15.10.2019, 15:52
Қараулар: 173
Әскерилер «лаңкестерді» ауыздықтады

Әскерилер «лаңкестерді» ауыздықтады

Өткен  жұма  күні  Теректі  ауданының  аумағында  орналасқан  «Сұңқар» әскери  полигонында  өңірдегі  қорғаныс  құрылымдарының  арнайы-тактикалық  оқу-жаттығуы  өтті. Шара  барысында  әскерилер  атыс  дайындығы,  тактикалық  әзірлік, сондай-ақ  қажет  жағдайда  қару  қолдана  білу  тұрғысынан  сыналды.

Жаттығуға арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаевқа өңір әскерлерінің қару-жарақтары мен арнайы техникаларының дайындығы таныстырылды.

Бұдан соң жиналғандар далалық оқу-жаттығуды тамашалады. Сценарий бойынша аталған полигон маңындағы үлкен көпірді кенеттен лаңкестік топ басып алып, жарып жібермекші болды. Олардың арам пиғылдарынан хабардар болған әскери құрылымдар әп-сәтте оқиға орнына жетті. Мұздай қаруланып, ширақ қимылдаған әскерилер тез арада лаңкестік топты қоршауға алды. Көпірді жармақшы болған топ та оңайлықпен беріле қоймады. Сәл уақыт бұрын тып-тыныш жатқан көпір маңы көз алдымызда ұрыс алаңына айналды. Құрамы да аз, қаруы да әлсіз топты ауыздықтау әскерилерге қиынға түспеді.

Оң қапталдан оқ жаудырып, алға ұмтылған жауынгерлерден лаңкестік топ ығыса түсті. Шегіне жүріп оқ атқан олардың алдарынан да әскерилер күтіп алды.  Кейбірі оққа ұшса, екіншілері өз еріктерімен берілді. Амалдары таусылған лаңкестік топтың мүшелері көліктермен көпірге қарай беттеп еді, бұл әрекеттерінен де еш нәтиже шықпады. Әп-сәтте атыс-шабыс тыйылып, сайын  далада  қайтадан  мамыражай  тыныштық  орнады.

– Кейбір  шетелдерде әскери-саяси тұрақсыздық орын алып жүргені жасырын емес. ҚР Тұңғыш Президентінің 2015 жылғы №111 қаулысы бойынша еліміздің Қарулы күштері жаңа сипатқа ие болды. Яғни аумақтық қорғаныс әскері құрылды. Былтыр арнайы тактикалық оқу-жаттығу Алматы қаласында және еліміздің 10 облысында өтті. Біздің өңірімізде мұндай шара бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Әскери жаттығуға Орал қаласы аумағындағы 85 әскери қызметкер шақырылды. Осынау жаттығу нысандарды және белгіленген желілерді қорғауда, бірлескен іс-қимылдарға арналған бөлімшелерді жауынгерлік іс-әрекетке үйлестіруге мүмкіндік берді. Мұнда өңіріміздің қорғаныс құралдары мен күштерінің, облыстық басқарма құрылымдарының өздеріне жүктелген міндеттерді орындаудағы дайындығын анықтау мақсатында білімдері мен практикалық дағдылары жетілдірілді. Болашақта бұл жаттығуды бұдан да көп адамның қатысуымен өткізу жоспарлануда. Тактикалық және арнайы жаттығуларды сәтті өткізгені үшін ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғыс айтамын, – деді шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Серік  Егізбаев.

Шара соңында облыстық төтенше жағдайлар, полиция, қорғаныс істері департаменттерінің  ұжымдары  мен  жекелеген  әскерилер  марапатталды.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар