторлық режимде жиынға қатысқан Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетовтен пилоттық негізде қолға алынған қараусыз жануарларға арналған айыппұл тұрағының құрылысы туралы  сұрады.

Қалияр Шадиярұлының айтуынша, айыппұл тұрағы аудан орталығында жұмыс жасауда, алайда құжаттары әлі толық рәсімделмегендіктен, мал иелеріне айыппұл салу әзірге мүмкін болмай отыр. «Ауылда 180 мың теңге айлыққа бақташы табылмайды. Мал бағымы тек аудан орталығында жолға қойылған. Ауылдарда далада бағусыз жүрген мал әлі  көп»,  деді аудан әкімі.

– Ақжайық – қараусыз малдың қатысуымен жол-көлік апаттары ең көп орын алатын аудан. Сондықтан бұл мәселені сөзбұйдаға салуға болмайды. Жергілікті әкімдік, аудандық мәслихат, «Нұр  Отан» партиясы аудандық филиалының қоғамдық кеңесі мал бағымын ұйымдастыру, ауылдарда айыппұл тұрағын ашу бағытындағы іс-шараларды бірлесе қолға алуы керек. Ақжайық, Сырым және Қазталов аудандары әкімдеріне 15 желтоқсанға дейін қараусыз жүрген малды қамайтын айыппұл тұрақтарын салуды тапсырамын. Өзге облыстардың тәжірибесі негізге алынсын. Бұл жұмыстарды облыстық ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағамбетов қадағалауына алсын, – деді  Ғали  Нәжімеденұлы.

Жиында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Алмат Сейітқұлов, облыстық ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағамбетов, Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Жиын соңында облыс әкімі айтылған сын-ескертпелерді жыл соңына дейін түзету туралы тапсырма  берді.

Динара  ӘЛПЕЙІСОВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар