17.10.2019, 21:28
Қараулар: 195
«Qazaqtany» жобасы – рухани құндылық

«Qazaqtany» жобасы – рухани құндылық

Х. Бөкеева  атындағы  облыстық  қазақ  драма  театрында  «Ұлы  даланың   жеті  қыры» «Qazaqtany»  жобасы  шеңберіндегі  қоғамдық  келісім  мен  жалпыұлттық  бірліктің  қазақстандық  үлгісін  насихаттауға  арналған республикалық  көшпелі  лекторий  өтті.

«Qazaqtany»  жобасы аясында Қазақстанды мекен етуші түрлі этностардың қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдениеті, философиясы мен әдебиеті туралы түсінігін кеңейту, жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін қалыптастыру мақсатын арқалаған шараны ұйымдастырушылар – Қазақстан халқы ассамблеясы мен ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім»  мемлекеттік  мекемесі.

Орал қаласындағы келелі кеңеске Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, ҚР Президент әкімшілігі хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев, облыс әкімі, БҚО Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы Ғали Есқалиев, Нұр-Сұлтан қаласы мен Қостанай, Қарағанды облыстарынан келген сарапшы-ғалымдар, өңірдегі зиялы қауым, этномәдени бірлестіктер, жастар ұйымдары, қоғамдық келісім және аналар кеңестері жетекшілері  мен  мүшелері  қатысты.

Шараға келгендер алдымен театр фойесінде батысқазақстандық қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалады. Ұлттық нақыштағы көздің жауын алатын киімкешек, ерлер мен қыз-келіншектерге арналған зергерлік бұйымдар, тұрмыстық заттардың алуан түрі қойылған көрмеде Жансейіт Түймебаев оралдық қолөнерші Төлепберген Сарманбековтің зергерлік бұйымдарына ерекше қызығушылық танытты. Әсіресе, алтын жалатылған күміс жіптерден өріліп жасалған қамшыны көргенде «Қазақстанды аралап, мұндай қамшыны көргенім жоқ» деп шебердің өнеріне риза болды. Пленарлық отырысқа төрағалық еткен Жансейіт Түймебаев «Qazaqtany» жобасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық үлгісіне арналғанын, Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында оны жаңа қырынан толықтыруға бағытталғанын  ерекше  атап  өтті.

– Батыс Қазақстан облысының Қазақстан халқы ассамблеясы татулық пен бірлікті нығайтуға қомақты үлес қосуда. Дәл осы өңірде бүкіл ел бойынша халықпен жұмыстың маңызды құралы болып табылатын ҚХА-ның алғашқы қоғамдық келісім кеңестері құрылған болатын. «Qazaqtany» жобасы жалпықазақстандық ұлттық бірегейлікті нығайтудың рухани бастамасы болып табылады.

Жалпы алғанда, жоба тек қазақстандық этностарға емес, бүкіл қоғамға, оның ішінде қазақтарға да арналған. Қазақстанды мекен еткен бүкіл ұлт қазақ халқының тілін, мәдениетін, тарихын, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін жақсылап білуі керек, мойындауы қажет. Сол елдің тілінде сөйлей алуы тиіс. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында қазақ тілінің жақын маңда ұлтаралық тіл ретінде қолданылатын кезі туады деп айтқан болатын. Тіл, діл, рухымыз, болмысымыз ұштасқан жағдайда Қазақстан іргелі мемлекетке айналады, – деді Жансейіт  Қансейітұлы.

«Ұлы даланың жеті қыры» және «Qazaqtany» жобалары аясында облыста қолға алынған шаралар туралы баяндаған өңір басшысы Ғали Есқалиев ұлтымыздың мәдениетін, тарихын, философиясын, сондай-ақ қазақ халқының құндылықтарын барлық қазақстандық этнос арасында дәріптеуге арналған аталмыш жиынның нарқы  зор  екендігін  айтты.

– Облыста Қазақстан халқы ассамблеясының ғылыми-сараптама тобы ҚХА кафедрасымен бірге,  аймақтағы қоғамдық келісімді және жалпыұлттық бірлікті нығайту, барлық бағдарламалық құжатты іске асыруды сараптамалық қамтамасыз ету шаралары аясында  «Qazaqtany» жобасына да зор көңіл бөліп отыр.

Ғылыми-сараптама тобы мүшелері дайындаған  «Депортация дәуіріндегі қазақ халқының ізгілікті-гуманистік келбеті» атты жоба республика бойынша жүлделі орын жеңіп алды.

Жыл басынан Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясының бастамасымен республикалық «Қайырымдылық керуені» аясында, халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарын қолдауға бағытталған, Ұлы даланың дәстүрлеріне негізделген «Мейірімді көктем» айдарымен «Сарқыт», «Сыбаға», «Шашу», «Асар», «Қамқор», «Тоқымқағар» т.б. қайырымдылық  акциялары жүзеге асырылды.

Осындай акциялар облысымыздың барлық ауданында ұйымдастырылып, облыс бойынша 55 мыңнан астам адам қатысқан 700-ге жуық қайырымдылық шара өткізілді. Акция аясында көрсетілген қайырымдылық көмектің жалпы сомасы 44 млн. теңгені құрады, – деді облыс басшысы.

Пленарлық отырыста Ө. Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Еркін Әбіл «Қазақы сәйкестік: тарихи аспектісі», ҚХА төрағасының орынбасары, сарапшы-исламтанушы Шерзод Пулатов «Ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерді нығайтудағы діннің рөлі», Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты Жасқайрат Ерназаров «Батыс Қазақстан өңірінің қазақтар этнографиясы», ақын, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Шолпан Қыдырниязова «Тіл – тәрбие тетігі, бірлік бесігі» және Батыс Қазақстан тарих және археологиялық орталығының директоры Жантас Сафуллин «Сармат қорғаны: археологиялық қазбалар» тақырыбында  баяндама  жасады.

Бұл мәселені жауыр болған кезектегі жиналыс деп қабылдамау қажеттігіне тоқталған Жансейіт Түймебаев соңғы жылдары «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруды құр есепке айналдыру белең алғанына қынжылыс білдірді.

– «Рухани жаңғыру» құр жаңғырыққа айналып кетпеуі үшін атқарылған жұмыстардың нәтижесі халқымыздың, жас ұрпақтың, елімізде өмір сүріп жатқан этностардың өзара сыйластығында, бірбіріне деген құрметінде, күнделікті өмірінде көрініс тауып, рухани байлығына айналуы тиіс, – деді ҚХА  төрағасының  орынбасары.

Облысқа жұмыс сапары аясында Жансейіт Түймебаев облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының «Татуласу орталығында» өңірдегі кәсіби және қоғамдық медиаторлармен кездесті. Би-бабалар ізімен бітімгершілік жолды жалғап жүрген медиаторлар өз тәжірибелерінде ұлттық құндылықтар, салт-дәстүрге негізделген отбасы тәрбиесі мәселелерін басты назарда ұстайтындарын айтты. БҚО медиаторлар одағының төрағасы Алуа Рақышева облыста жеті татуласу орталығы мен 143 медиация кабинеті жұмыс істейтінін мәлімдеді. Бүгінгі таңда 144 қоғамдық және 401-тан астам кәсіби медиатор ассамблеямен бірлесіп, сотқа дейінгі татуластыру рәсімдерін жүзеге асыруда. Мәселен, Орал қаласындағы «Татуласу орталығына» екі жарым ай ішінде 59 өтініш түскен. Соның ішінде  18 даулы мәселе тараптардың өзара татуласуымен шешіліп,  44 тұрғынға кеңес берілген.

Бұдан соң Жансейіт Қансейітұлы жүн, тері бұйымдарын, киіз үйлер мен жабдықтарын шығаратын «Аяз» ЖШС-ында болып, жергілікті тауар өндірушілермен дидарласып, өнім түрлерімен танысты.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар