17.10.2019, 21:15
Қараулар: 213
Есіл ерді ардақтаған екі күн өшкенді жандырып, өлгенді тірілткен көнеккеткендіктер

Есіл ерді ардақтаған екі күн өшкенді жандырып, өлгенді тірілткен көнеккеткендіктер

Оқырмандарымыз ұмытпаса, сонау көктемде  Ақжайық ауданының  орталығы  Чапаев  ауылында бір  шара  өтіп еді. Ол   еліміздің  елең-алаңында  тоғыз  жыл үкімет  басқарған, кейін нақақтан-нақақ оққа  байланғаны  өз алдына  ел  жадынан ұмытыла  бастаған  (халқы  ұмытпаса да кейбіреулер  қасарысып ұмыттыруға  тырысқан)  Ораз  Жанұзақұлы Исаевқа  арналып  еді  ғой.  «Ел  ұмытпас  ерлерін»  деп аталған сол ғылыми-танымдық  конференцияда  туғанына 120  жыл  толған  Исаевты еске алып,  халық  алдында талай  адамдар  ағынан жарылды.

Тарихшылар шаң басқан архивтердің қуыс-қуысын аударып-төңкеріп жүріп жолықтырған фактілерін сөйлетіп, журналистер жылдар бойы тірнектеп жинап, жазып-сызып жүрген дүниелерін ортаға салып еді сонда. Ораздан қалған тұяқ Бекет ағамыз ол шараға денсаулығына байланысты келе алмағантұғын. Ал Орекеңнің  Керей деген туған інісінен қалған қыз – Ұмсын апамыз Саратов облысы, Перелюб ауданында тұрады екен. Сол жақтан арнайы келіп егіліп тұрып сөйлеп еді. Сол жиында Көнеккеткен ауылында алдағы күз айында Ораз Исаевтың 120 жылдығын үлкен той қылып өткіземіз деп аудан азаматтары мен көнек-кеткендіктер  уәде берген. Сол уәдені  періште де қош көріп, «әумин!» – деп жіберсе керек, қазан айының 11-12-сі күндері Көнеккеткенде дүркіреп тұрып екі күн той өтті…

Көнеккеткен Көнеккеткен болғалы мұндай той өтті ме екен, өтпеді ме, оны білмейміз. Әйтеуір алақандай ауыл ажары айдай болып қуаныштан, шаттықтан тербеліп тұрды екі күн бойы. Екі күн бойы азаматтар мен азаматшаларды айтпағанда, еңкейген кәріден тәй-тәй басқан сәбиге дейін сол тойдың  дүрмегіне  ілесті,  қуанды.

Құрметті оқырман, өзіңмен екі күн бойғы той қызықтарымен бөліспес бұрын Ораз Исаев туралы сыр тарқатсақ, ақсақалдар мен ағалар бұған дейін жазғандарымызды оқыған шығар, алайда жас ұрпақтың құлағына құя берсек, артық етпес.

Ораз Жанұзақұлы Исаев 1899 жылы 18 сәуірде Ілбішін ауданы, Көнеккеткен ауылында туған. Әкесі сіңірі шыққан кедей, бес баланың қамымен қандай да ауыр жұмыстардан қашпаған. Қолы шебер болса керек, арасында орыс көпестеріне жалданып, анау бес қарғасы үшін шіркеу құрылыстарында да жүріпті. Жанұзақ баласы Ораздың сауатты болуын әу бастан ойлаған болуы керек әуелі, бес жастағы Оразды тілін сындырсын деп ауыл молдасына береді. Сөйтіп, ол төрт қыс қатарынан молдадан білім алған. Ауыр тұрмыстың зардабы шығар, әкесі ерте 1913 жылы дүние салады. Бүкіл ауыртпалық балалардың үлкені Ораздың иығына түседі. Соған қарамастан Ораз білім алуын жалғастыра береді. 1908-1915 жылдар аралығында әуелі, Өріктал-Жұбанышкөл бір кластық орыс-киргиз (училище деп те атайды) школын кейін Көнеккеткеннен Есенсай ауылына  қарай 9 шақырым жердегі Қарасу-Шалқар екі кластық орыс-киргиз школын өте жақсы тәмамдайды. Бұл екі мектептің оқуы жалпы нобайы 7 жылдық білімге келіңкірейтіндіктен, Ораз орыс-қазақ тілдеріне жүйрік, сол кездің сауатты жастарының бірі болып шығады.

 Осы жерде айта кетейік, Ораз Исаевтың әр жылдарда мерейтойларын өткізейік, туған ауылына есімін берейік, ескерткіш орнатайық және т.б. шараларды өткізейік деп Орекеңнің жоқшысы болған ардагер  ұстаз, партия-кеңес қызметтерінде істеген Сапар Ғабдолов осыдан 12 жыл бұрын редакцияға арнайы келді. Ағамыз Орекеңнің жары, белгілі қоғам және  мемлекет қайраткері  Сара  Есованы көре қалған. Сара апамыз да Орекеңнің 60, 70 жылдығын тиісті дәрежесінде өткізе  алмай өмірден өткен. Сапар ағамыз  бізге келгенде есіл ердің  80, 90, 100, 110 жылдығын ең болмаса, аудан көлемінде атап өтілмегеніне өкініш білдірді. Сапекең сол келісінде Ораз ағамыздың 1936 жылы 10 тамызда өз қолымен толтырған өмірбаянының көшірмесін бізге берген еді. Сонда ақпан төңкерісі туралы Ораз Исаев былай деп жазыпты: «Сол кездегі болып жатқан оқиғалардың (төңкерісті айтып отыр. Авт.) саяси мәнін түсіне қойған жоқпын, маған ұнағаны – байлар мен дәулеттілердің екі аяғын бір етікке тығып, халықтың оларға ашық қарсы шыққаны».

*  *  *

Исаевтың саяси жұмыстарға араласа бастауы 1919 жылға тура келеді. Қызылдар қаһарына мініп, ақказактарды Оралдан түріп айдап шыққанда, Ораз екі ай Ілбішін милициясында хатшы болады. Ақказактардың жаңа шабуылы басталған кезде бозбала Ораз Қызыл Армияның қатарына өтуге бекінеді. Алайда Оразды бір аяғын сылтып басқан денсаулығына байланысты алғы шепке алмайды. Уездік ревкомның нұсқаушысы қызметіне тағайындайды. 1919 жылдың 4 қыркүйегінде ер Чапай оны Жайықтың бұхар бетіне Советтерді ұйымдастыруға және дивизияға ат-көлік сатып алып келуге жұмсайды. Сол күні түнде ақказактар Чапаевтың штабына тұтқиылдан шабуыл жасап, штаб әскерлерін жамсатып салады. Исаев Шалқар болысында Советтер ұйымдастырып, одан әрі Жымпиты жағында да кеңес үкіметін орнатуға белсене араласады. 1921-1922 жылдарда Исаев уездік және губерниялық төтенше комиссияда (ЧК) жұмыс істейді. Азамат соғысы қаңыратып кеткен Батыс Қазақстанда енді аштық, жұқпалы аурулар жайлап, бандитизм өзінің ең қатерлі шегіне жетеді. Ораз басшылық еткен барлау отрядтары жедел тапсырмаларды орындап, түсінік жұмыстарын жүргізді. Талай қым-қуыт атыс-шабыстар болған. Чекистер де ет пен сүйектен жаратылған жандар, кейде қару мен қылыштың көмегіне сүйенуге тура келген. Ораз Исаевтың өзі кейінірек былай деп мойындағаны бар: «…өз қызметімнің басында әрдайым ізетті де ұстамды бола қоймадым деп санаймын. Мәселен, губерниялық төтенше комиссияның уәкілі болып жүргенімде, ауылдарға барғанымда кей ретте қамшы да сілтеген кездерім болды…».

Қай жұмыста болмасын, барлық жан-тәнімен атқарған Исаев Советтердің ІІІ Бүкілқазақ сиезінде (1922 жылдың 6-12 қазаны) Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің мүшесі болып сайланады. Одан кейінгі жеті жылда талай лауазымды жұмыстар атқарады. Ал 1929 жылы сәуірде халық комиссарлары советінің төрағасы қызметіне тағайындалады. Осы қызметін  нақақтан-нақақ «халық жауы» деген жаламен 1938 жылдың 25 мамырында тұтқындалғанға дейін тоғыз жыл бойы атқарады.

Қазақ халқы осынау жылдарда басынан алапат аштықты өткізіп қынадай қырылғаны белгілі. Голощекиннің асыра сілтеуінен болған бұл апат туралы Ораз Исаев Сталинге үш қайтара хат жазған. «Күн көсем» Исаевтың жүрек жұтқан бұл қадамдарын, әрине, кешірмеді. 1938 жылы мамыр айында бейне бір жаңа қызметке шақырғандай болып, жолда пойызбен, жанұясымен келе жатқанында, Мәскеу қаласына он шақты шақырым  қалғанда  тұтқындатады…

Ораз  Исаев Совнарком Төрағасы болып тұрғанында, Қазақстанда ауыр өнеркәсіп, металлургия, көмір өндірісі, құрылыс оның тікелей басшылығымен өркендеді. Турксиб шойын жолының табаны да Орекеңнің қатысуымен, басшылығымен тартылды. Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің бағы жанатыны, таланттардың қаулайтыны да Орекеңнің төраға болған жылдарымен тұспа-тұс. Жамбыл Жабаевтың, Мұхтар Әуезовтің жұлдыздарын жаққан да Ораз Исаев. Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің онкүндігін Мәскеу төрінде дүрілдетіп өткізуге зор еңбек сіңірген, басы-қасында жүрген Исаев. «Латын қарпіне көшейік!» – деген бастаманың басында осыдан 90 жыл бұрын Ораз Исаев тұрыпты. Айта берсе, жаза берсе таусылмайды, Исаевтың бұл қазаққа бергені  деп осыдан бұрын да жазғанбыз. Соны тағы  бір жадымызға салып отырғанымыз ғой, қазір  тойдың беташарына  кірісерде.

*  *  *

Көнеккеткендегі екі күндік шараның алғашқы күні  Ораз Исаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Мерейтой иесін жиналған қонақтар және көнеккеткендіктер бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Ауылдың айтулы шарасына арнайы қатысқан аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов Ресей Федерациясының Саратов облысынан құрметті қонақ ретінде арнайы шақыртумен келген Ораз ағамыздың немере туысы Ұмсын Керейқызына ілтипат көрсете отырып, тебірене сөйледі:

– Халық перзентінің рухына тағзым ету, есімін жас ұрпақ жадында қалдыру, қайраткерлігін елге таныту – ең алдымен туған елінің, туған жерінің парызы. Ораз Исаев – қайғы мен қасіретке толы, ашаршылық пен соғыстан көз ашпаған сонау 20, 30 жылдардағы қиындықтарда елінің барлық ауыртпалығын бірдей көтеріскен еңіреген ерлердің, сол жолда құрбан болған бозымдардың бірі. Оның ел, халық алдындағы еңбегі елінің, халқының жадында мәңгі сақталуы тиіс. Ел тәуелсіздігі нығайып, шынайы тарихымызбен енді-енді қауышып жатқан халықпыз. Халқының қамын ойлаған қайсар ұлын, жасампаз жампозын ұлықтап жатқан көнеккеткендіктерге, ортақ шараны өткізуге ауыл халқын жұмылдырған ауылдық округ әкімі Ұлдаш Қадырғалиеваға, ауылдың кәсіпкер, шаруақор азаматтарына зор алғысымды арнаймын, – деді.

Ауылдағы Исаев атындағы мектептің балғындары даңқты ағаларына арнаған жырларын оқыды. Тап сол күні мектеп ішінен Ораз Исаевқа музей ашылды.  Ардагер ұстаз Жәннат Сариев, еңбек ардагері Шолпан Ихсанова лента қию рәсімін жасап, жиналған халық музейді тамашалады. Жоқтан бар жасағандай көнеккеткендіктердің тірнектеп жинаған жәдігерлері көз тартады. Әрине, оның әлі талай құнды жәдігерлермен толыға түсетіндігіне күмән жоқ. Ең бастысы, Ораз Исаевты ұлықтаудың сеңі қозғалды, ағайын, сол екі күнде!

Осы тойға облыстың түкпір-түкпірінен 12 ақын келіпті. Бауыржан Халиолла бастап келген сүлейлерді айтыс алдында аудан әкімі Қалияр Айтмұханбетов қабылдады. Ақындарға сәттілік тіледі. Тілдерінен от бүркіп, жалын шашқан олар «Ел ұмытпас ерлерін» – деп буынсыз тілге ерік берді. Бір мәдениет үйі арман болған ауылдың үлкені мен кішісіне тарлық еткен мектептің акт залы жарқ-жұрқ еткен жыр жолдарынан жарылып кетердей болып әзер шыдады-ау, сол сәттерде…  Жыр пырақтарының тізгінімен алысқан алдаспандардың додасын Сағынтай шайыр (Бисенғалиев) қамшылап отырды. Еңіске салса, төске озған пырақтар бауырын жазып, тыңдармандардың делебесін қыздырды. Жәй жыр сайысы емес, әр ақын өз кезегінде Ораздың азаматтық тұлғасын жырмен сомдады. Маңдайы тасқа соғылып, ел жадынан ұмытыла жаздаған трагедиясын тарқатты. Голощекинмен алысып жүріп, Сталинге үш мәрте хат жолдағанын жырмен төгілтті. Ораз Исаевтың ерен еңбегімен қатар оның жерлестерінің бүгінгі тыныс-тіршілігі, Көнеккеткеннің тарихы, көрікті жерлері, еңбек ардагерлері жайлы  әсем шумақтар төгіліп түсіп жатты. Бұл айтыста ешкім жеңілген жоқ, бәрі де Ораз оғыланның  асыл бейнесін жырмен сомдауда жеңімпаз деп танылды. Ақындардың бәрі де тең қаржылай сыйлықтармен, арнайы аталымдармен марапатталды.

*  *  *

Екінші күні таңертеңгісін күн тұнжырап тұрды. Әжептәуір  жаңбыр сіркіреді. Тойға жиналған көпшілік: «Апырмай, жаңбыр жауып кетіп, дала қызықтары болмай қалмас па екен?», – деп уайымдағандары да рас. Бірақ сіркіреген жаңбыр сап тыйылды.

Ауыл тұрғындары, қонақтар ауылдың шетіндегі «Бәйге алаңына» қарай ағылды. Дөңгелей қонған киіз үйлер менмұндалайды. Арнайы құрылған сахнадан күміс көмей әншілердің әні төгілді, күй күмбірледі, биші қыздар мың бұралды. Облыстық халық шығармашылығы ұжымы, халықтық «Ақжайық» би ансамблі, Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармония өнерпаздары дала төсін  әй,  бір  дүбірлетті-ау!

Айтпақшы, осы сәтте сонау Алматыдан Ораз Исаевтың ұлы Бекеттің баласы Тимур келіп жетті… 83 жастан асқан Бекет ағамыз денсаулығына байланысты келе алмағандықтан ұлын жіберген. Тимурдың атакүлдікке бұл тұңғыш келуі екен. Тап осы арада Тимур мен Саратовтан келген Ұмсын апамыз алғаш кездесіп, тас маңдай тағдырдың жазуымен «халық жауының тұқымы» деген жаламен әр қиырға кеткен Исаевтар Көнеккеткенде ақыры қауышты. Ұмсын апамыз көңілі босап, Тимурды құшағынан босатпай ұзақ тұрды… Жанарлардан жас домалады… Көнеккеткендіктер де тебіренді. «Әжеміз Сараға, оның баласы, менің әкем Бекетке  өмір бойы арман болған мынандай үлкен шараны  өткізіп жатқан Ақжайық ауданына, Көнеккеткен ауылындағы барлық азамат пен азаматшаға Исаевтың ұрпақтарының атынан мың алғыс!» – деді Тимур Бекетұлы толқып тұрып. Оңтайлы  сәтті пайдаланып, Тимур  Бекетұлы мен Ұмсын апамызды Ораз  ағамыздың  сахна  төріндегі  үлкен билбордының  алдында  суретке көшірдік. Көпшілік  ағайын Орекеңнің нұр сипатына  бір  қарап, Ұмсын  апамыздың ай  жүзіне  бір  қарап, Тимурдың  келбетіне  екі  қарап «Апырмай, екеуі де Орекеңнен  айнымайды  екен… Қастарына  қараңызшы, маңдайлары ше?» деп  жатты.

Боз кілемге бұлшық еттері бұлтылдап палуандар шыққанда, мына шеттен жер тарпыған тұлпарлар тізгінді жіберді. Белін буып қазақ күресіне түскендердің ішінде әр салмақ дәрежесінде бағы жанғандарды атап өтсек, олар мыналар: көнеккеткендіктер  Айбек Қаматаев, Олжас Беріков, Теміржан Зәкіржанов.  70 келіден жоғары салмақ дәрежесінде 25 палуан бақ сынады. Қазталовтық Бекайдар Меңдешев «Түйе палуан» атанса, көнеккеткендік Махаббат Мерғалиев ІІ орын, қарауылтөбелік Нұрдәулет Уахитов ІІІ орынды иеленді. Арқан тартыс, гір көтеру, қой көтеру сықылды тартыстар да күні бойы қызды. Тоқ бәйге мен аламан бәйгеге қосылған жалпы нобайы 25 сәйгүлік бұл тойдың ажарын аша түсті. Төрт команда қатысқан көкпар ойындарының қызықтары өз алдына. Осынау сайыстарда маңдайы жарқырап озық болғандардың бәріне ақшалай  сыйлықтар  табысталды.

Ораз Исаевтай есіл ердің есімін ұлықтап, ел есінде жүрер екі күнгі ұлағатты шараны өткізудің барлық  ауыртпалығын көнеккеткендіктер өздері көтеріпті. Аудан әкімдігі де көмегін аямаған. Әсіресе, Көнеккеткеннің кең қолтық, ашық қол, шаруа  азаматтары аянып қалмаған. Міне, ерім деп еміренген елдіктің көрінісі осы емес пе, ағайын! Халқы  үшін аянбаса да, әлі күнге дейін елесінің ер-тұрманы бүтінделмей келген  аяулы жан мәңгілік мекенінде бір аунап түскен шығар,  дәл сол  қазанның 11-12-сі  күндерінде…

Алланың  пендесінің  арманы таусылған  ба? Ендігі  арман – Көнеккеткен  ауылына  Ораз  Исаевтың есімі  берілсе?! Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Оралда  еңселі  ескерткіші тұрса  шіркін, – дейді  көнеккеткендіктер.  Бәлки,  ол  күндерге  де алыс  қалмаған  шығар?..

Есенжол  ҚЫСТАУБАЕВ,

«Орал  өңірі»  газетінің  арнаулы  тілшісі