17.10.2019, 21:29
Қараулар: 178
Зияткерлер мектебі «күн энергиясына» қосылды

Зияткерлер мектебі «күн энергиясына» қосылды

Орал  қаласындағы  физика-математикалық  бағыттағы Назарбаев  зияткерлік  мектебі  күн  сәулесінен  қуат  алатын  болады.  Бұл  «Шелл  Қазақстан» компаниясы  мектеп аумағына  орнатқан  қуаты 100  Квт/сағ.  фотоэлектрлік күн  панельдерімен  жабдықталған  арнайы  тұрақтардың жұмысы  арқылы  жүзеге  аспақ.

Фотоэлектрлік станция күн сәулесін фотоэлектрлік модульдер мен түрлендіру арқылы электр қуатын өндіреді. Олар мектептің жылдық энергия тұтынуын 20%-ға үнемдеп, артық өндірілген электр қуатын қалалық желіге жіберуге мүмкіндік  береді.

– Күн сәулесін пайдаланатын «Мектептерге  күн энергиясы» жобасы «Шелл Қазақстан» компаниясының көмегімен іске қосылуда. Бұл – балаларға баламалы энергия көздерінің мән-маңызын жеткізуге мүмкіндік беретін нақты жоба. Жалпы, мұнай компанияларының  баламалы энергия көзіне назар аударуының өзі  «жасыл экономикаға» бет бұрудың тиімділігін көрсетеді. Бұл  жоба  осы мектеп оқушыларының ғана емес, облыс жастарының  оң  көзқарасын қалыптастырады деп сенеміз, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев салтанатты шарада.

Осы  шараға  байланысты  Астанадан  арнайы келген «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының (ДББҰ) басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова  «Мектептерге күн энергиясы» жобасының STEM-білім беру әдістерін енгізудегі, оқушылардың экологиялық мәдениетін тәрбиелеудегі маңызын атап өтті. Күләш Ноғатайқызының сөзінше, зияткерлік білім ошақтарындағы  күн станциялары, ең алдымен тәрбие үшін керек. Бұл балалардың ғылыммен айналысып, білім-білігін жетілдіруге зор мүмкіндік береді.

«Шелл Қазақстан» компаниясының қоғаммен және үкіметпен байланыс жөніндегі директоры Зарина Бәкенованың мәліметінше, елімізде «Мектептерге күн энергиясы» жобасы қарқынды жүзеге асып келеді.  Бүгінге дейін мұндай күн станциялары Нұр-Сұлтан  және Ақтау қалаларындағы зияткерлік мектептерде қойылған.  Ал 2020 жылы осындай станция Алматы және Атырауда пайда болмақ. Айта кету керек,  жоба ҚР Энергетика министрлігі, «Шелл Қазақстан» компаниясы және «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ арасындағы меморандум аясында  былтырдан бастап  жүзеге асуда.

Шара барысында жас зияткерлер меймандарға жасыл энергетика, жасанды интеллект, биотехнология салалары бойынша өнертабыстарын, идеяларын таныстырды. Сонымен қатар  С. Исаев атындағы  элиталық бақ-питомнигі мен  мектеп арасындағы меморандум шеңберінде алманың коллекциялық және интенсивті сорттары өсетін экобақтың негізі қаланып, алғашқы алма ағашының  көшеттері  отырғызылды.

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар