17.10.2019, 20:49
Қараулар: 184
«МҰЗБАЛАҚ» – үздік анимациялық фильм

«МҰЗБАЛАҚ» – үздік анимациялық фильм

«Мұзбалақ» анимациялық фильмі осы қазан айының 7-сі мен 13-і аралығында Германияның Хемниц қаласында өткен XXIV Халықаралық балалар мен жасөспірімдерге арналған Schlingel кинофестивалінде  Германияның анимациялық фильмдер институты (DIAF) тағайындаған «Үздік анимациялық фильм» жүлдесімен марапатталды.

Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан саятшылық мәдениеті туралы сыр шертетін «Мұзбалақ» анимациялық фильмі бүркіт пен адамның достығы туралы баяндайды. Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген. Режиссерлері – Тұрдыбек Майдан және Тілек Төлеуғазы.

Schlingel халықаралық фестивалін Германияның балалар мен жасөспірімдер жөніндегі Саксон қызметі ұйымдастырған. Биыл бұл байқауда 52 елден келген балалар мен жасөспірімдерге арналған 233 фильм көрсетілген.

Естеріңізге сала кетсек, былтыр «Мұзбалақ» фильмі Қазақстанның кинематографистер одағы тағайындаған «Құлагер» сыйлығы – «Үздік анимациялық фильм» жүлдесімен марапатталған. Сонымен қатар анимациялық туынды Ресейде өткен XVII Халықаралық «Алау рухы» («Дух огня») атты дебюттік фильмдер кинофестивалінің жасөспірімдер мен балаларға арналған байқауына және Чехияның Злин қаласында өткен 59-балалар мен жасөспірімдерге арналған «Панорама» фестивалінің конкурстан тыс бағдарламасына қатысты. Одан бөлек бұл фильм Ресейде өткен XIV Халықаралық «Отбасымен бірге» фестивалінде арнайы жүлдені иеленді.

http://kazakhfilmstudios.kz

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар