17.10.2019, 20:47
Қараулар: 195
Тұңғыш шәкіртақымызды «Шаңыраққа» сыйладық

Тұңғыш шәкіртақымызды «Шаңыраққа» сыйладық

Жоғары аграрлық-техникалық колледжінің бір топ студенті қайырымдылық айы аясында игі іс жасауға шешім қабылдады. Содан салалық технология мамандығына оқып жатқан СТ 221.1 тобы Орал қалалық «Шаңырақ» жасөспірімдер  үйінде тәрбиеленіп жатқан балаларға қолұшын берді. Группаластарымды мен де қолдадым.

Соның алдында ғана біз тұңғыш рет шәкіртақы алғанбыз. Алғашқы табысымыздың бір бөлігін ізгі іске, қайырымдылыққа жұмсағымыз келді. Сол кезде «Шаңырақ» үйіне бару туралы жоспарды кураторымыз Индира Оралбайқызы ұсынды. Бұл бастаманы біз  бірден қолдадық.

Шәкіртақы ақшасына жеміс-жидек, тәттілер, ойыншықтар алдық. Сөйтіп, кураторымыздың бастауымен «Шаңырақ» жасөспірімдер үйіне бардық. Студенттерді директор Өмірбай Қалымбетов пен меңгеруші Қарлыға Жармұхамбетова жақсы қарсы алды.

«Шаңырақ» орталығы балалар үйлерінен шыққан түлектерді қолдап, көмектесу, оларды жұмыспен қамту үшін құрылған. Қазіргі уақытта «Шаңырақта» 116 тұрғын бар. Соның  75-і  бала.

Студентер, алдымен, балаларға сыйлықтарын тапсырды. Сол жерде музыка әуеніне, балалармен бірге биледік. Биден кейін дастарқан жайып, өзіміз алып келген тәттілерді бердік. «Шаңырақтың» кішкентай ұл-қыздары бізге ерекше риза болды. Соңымыздан қалмай, сыртқа бірге шықты. Тағы да өлең айтып, бірге биледік, ойнадық. Сөйтіп, бір-бірімізді қимай, бірге суретке түстік. Ақыры қимай қоштасып, риза болған күйде көшеге беттедік.

«Шаңырақ» балаларының көңілін сәл де болса көтергенімізге қуаныштымыз. Балалар үйінің директоры Өмірбай Рысбайұлы мен тәрбиеленуші балалар алғыс айтты. Осы күнді балалар да, біз де ұмытпаймыз деген ойдамыз.

Нұрасыл  ҚҰТТЫМҰРАТ,

студент,

Орал  қаласы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар