15.10.2019, 15:57
Қараулар: 199
«Иегово куәгерлері» қоғамға қауіпті!

«Иегово куәгерлері» қоғамға қауіпті!

Оралда «Ақжайық» адам құқықтарын зерттеу орталығы «Қазақстандағы сенім бостандығының сақталуы» тақырыбында баспасөз конференциясын өткізді.

Осы орталықтың жетекшісі Қанағат Нұрмұхамбетов Польшаның астанасы Варшава қаласында өткен Демократиялық институттар мен адам құқықтары бюросы отырысының қорытындысы жайлы мәлімдеді.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) биылғы отырысына 2 мыңға жуық адам қатысқан. Адам құқықтарына, әсіресе, жеке көзқарас, сенім бостандығына басымдық берген келелі кеңесте жиындар мен бірлестіктер мәселелері қаралып, зорлық-зомбылықпен күрес жайы қаралған.

– Сессияда антисемитизм, христиан, ислам және басқа да діндерге қатысты кемсітушілік, төзбеушілік жайлы сөйледім. Мінберді пайдаланып, Қазақстандағы дінаралық жағдайды, елдегі мәселелерді айттым. Басты мәселе ретінде зайырлы қоғам мен кейбір жат ағымды ұстанушылар арасындағы келіспеушіліктің әлі де бар екендігін атап көрсеттім. Бұл келеңсіз жайттың елдегі дінаралық қарым-қатынас пен қоғамдық қауіпсіздікке теріс әсеріне тоқталдым.

Мәселен, «Иегово куәгерлері» діни бірлестігінің Алматы, Ақтөбе, Қостанай, Тараз және Шымкент қалаларында өткен қоғамдық шаралары халықтың жаппай наразылығын туғызды. Ақтөбеде олардың қоғамдық тәртіпті бұзуына қарсы шыққан тұрғындармен жанжалына полиция дәл уақытында араласып, тұтқындаған. «Иегово куәгерлерінің» қоғамдық орындардағы уағызына, үгіт-насихатына тұрғындардың наразылығы көбейді. «Terra libera» қорының төрағасы Ерғали Абишов ЕҚЫҰ отырысында Иегово куәгерлерінен зардап шеккендерді қорғау жайлы жоспарларымен бөлісті. Әсіресе, мемлекеттік құрылымдардың  бұл ұйымға жұмсақ қарауы салдарынан ұйымда педофилия және басқа да адам құқықтарының қорлануы орын алып отырғанын ашына айтты, –  деді «Ақжайық» адам құқықтарын зерттеу орталығының жетекшісі Қанағат Нұрмұхамбетов.

Жиынға қатысқан «Регион ЕврАзия» газетінің бас редакторы Жанар Дәулетова жұмыс орнына келген алпамсадай үш жігіттің Иегово куәгерлері жайлы мақаласын жоюды талап еткенін айтты. «Мен жұмыста жалғыз болдым. Сол сәтте заңгерім кеңсеге келіп қалмағанда, бұл оқиға немен аяқталатынын білмеймін» дейді журналист.

–  «Terra libera» қорының төрағасы Ерғали Абишов Иегово куәгерлерінің ішкі нұсқаулығын жария етті. Онда балаларға күш қолдану жайлы айтылған. Бұл ішкі құжатқа 2019 жылдың 1 қазанында қол қойылған. Онда бұдан бұрын да бір құжат болғаны айтылған. Ол құжат жыныстық зорлық тұрғысынан балаларға тіпті қауіп төндіруі мүмкін. Бұдан бөлек ол діни бірлестіктен шығып кеткен адамдардың ұйым «ақсақалдарының» (старейшины) кәмелетке толмағандарды зорлау деректері барын айтқан құжаттар бар. Қазақстанда аталған ұйымның «ақсақалы» өз көлігінде   13 жасар қызды зорлаған. «Иегово куәгерлерінің» балаларды зорлау дерегі бойынша әлемде 1065 сот ісі тіркелген. Олардың жоғарыда айтылған ішкі нұсқаулығында мұндай оқиға бойынша құқық қорғау құрылымдарына жүгінбей, өздерінің құқық бөліміне хабарласу туралы анық көрсетілген. Яғни барлық балаларды зорлау оқиғалары ұйымның ішкі жүйесінде жасырылып келеді. Сәбилер қорғансыз қалуда, олардың одан кейінгі жағдайы белгісіз. Бұл – біздің қоғам, түгел ел үшін қауіп. Біздің балаларымызға үлкен қауіп-қатер төніп тұр, –  деді «Регион ЕврАзия» газетінің бас редакторы Жанар Дәулетова.

Нұрлыбек  РАХМАНОВ,

«Жайық Пресс» ақпарат агенттігінің жетекшісі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар