15.10.2019, 15:33
Қараулар: 366
ПЕДОФИЛИЯ: азған адам ба, заман ба?

ПЕДОФИЛИЯ: азған адам ба, заман ба?

 

«Жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе, балаларға қатысты қылмыстарға қолданылатын жазаны шұғыл түрде қатайту қажет».

(ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауынан)

Тәуелсіз сараптау орталықтары жүргізген зерттеулер нәтижесі негізіндегі бейресми дереккөздеріне сенер болсақ, еліміз бойынша күніне кемі үш бала зорлық-зомбылық құрбанына айналады екен. Күнделікті интернет парақшалары мен әлеуметтік желілерде де тақырыптарының өзі жан түршіктірерлік оқиғалар мен деректер легі тым жиі ұшырасады.

БҚО полиция департаментінің берген мәліметіне сүйенсек, 2016-2018 жылдары облыс аумағында кәмелетке толмағандарға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы – зорлау бойынша 10 факті, 121-бап–сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері бойынша 9 факті, 124-бап – балаларды азғындық жолға түсіру бойынша 11 факті тіркелген. Аталған қылмыстық істердің барлығы сотқа жолданып, қылмыскерлер тиісті жазасын алған. Бүгінгі таңда БҚО ПД-да педофилдер есебінде 62 адам тіркеулі, ал облыстағы 2 түзету мекемесінде бұл санаттағы қылмысты жасаған 74 қылмыскер жазасын өтеуде.

Облыстық құқық қорғау құрылымдарының мәліметінше, қылмыскерлердің жас мөлшері 21-62 жас аралығын құраса, жәбірленушілердің ең кішісі 2009 жылы туған. Сот арқылы қылмысы дәлелденген 30 тұлғаға (2016 ж. – 14, 2017 ж. – 12, 2018 ж. – 4) арнайы жаза тағайындалды. Қылмыстық кодексте мұндай қылмысқа жол бергендерге ең ауыр жаза түрінде 20 жылға дейінгі мерзімге немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда халыққа арнаған Жолдауында ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған, соның ішінде педофилия бойынша айыпты деп танылғандарға да жазаны қатаңдату туралы тапсырма берген болатын. Сол себепті алдағы уақытта елімізде ҚР Қылмыстық және Қылмыстық-процессуалдық кодекстерге бірқатар түзету енгізілмек.

Жауыздыққа  жол бергеннің жазасы қандай?

2018 жылдың 1 қаңтарынан Қазақстанда педофилдерге химиялық кастрация жазасын қолдану басталды. Осы мақсатқа мемлекеттік бюджеттен 2018 жылы 9 млн. 629 мың теңге, биыл 11 млн. 038 мың теңге бөлінген.

Химиялық кастрация еркектердің бойындағы тестостерон гормонының бөлінуін болдырмайды, сол арқылы олардың сексуалдық құмарлығын басады. Препараттар дәрі және екпе түрінде қолданылады, олардың әсер ету мерзімі шектеулі. Яғни, мамандардың айтуынша, аталмыш процедураны әр 2-3 ай сайын қайталау қажет болады. Кастрацияның бұл түрінің теріс әсері – есте сақтау қабілетінің нашарлауы, күйзеліс, жалпы әлсіздік, инфаркт немесе инсульт дерттеріне шалдығу, қант диабеті, бүйректе тас жиналуы сықылды аурулар да өршуі ықтимал. Аталмыш жазаны тағайындамас бұрын тергеу барысында күдікті арнайы сот-психиатрлық сараптамадан өткізіліп, нәтижесінде сот химиялық кастрациялау туралы шешім шығарады. Бұл процедура түрмелерде, ал жазасын өтеуші бостандыққа шыққаннан кейін психиатрлық көмек көрсететін амбулаторияларда жасалады. Құрамында ципротерон (Қазақстанда таңдалған антиандроген) бар препараттың бір ампуласының құны орташа есеппен 4 мың теңгені құрайды екен. Жазалау мақсатында қолданылатын препараттың бір кемшілігі – алкоголь салдарынан құрамындағы ципротеронның әсер етуі әлсірейді, сонымен қатар екпе тек төртінші рет салғаннан кейін ғана әсер ете бастайды. Сол себепті де ел ішінде аталмыш жаза түріне сенімсіздік танытушылар көп. Қазіргі уақытта облысымызда ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 15 маусымдағы №423 бұйрығымен бекітілген химиялық кастрациялауды қолдану қағидалары бойынша жұмыстар жүргізілуде, алайда БҚО бойынша жазасын өтеп шыққан адамдарға қатысты химиялық кастрациялау қолданылмаған.

Сөзге өзек болып отырған қылмысты жою бойынша өзге елдерде қолданылатын тәжірибеге көз жүгіртсек. Германияда педофилдер арасында қылмысын қайталаушылар саны 84% болса, өз еркімен кастрациядан өткендер арасында қайта қылмысқа барушылар небары 3%-ды құраған. Францияда қылмыскерге таңдау беріледі: не өмір бойы арнайы мекемеде қамауда отыру, не өз еркімен препаратты қабылдауға келісу. Ал Бельгияда препарат медсақтандыру құрамына енгізілген. Аты шулы АҚШ-тың заңнамасы кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық жасаған қылмыскерді бақылаудың жүйесін нақты жолға қойған. Алдымен Нью-Джерси штатында, кейін жалпы Америка бойынша «Білуге құқылысыз» атты кампания қолға алынады. 1994 жылдың қазан айында аталған штатта, кейін қалған штаттарда халық арасында «Меган заңы» аталып кеткен актілер қабылданады. Қазіргі таңда 50 штаттың 45-інде қолданыста жүрген бұл акт қоғамды бұрын жыныстық қылмысқа жол бергендерден қорғауға бағытталған. Халықты қылмыскерден қорғаудың екі тәсілі қолданылады: біріншіден, заңнама зорлықшыларға мерзімін өтеп шыққаннан кейін тұрғылықты жері бойынша тіркелуді міндеттейді. Екіншіден, зорлық-зомбылық жасап, жазасын өтеп шыққан адамның қай жерге қоныстанғаны туралы халықты хабардар етуге билікке рұқсат берілген. АҚШ-та қолданылатын тағы бір тиімді тәсіл – сексуалды қылмысқа барғандарға электронды мониторинг жүргізу, электронды білезік (браслет) кигізу. Алғаш рет бұл идея 1979 жылы Нью-Мексико штатында жүзеге асырылған. Заманауи электроника нысанды, яғни қылмыскерді үш мың шақырымға дейінгі қашықтықтан бақылауда ұстауға мүмкіндік береді. Педофил балалар шоғырланған нысандар маңын жағалап кетсе, сол сәтте дабыл жүйесі іске қосылып, полиция қызметкерлері оны дереу тұтқындайды. Сондай-ақ бақылауға алынған қылмыскер қадағалаушы құрылымдарға жұмыс орны мен мекенжайындағы өзгерістер туралы хабарлауға міндетті.

Педофилия үшін өлім жазасы Қытай, Таяу Шығыс елдерінде, соның ішінде Иран, Ирак, Сауд Арабиясында, Африка елдерінде, Латын Америкасы мен Оңтүстік Кореяда  қарастырылған.

Сәбилерге зорлық-зомбылық жасайтын  кімдер?

ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің http://infopublic.pravstat.kz сайтында кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған тұлғалардың картасы орналастырылған. Аталмыш картада жас сәбиге қатысты жыныстық сипаттағы жамандыққа жол бергендердің аты-жөні, қылмыс жасаған кездегі жасы мен зардап шегушінің жас мөлшері, қылмыстық іс қаралған соттың уақыты, тағайындалған жаза түрі, қылмыскердің бостандыққа шыққан күні мен тіркеуге алынған мекенжайы көрсетіледі. Ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігі арқылы қылмыстың санын азайту мақсатында жүзеге асырылған тізімде жалпы саны 160 адам туралы мәлімет жинақталған, оның ішінде Батыс Қазақстан облысының 6 тұрғыны бар. Азғындық әрекет ең көп орын алған облыстар қатарында Шығыс Қазақстан (50), Оңтүстік Қазақстан (47) және Солтүстік Қазақстан өңірі болса, қылмыс жиі қайталанған қалалар қатарында Қызылорда, Павлодар, Өскемен  алдыңғы  лекте  тұр.

Аталған сайттағы қылмыскерлер туралы деректер тізбегін шолып шығып, жыныстық сипаттағы заңбұзушылыққа жол бергендердің ең егдесі 77, ал ең кіші зардап шегушінің жасы 2-де (!) болғандығын көріп, жағамды ұстадым. Ана сүті аузынан кеуіп үлгермеген 2-3 жасар сәбиді аямаған азғындарға тағайындалған жаза да сан қилы, тағайындалған жазаның ең ауыры 12 жыл бас бостандығын айыру екен.

«Баланың  тағдыры күйбең  тірлік  тасасында қалып  қоймауы  керек»

«Жалпы, жас балаға зәбір көрсететін жандардың сипаты, портреті қандай? Көптің ішінен кімнен күдіктеніп, кімнен қорғану керек? Баланы ересектер тарапынан жасалатын жыныстық азғындықтан қалай құтқаруға болады?» деген сауалмен 15 жыл бойы психология саласында еңбектеніп жүрген білікті педагог-психолог, бүгінгі күні Орал индустриалдық колледжінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқаратын Гүлнар Қабыловаға жолықтық.

Гүлнар Қалауқызының айтуынша, көмек сұраушылардың көпші-лігі әуелден үндемей жүріп, психологтың қабылдауына әбден есейіп, ес білген шағында келеді екен. Өйткені арада қанша уақыт өтіп, адам өмірі басқа арнаға ауысқандай көрінгенімен, сәби шақтағы сол психологиялық соққы адам жанын мазалауын қоймайды. «Кішкентай кезінде ересек адам тарапынан жасалған зорлық салдарынан «Өмірімде шын бақытты адамша күліп көрмеппін» дейтін бақытсыз жандар жүр ортамызда. Ең ауыры – соңғы уақытта бейкүнә жас балалардың жапа шегуі. Ақыл тоқтатқан әйел адамға берер кеңесім, оның өмірге деген құлшынысын қалпына келтіруге бағытталған арнайы технологиям, әдіс-тәсілдерім жетерлік. Шын ниетпен екеуара жұмыстансақ, жаны жаралы адамды қалыпты өмірге бейімдеуге әбден болады. Ал әлі ештеңенің байыбына барып үлгерместен, жаны жараланған жас сәбиге психолог не айта алады? Жауыздықтың зардабын тартып үлгерген кіп-кішкентай жүректі кім не деп жұбатады?», – деп жаны күйінеді адам жанын жұбатушының  өзі.

Психологтың айтуы бойынша, қылмыскердің ортақ портретін жасақтау оңай емес. Олардың жас ерекшеліктері, әлеуметтік ахуалы, отбасылық жағдайлары да әр түрлі болады екен. Бірақ педофилдердің бәріне ортақ бір белгі – мұндай қылмысқа баратындардың барлығы дерлік бала кезінде ата-ана тарапынан жылу көрмегендер екен. «Мәселен, ата-ана жұмысбасты болады, баламен қарапайым тілдесу үшін уақыт таппайды. Үнемі жалғыз болған баланың қоршаған ортамен қарым-қатынас орнату қабілеті дамымайды. Көкейдегі сұрақтарына жауап таба алмай, өз бетімен өскен бала ересектер тұрмақ, өзі қатарлас ұл-қыздармен де тіл табыса алмайды. Қоршаған ортамен қарым-қатынас болмағаннан кейін жеке өмірі де сәтсіз болады деген сөз. Санасы түсініксіз қалыптасқан мұндай кісі жыныстық өсіп-жетілу кезеңінен өткеннен кейін табиғи қажеттілігін өтеу үшін серіктес іздей бастайды. Бағанағы кемшілік алдынан қайта шығып, ересек нәзікжандылармен тіл табыса алмағаннан кейін «оңай олжа» іздеуді ойға алады. Осының салдарынан өздерінен әлсіз, қорғансыз балаларға зәбір көрсетіп жатады», – дейді Гүлнар Қалауқызы.

Ұл мен қызды азғындық әрекеттерден сақтандыру үшін отбасында және оқу орындарында түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуі керек.

– Балаға бір күн айтып қою аздық етеді. Ойын баласы алаңдап, сақтық шараларын естен шығарып алмас үшін күн сайын ескертіп отырған дұрыс.

«Жұмыс, тұрмыс» деген желеумен балаларды өз бетінше мектепке, үйірмелерге баруға үйретіп, үйде жалғыз қалдырып жүре беретін ата-аналар бар. Арам ойлы азғындар қараусыз қалған балаларды басты  нысанаға алатынын ұмытпаған жөн. Оған қоса арнайы жүргізілген зерттеулер көрсеткеніндей, баланы алдау үшін бар-жоғы үш минут уақыт жеткілікті екен. Абзалы, бала оң-солын айыра алатын кәмелеттік жасқа толғанша қатаң бақылауда, ұдайы назарда ұстау керек. Сонымен қатар «Әлі кішкентай» деген желеумен маңызды тақырыптарды талқылауды кейінге ысыруды қою керек. Әр кезеңнің өз ерекшелігі болады, мәселен, қазіргі заманның балалары өте ерте есейеді. Біз бастан өткерген өтпелі кезең оларда әлдеқайда ерте басталады.

Оның үстіне, қазір ақпараттық кеңістік жас ерекшелігіне қарамастан, барлық балаға қолжетімді. Сіз қысылып-қымтырылып, екеуара әңгімеге бата алмай жүргенде ұл-қызыңыз «ұятты» тақырып туралы интернеттен немесе бөгде адамдардан біліп алуы бек мүмкін. Ата-ана баламен кез келген тақырыпта ашық сөйлесумен қатар азды-көпті кемшілік үшін жазалауға асықпауы керек. Тоқпақтай жөнелетін жандарға бала қалай сенеді?

Ал мектептердегі тәрбие жұмыстарын да кешеуілдетпей, бастауыш сыныптан бастап кеткен жөн деп есептеймін. Балаға азғындық әрекеттер туралы ашық мәтін арқылы жеткізбегенмен, арнайы көрнекіліктер, бейнероликтер, презентациялар арқылы түсіндірсе, сәбидің санасында сақталары анық», – дейді Г. Қабылова.

Ересек адам тарапынан зорлық көрген баланың мінезі тұйықталып қалатындықтан, ұл-қыздың бойындағы кез келген өзгерісті ата-ана мен ұстазы назардан тыс қалдырмауы тиіс деп са-найды психолог. Егер балаңыздың ұйқысы бұзылып, қорқынышты түстер көріп, шошып оянатын болса, жиі ойға батып, жайкүйіне қатысты қойылған сұрақтан қашқақтаса және айналасына немқұрайлылықпен қарап, тамаққа тәбеті тартпай, көз алдыңызда өзгеріп кетсе, дабыл қаққан жөн.

– Бала қашанда қамқорлықты, өзін қорғайтын жандар бар екенін сезінуі керек. Бір өкініштісі – баласы зорлық көрген ата-ананың кейбірі «Ұят болады, елдің бетіне қалай қараймыз?» деген желеумен барлығын «Жабулы қазан жабулы күйінде» қалдыратындығын көріп жүрміз. Баланың тағдыры күйбең тірлік, қоғамдық ой-пікір тасасында қалып қоймауы керек.

Сіз кешірген әрекет салдарынан баланың жүрегіне салынған жан жарасы ешқашан жазылмайды, суицид, өмірден баз кешу, апатия көбінесе соның салдарынан орын алады, – дейді Гүлнар Қалауқызы.

«Азғындық  әрекеттің құрбанына  айналған баланың  аты-жөні мұғалімдерге айтылмайды»

Облыстық білім басқармасы адамгершілік, рухани даму және тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Луара Батырғалиева облыс мектептерінде әр оқу жылы бойына өтетін тәрбие сағаттарында ата-аналармен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытын-дағы түсінік жұмыстары жүргізілетіндігін айтады.

– Мектеп қабырғаларында «Бақытты балалық шақ», «Зорлық-зомбылықсыз балалық шақ» атты онкүндіктер, апталықтар тұрақты негізде өтіп жатады. Шара аясында суреттер салу, психологтармен тренинг, сауалнамалар өткізу жұмыстары жүргізіледі. Оған қоса мектеп психологтарының арнайы жоспарға сай жүргізетін жасырын сауалнамалары, тест түріндегі тапсырмалары бар. Балалардың берген жауаптары негізінде психолог дабыл қағуға тұрарлық жағдаяттарды анықтай алады. Жыныстық зорлық-зомбылыққа тап болған балалармен де мектеп психологтары тікелей жұмыс істеп, құқық қорғау құрылымдарының тергеу жұмысына да қатысады. Ал азғындық әрекет құрбанына айналған баланың аты-жөні мұғалімдерге айтылмайды. Қоғамдық резонанс тудырып, түрлі желі арқылы таралып кеткен ақпараттар болса, біз арнайы комис-сия жасақтап, аталған жайтты тексеруге шығамыз. Кей жағдайда ата-аналар жеке психологқа апарамыз деген желеумен мектеп психологының көмегінен бас тартып жатады. Жалпы, өмірлік қиын жағдайға тап болып, зорлық-зомбылыққа ұшыраған балалар туралы ақпараттың заң тұрғысында қатаң қорғалуын, зардап шегушінің аты-жөні ешқашан ақпараттық кеңістікке жарияланбауын қолдаймын, – дейді Луара Қайрекенқызы.

«Заң  сорақылыққа солқылдақтық танытпауы  керек»

Жан түршіктірер жаңалықты оқыған сәтте жүрегің жаншып, беймаза күй кешесің, ал жапа шеккен жанның жанайқайын елестетудің өзі қорқынышты. Балаң сәби көп ретте ересектердің қорқытып-үркітуі салдарынан, басынан өткен жайттың мән-жайын бажайлай алмағандықтан да, азапты сәт жайлы ешкімге жақ ашып айтпайды. Бес жасында көрші үйдің 18 жасар ұлынан зәбір көрген Ләззат Рақышеваның да бастан кешкені осы сюжетке ұқсас.

«Анам қайтыс болғаннан кейін ағам екеумізді өсіріп-жеткізу үшін әкем күні-түні жұмыстан бас алмайтын. Ауылдағы қарапайым тірлік. Бұрын ауыл жұрты бірінің баласын біріне сеніп тапсырып, ешқашан есігін құлыптамай жүре беруші еді ғой. Ағам екеумізді де әкем көрші-көлемге тапсырып, жұмысына аттанатын. Күні бойы ойынмен әлек ағам менің бар-жоғыма алаңдамай, таң ата кетіп, кеш бата ойыннан шаршап-шалдығып оралатын. Осындай қарау-сыз жүрген күндердің бірінде көрші үйдегі 18 жасар ересек бала достарын ертіп келіп, маған зорлық көрсетті. …Сол кезді ойлаудың өзі қазірдің өзінде жанымды езіп жібереді…», – деп жылап еске алады сол қорқынышты сәтті кейіпкеріміз.

Жаны ауырған жас сәби бастан кешкенін ешкімге айтпайды. Ара-да жылдар өтеді. Ләззат өмірдің сан қилы сынағынан сүрінбей өтіп, бақытты отбасын құрады. Бүгінде ол – сүйікті жар, төрт баланың анасы. Жұбайы екеуі Алматы қаласының ең жақсы аудандарының бірінен зәулім үй салып, мамыражай тірлік кешіп жатады. Бірақ балалық кездегі сол бір азап жанына маза бермей, іштен тыну салдарынан төрт мәрте ауыр отадан өткен ол 2018 жылы «Ляззат: навстречу судьбе» атты кітап жазып шығарады. Кітапта өзінің өмірін айна-қатесіз баяндап, ең ауыр сәтті де көрсетеді.

– Өмір бойы жанымды езген зіл батпан жүкті арқалап өту ауыр болатындығын түсінгендіктен, бастан кешкен жайт жайында жазуға бел будым. Отбасым, жақын-жуықтарым кітапты оқығанға дейін ештеңеден хабарсыз болатын. «Жазғаның жөн болды.

Мен секілді ұл-қызын назардан тыс қалдырған әкелерге сабақ болсын» деген еді әкем кітапты оқып шыққаннан кейін. Мақсатым елді дүрліктіру немесе атақ жинау емес. Қоғамда бұл дерттің бар екенін, оған қарсы жаппай жұмылып күреспесе, педофилдің құрбанына айналған қызғалдақ-ғұмырлар саны арта беретіндігін қаперге салғым келді, – дейді Ләззат.

Кітап жарыққа шыққаннан кейін кейіпкерімізге еліміздің әр қиырынан сан қилы тағдырын айтып, хат жазушылар көбейген. Ләззат оларға жылы сөзбен демеу білдіруден жалықпайды. Ол осыдан үш жыл бұрын балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы күреспен айналысатын қоғамдық қор құрған. Дәл қазіргі сәтте қордың қызметкерлері жыныстық қиянат көрген 4-13 жас аралығындағы 9 балаға жан-жақты көмек көрсетуде.

– Әлеуметтік желі арқылы, телефоныма хат жолдаушылар легіне қарап, жаным ауырады. Бал-ғын шақта көрген зорлықтың салдарынан қаншама әйел өмір бойы бақытсыз күй кешуде, қаншасы ешқашан әйелдік бақытты сезінбеді?! Жастайынан жатыры-на зақым келіп, ана бақытын сезіне алмай, еркек біткеннен бойын аулақ салып, өмір бойы жалғыз жүргендер қаншама?! Хаттарға көз салып отырсам, зорлық-зомбылықтың 77 пайызы жәбір-ленушінің танысы, тума-туысы, жақын-жуығы тарапынан жасалады екен. Бір әйелді туған ағасы 7 жасынан бастап 13 жасқа дейін зорлаған, ал енді бірі алыс туысынан көрген зорлық салдарынан шошынып, жүрегіне аппарат орнатыпты. Менің жанымды түршіктірген хатта бір келіншек «Әкесі өлгенде қуанып, бақытты күй кешкен жанды жолықтырып па едіңіз? Ендеше, бүгін қаралы қаза кезінде жалғыз өзі «бақытты» күй кешіп отырған адам менмін. Балалығыма балта шауып, зорлық көрсеткен туған әкемнен құтылдым!» деп жазыпты. Ет жақыны тарапынан көрген қиянат салдарынан ол әйелдің үш баласы да мүгедек болып туылған.

Өмір бойы жаны жаралы болғанына қоса ең жақын адамыңның қазасына қайғыра алмау, жоқтау айтып жылай алмау қандай ауыр!!! Жыл басынан бері елімізде ресми тіркелген дерек бойынша 589 бала зорлық көрген. Бұл дегеніңіз – 589 бала тірілей өлді деген сөз! Мұндай сорақылыққа заң солқылдақтық танытпауы керек. Өз басым, педофилдерге өлім жазасын беру керек деп есептеймін. Баланың болашағына балта шауып, өмір бойы бақытсыз еткендерге кешірім жоқ! – дейді Ләззат Рақышева.

БҚО  прокуратурасы  соңғы  үш  жылда  облыс  аумағында  кәмелетке  толмағандарға  зорлық  көрсету бойынша  79  қылмыс  тіркелгендігін  мәлімдейді:

Қылмыстық кодекстің бабы

(тіркелген қылмыс)

2016 жыл 2017 жыл 2018 жыл Барлығы
120-бап. Зорлау 4 2 4 10
121-бап. Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері 4 3 2 9
122-бап. 16 жасқа толмаған жеткіншекпен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау) 26 15 8 49
124-бап. Жас балаларды азғындық жолға түсіру 2 7 2 11

Аяужан   КЕРЕЕВА

23_09_1989@mail.ru

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар