17.10.2019, 21:01
Қараулар: 194
Кәсіподақ үздіктері марапатталды

Кәсіподақ үздіктері марапатталды

Жуырда  «Достық»  үйінде  облыстық кәсіподақтар орталығының  ұйымдастыруымен  Қазақстан кәсіподақтары  күні  мерекесіне  орай  бастауыш  кәсіподақ  ұйымдарының  форумы  өтті.

Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев кәсіподақ мүшелерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, облыс әкімі Ғали Есқалиевтің алғысхаттарын табыстады.

Форумда іскерлік басқару докторы, «КИОС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі заң бөлімінің басшысы Анаргүл Сүндетова «Медиация» тақырыбында тренинг өткізді. Тренингте балама тәсілдермен шешілетін болмашы дауларды реттеу, тараптар арасындағы дау-дамай мен келіспеушілікті сотқа жеткізбей шешу туралы  нақты мәліметтер берілді.

Салтанатты шарада «Жайықжылуқуат» акционерлік қоғамының мемлекеттік тілді енгізу бөлімінің меңгерушісі Ақмарал Ғабдиева ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғысхатына ие болып, мекеме мерейін асырды. Сондай-ақ бұл күні бірқатар кәсіподақ мүшелері «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» орденімен, «Мемлекеттік банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық  кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің «Кәсіподақ қайраткері»  медалімен, Құрылыс комплексі және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағының «Елеулі еңбегі үшін» медалімен, «Құрмет» грамоталарымен және алғысхаттармен марапатталды. Олардың қатарында Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әртісі Қанатқали  Қожақов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Қазбек Менеев, облыстық мамандандырылған №8 мектеп директоры Анаргүл Қаржауова, Бөрлі ауданы «Ақсайжылуқуат» коммуналдық шаруашылық кәсіпорнының операторы  Әділхан Изимов және басқа ондаған кәсіподақ мүшелері бар.

Қызметкерлердің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерінің  қорғалуы және  еңбек заңдылықтарының сақталуын қадағалап, салауатты өмір салтын насихаттап,  олардың демалысын  тиімді ұйымдастыруға сеп болатын кәсіподақ ұйымдарының еңбегін айшықтаған мерекелік  шара  концерттік  бағдарламаға  ұласты.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»

*  *  *

Қадыр  Мырза  Әли  атындағы  облыстық  мәдениет  және  өнер  орталығында   мерекелік  шара  өтті.

Күнделікті өмірде көзімізге көп түспейтін,  елене бермейтін мекеме мен қоғамдық ұйымдар да баршылық. Солардың бірі – кәсіподақ ұйымы. Біз көбіне кәсіподақты басымыз ауырып, балтырымыз сыздағанда, шипажайға жолдама беретін немесе мереке-мейрамда сый-сияпат үлестіретін  ұйым деп қана қабылдаймыз. Жоқ, олай болмауы тиіс. Кәсіподақ жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы алтын көпір іспеттес болу керек. Яғни жұмысшының  мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, қажет болса, жапа шеккен  қызметшінің сөзін сөйлеп, «Аяз би, әліңді біл» деп тезге салып отыратын беделге ие болуы тиіс. Ақырындап біз осындай беделді ұйым боламыз. Өйткені заман талабы сондай, – деп мерекелік лебізін білдірген орталық  директоры Бауыржан Халиолла әр саланың кәсіподақ ұйымдарындағы бірнеше белсенді қызметкерге құттықтау хат табыстады.

Шарада  сөз алған  БҚО кәсіподақтар орталығының төрайымы Айгүл Есекенова мерекелік кештің өтуіне мұрындық болған өнер орталығының ұжымына алғысын білдірді. «Биыл 10 қазанда алғаш рет кәсіподақ қозғалысының белсенділері осы мере-кені ресми түрде атап өтіп отырмыз.

8 қазан күні Нұр-Сұлтан қаласындағы «Шабыт» өнер академиясында атаулы күнге арналған жиналыста  ҚР Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев: «Кәсіподақ – тәуелсіздіктің, әділдіктің, еңбек адамының  қорғаушысы» деп атап өткен болатын. Осы үш сөздің өзі ұйым қызметінің қаншалықты маңызды екенін ашып көрсетеді. Кәсіподақ федерациясы, кәсіподақ  орталығы жұмыстарды одан әрі қарқынды жүргізеді деп ойлаймын», – деді Айгүл Оразқызы. Оның мәлімдеуінше, БҚО кәсіподақ орталығында 15 салалық және жергілікті (локальдық) кәсіподақ ұйымы бар.

Олардың қатарында 70 мыңнан астам мүшесі бар мыңға жуық бастауыш ұйым қызмет етуде. Ал еліміздегі кәсіподақтар федерациясының құрамында екі миллионнан астам  адам  бар  екен.

Мінберге  көтерілген «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің  кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі БҚО филиалының төрағасы Айдар Батырханов  та  әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады.

– Кәсіподақ бүйірді таянып, үстелді ұрып, қатты сөйлейтін биліктің иесі емес. Бұл – қоғамдық жұмыс, ол – тұрақтылықтың кепілі. Келіспегенді келістіретін, үйлеспегенді үйлестіретін мәдениеттіліктің үлгісі болу керек. Бетегеден биік, жусаннан аласа жағдайда жұмыс жүргізетін кәсіподақ ұйымының қызметінде  «арба да сынбау керек, өгіз де өлмеуі тиіс», – деген Айдар Тапашұлы Қазақстанның құрметті журналисі, «Жайық Пресс» ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Есенжол Қыстаубаевты, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы Әскербек Нұрмұхановты, Сырым ауданындағы Қособа ауылдық клубының директоры Марат Халиуллинді және басқа да кәсіподақ ұйымдарының  белсенділерін   «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапаттады. Ал Ғ. Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әншісі, «Құрмет» орденінің иегері Қанатқали Қожақов пен №3 облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлбану Баекесова Мәдениет және спорт министрлігімен біріккен аталмыш кәсіптік одақтың Құрмет грамотасына ие болса, бірнеше бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары аталған кәсіптік одақтың БҚО филиалы алғысхатымен марапатталды.

Салтанатты шараға жиналған қонақтарға мәдениет және өнер орталығының өнерпаздары әннен шашу шашып,  мереке  көрігін  қыздырды.

Ясипа  РАБАЕВА,

 «Орал өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар