17.10.2019, 20:43
Қараулар: 176
Досының түбіне жеткен қылмыскер 11 жылға сотталды

Досының түбіне жеткен қылмыскер 11 жылға сотталды

Кеше мамандандырылған ауданаралық сотта өз досын мерт қылған 30 жасар Амандық Мұқашевқа үкім шығарылды. Осы іске қатысты үкімді судья Бақыт Ермаханов оқыды.

Айыпталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы, 1-тармағы бойынша айыпты деп танылып, оған 11 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол өзіне кесілген мерзімді қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша қамтылған мекемесінде өтейтін болады.

Сот материалдарында келтірілген деректерге сүйенсек, қайғылы жағдай биылғы 3 шілде күні Орал қаласы маңындағы Өскен ауылында орын алған. Сол күні Амандық Мұқашев бала кезден досы Қайырбек Көбенқұловпен бірге спирттік ішімдік ішкен. Айта кетейік, екеуінің жас айырмашылығы 9 жыл болса да, әкелері дос болып, ауылдық жерде көрші тұрған. Кейін ауылдан Өскенге қоныс аударғанда да үйлері көршілес орналасқан.

Сыраны шамадан тыс көп ішкен екі достың арасында таяуда Ресейдің Тольятти қаласынан аутокөлік айдап әкелгендері жөнінде әңгіме өрбіп, соңы келіспеушілікке ұласқан. Болмашы нәрсеге бола сөзге келген Қ. Көбенқұлов А. Мұқашевтың бетінен ұрып қалған. Ашуға булыққан екеуі аулаға шығып, төбелесе бастаған.  Сол уақытта ауладағы шуды естіген жәбірленуші Қайырбектің әкесі, анасы және жұбайы үйден шығып, екеуін ажыратып, Амандық Мұқашевты ауладан шығарып, «Енді қайтып келме, таңертең сөйлесесіңдер!» деп ескертіп, оны үйіне қайтарған.

Бірақ айыпталушы олардың ескертуіне құлақ аспай, шамамен 15 минуттан соң қайта келіп, аулада жәбірленушімен тағы да төбелескен. Марқұмның туыстары бұларға араша болып, Амандық Мұқашевты тағы үйіне қайтарған.

Алайда арада шамамен 5-10 минут өткен соң А. Мұқашев мас күйінде К. Көбенқұловтың үйіне кері оралған. Оның қайтып келгенін көрген Қ. Көбенқұлов оған қарай тұра ұмтылған. Сол уақытта А. Мұқашев адам өлтіру, яғни басқа адамды қасақана қазаға ұшырату мақсатында, өз үйіне жүгіріп кіріп, ас бөлмесінен пышақ алып, көшеге қайта шыққан. Оның оң қолындағы пышақты көрген Қ. Көбенқұлов өз үйіне қарай қашқан. Айыпталушы оны қуып жетіп, жүрек тұсынан бір мәрте пышақпен ұрған. Алған дене жарақатынан жол жиегіне құлағанына қарамастан аяғымен бірнеше рет тепкен. Нәтижесінде Қ. Көбенқұлов оқиға орнында көз жұмған.

Сот үкімін оқу барысында айыпты өзіне тағайындалған жазамен келіспейтінін айтып, апелляциялық шағым түсіретіндігін мәлімдеді.

Марқұмның соңында ата-анасы, зайыбы мен  үш баласы қалды. Жәбірленушінің тума-туыстары соттың әділ үкім шығарғанын айтады.

Сот үкімі  заңды  күшіне  енген жоқ.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар