17.10.2019, 20:45
Қараулар: 235
Үш балалы ана құжаттағы қателіктің салдарынан АӘК ала алмай жүр

Үш балалы ана құжаттағы қателіктің салдарынан АӘК ала алмай жүр

2019 жылдың 1 сәуірінен бастап еліміздегі көп балалы және табыс-кірісі аз отбасыларға жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмек беріле бастағаны белгілі. Мемлекеттің бұл нақты қолдауы тағдыр тауқыметінен тарыққан талай отбасының тұрмыс-тіршілігін  жәйлі, қазанын майлы ете бастады. Солардың бірі – Орал қаласының тұрғыны, үш баланың анасы Арай Сәрсенбаева.

Алды төртінші сыныпта оқитын, кенжесі екі жастан енді ғана асқан үйелмелі-сүйелмелі үш перзентімен пәтер жағалап күн көріп жүрген келіншек сәуір айынан шілдеге дейін 77 563 теңге әлеуметтік көмек алып отырады. Алайда тамыз айынан бастап, атаулы әлеуметтік көмек сап тыйылған. Алдымен Орал қаласының жұмыспен қамту орталығына, кейін Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне бірнеше рет барғанымен, мамандардан мәселенің мән-жайын анықтай алмайды. Бүгінде үш балалы ана ақысы төленбегендіктен, жалдамалы пәтерінен қуылып, шиеттей перзенттерімен туысқандарын уақытша паналауға мәжбүр. Қайда барып, кімнен көмек сұрарын білмей шақшадай басы шарадай болған жалғызбасты ана тоғызыншы қазан күні «Орал өңірі» газетінің редакциясына келді.

Өзінің айтуынша, бұрынғы жұбайы Жарқынбек Бисекешев балалары үшін алимент төлемейді. Бірнеше рет алимент талап етіп, сотқа арыз бергенімен, еш нәтиже шықпаған. Жаңа оқу жылында тұңғышы Аружанның мектепке киетін киімі мен оқу құралын да әрең түгендеп беріпті. Екінші қызы Мәриям №40 жалпы орта білім беретін мектеп жанындағы шағын орталыққа барады екен. Екі айдан бері төлемақы төленбегендіктен, шағын орталықтағы орыннан айырылып қаламын деп уайымдайтынын айтады.

– Бір танысымнан қарыз алып, шағын орталықтың 5000 теңгесін төлеп қойдым. Бірақ мектеп басшылығы да уақытты созбай, толық төлем жасауымды сұрап отыр. Кенжем Олжас әлі кішкентай, өзі аурушаң. Жұмысқа шығайын десем, балаларымды бағысатын ешкімім жоқ, – дейді бізге мұңын шаққан ана.

— Біз Арай Сәрсенбаеваны жақсы танимыз. Екі қызы да біздің мектепте. Өзі де осы мектептің түлегі. Отбасылық жағдайымен де таныспыз. 14 қазан күні Мәриямның атасы келіп, шағын орталық үшін 10 мың теңге төледі. Қазір 6 мың теңгесі ғана қалды. «Төлем жасалмаса, қызыңыз Мәриямды шағын орталықтан шығарамыз» деп ешкім айтқан жоқ. Біз уақытша қаржылық қиындыққа тап болған отбасыларға әрдайым түсіністікпен қараймыз, — дейді №40 мектептің  директоры Мақсот Ғалиев.

Арай Сәрсенбаева өз хатында жағдайын айтып қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне бес рет барғанын, соңғы барғанында мекеме басшысының қабылдауына кіре алмай, жылап кетіп қалғанын жазады. Орал қаласы әкімінің қабылдауына да кіре алмағанын, бұрынғы жұбайынан алимент өндіріп беруін сұрап, сот орындаушыларына жолыққанын, осылайша үш ай бойы ешкімнен қолдау таппай, тауы шағылған соң, соңғы үмітін арқалап, «Орал өңіріне» келгенін тағы жазады. Төрт ай бойы беріліп келген атаулы әлеуметтік көмектің не себепті төленбей қалғанын анықтап, көмек беруімізді өтінеді.

Біз хат иесімен редакцияда кездесіп, барлық жағдайды өзінен естіген соң, Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Әсия Құрманқұловаға барып жолықтық.

— Арай Сәрсенбаева бірінші тоқсанда ай сайын 77 563 теңге атаулы әлеуметтік көмек алып отырған. АӘК құжаттарын тапсырған кезде ол тұрақты жұмыс істеп жүрген. Сондықтан оған еңбекке қабілетті мүшесі бар тұрмысы төмен отбасыға төленетін шартты ақшалай көмек берілген. АӘК 12 айға тағайындалған.

2019 жылдың 26 тамызында атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау ережесіне өзгеріс енгізілді. Оған сәйкес егер отбасының құрамы немесе табысы өзгерсе, АӘК үш ай сайын қайта есептелуі тиіс. Сол себепті Арай Сәрсенбаева екінші тоқсанда жалақы туралы және бұрынғы жұбайынан балаларына алимент алмайтыны туралы анықтаманы қайта тапсыруы керек еді. Ол бұл қажетті құжаттардың бәрін тапсырған.  Осы аралықта Арай Сәрсенбаева жұмыстан шығып,  бала күтіміне байланысты шартсыз ақшалай көмек алатын категорияға ауысты. Жыл басынан бері 1010 отбасының құжаты қайта есептеуге жататыны анықталды. Осы отбасылардың ішінде Арай Сәрсенбаева да бар. Құжаттары екінші тоқсаннан үшінші тоқсанның қайта есептеуіне ауысқандықтан база құжаттарға өзгерістер енгізуге мүмкіндік бермей тұр.

Біз облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына екінші және үшінші тоқсандағы Арай Сәрсенбаева тиесілі АӘК қайта есептеу үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің базасына кіруге рұқсат сұрап хат жолдадық. Қазір министрліктен жауап күтіп отырмыз. Төлем сол себепті кешіктіріліп жатыр, – дейді Әсия Қадырниязқызы.

Әсия Құрманқұлованың айтуынша, қазіргі таңда Орал қаласында 3577  отбасына  жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Олардың құжаттары тоқсан сайын тексеріліп тұрады. Соның ішінде табысы немесе отбасы құрамы өзгергендіктен 1010 отбасының АӘК қайта есептелуде. Бұдан өзге қаңтар-маусым айларында АӘК алған 362 оралдық отбасы әлеуметтік көмек тағайындалған уақытта табысын немесе мүлігін жасырғандықтан алған қаражатты түгел қайтаруы тиіс.

Басшының орынбасары қол қусырып қарап отырмағанын, министрлікке ресми хат жазылғанын, Арай Сәрсенбаеваның және  ол сияқты отбасылардың мәселелері бақылауда екенін жеткізді.

«Орал өңірі» газеті бұл мәселені алдағы уақытта назарда ұстайтын болады.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар