14.10.2019, 21:20
Қараулар: 215
Масылдық пен мұқтаждықтың айырмасы жер мен көктей

Масылдық пен мұқтаждықтың айырмасы жер мен көктей

Сенбі күні  ҚР  Премьер-министрінің  орынбасары  Бердібек Сапарбаев, ҚР  Еңбек  және  халықты  әлеуметтік  қорғау министрі  Біржан  Нұрымбетов, ҚР  Денсаулық  сақтау  министрі Елжан  Біртанов, ҚР  Білім  және  ғылым  министрінің  орынбасары Шолпан  Каринова, ҚР  Ақпарат  және  қоғамдық  даму министрінің  орынбасары Данияр Есин  облысқа  жұмыс  сапарымен  келіп,  өңір  жұртшылығының  тыныс-тіршілігімен  танысты.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, алдымен,  Бәйтерек ауданының Дариян ауылындағы арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барды. Мекеме ғимараты биылғы жылдың 13 маусымында пайдалануға берілген. Дариян арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Әзілхан Сағатовтың айтуынша, жүйке жүйесінде ауытқушылығы бар 39 мүгедек стационарлық күтімге алынған. Олар жатын орындарымен толық қамтамасыз етілген. Мекемеде 50-ден астам адам қызмет етеді. Олардың қатарында дефектолог, психолог, психиатр, терапевт дәрігері, санитар көмекшілер және кітапханашы, көпшілік-мәдени шараларды ұйымдастырушы және дене шынықтыру мұғалімі бар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы аясында Дариян ауылының мәдениет үйінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов және облыс әкімі Ғали Есқалиев аудан тұрғындарымен кездесті.

Шарада ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Мемлекет басшысы атаулы әлеуметтік көмек қаржысын берудің тиімді тетігін жасауды тапсырғанын айтты.

– Атаулы әлеуметтік көмек тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға беріледі. Еліміздегі әлеуметтік көмек деп осыны ғана түсінуге болмайды. Мәселен, ана мен балаға берілетін жәрдемақының он түрі бар. Солардың өзіне 470 млрд. теңге төленеді. Зейнетақы секілді барлық әлеуметтік төлемді есептесек, жалпы 3 триллион 53 млрд. теңге қаржы жұмсалады. Егер отбасындағы табыс мөлшері кедейшілік шегінен аспаса, АӘК тағайындалады, – деді Біржан Нұрымбетов.

Министрдің айтуынша, еліміздегі 400 мыңнан астам отбасы, яғни 2 миллионнан астам адам жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмек алады. Оларға 168 млрд. теңге төленген. 73 мың отбасы табыс мөлшерін жасырған. Мысалы, бір облыста бес балалы әке кірісі жоқтығын айтқан соң, оның отбасына АӘК тағайындалған. Кейін өтініш берген кісінің шаруа қожалығы бар екені, 805 бас малды өсіріп отырғаны анықталған. АӘК алуға қатысты келеңсіз жағдайлар көбейген. Ерлі-зайыптылардың бірі жұмыс істеуден бас тартып, табысын қолдан азайтқан.

– АӘК төленіп отырған 1 млн. 300 мың баланың 60 пайыздан астамы – көп балалы отбасылардікі. Яғни осы санаттағы отбасылар мұқтаж болып отыр. Менің қабылдауымда екі адам болды. Оның бірі АӘК алса, екіншісінің отбасы оған қол жеткізе алмай отыр. Екі отбасында бес баладан. Есептесек, екеуінің табыс айырмашылығы 500-ақ теңге. Сондықтан

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, келесі жылы атаулы әлеуметтік көмекті беру әдісін өзгертеміз. Яғни табыс көлеміне қарамай төрт немесе одан да көп баласы бар отбасыларға АӘК тағайындалады. Әр балаға 11 мың теңгеден төленеді. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қосымша жәрдемақы беріледі. Ол үшін отбасында еңбек етуге денсаулығы жарамды азамат болса, міндетті түрде жұмыс істеуі тиіс. Сонымен қатар  кірісі аз отбасылардың балаларына кепілдендірілген әлеуметтік көмек беріледі. Әлеуметтік пакетте оқушыларға тегін ыстық тамақ, киім-кешек, оқу құралдары, жолақы, мектепке дейінгі балаларға тамақ пен гигиеналық құралдар қамтылады. Бүлдіршіндер үшін бала тамағы үйіне дейін жеткізіледі. Кепілдендірілген көмек қаржысы қолмақол төленбейді. Төлем кәртішкесі мен әлеуметтік сертификат арқылы беріледі, –  деді министр.

Жиында тұрғындар сауалына жауап берген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев әлеуметтік салада атқарылып жатқан іс-шаралар жөнінде айтты.

–  Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын орындау, халықты толғандырып жүрген мәселелерді шешу – Үкімет назарында. Тәуелсіздік алғаннан бері экономикалық  қиындықтарға қарамастан халықтың әл-ауқатын жақсартуға көңіл бөлінуде. Биылғы тоғыз айда бюджет қаражатының 45 пайызы, яғни 146 млрд. теңге әлеуметтік салаларға бағытталды. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда, қаражат көлемі тоғыз есе көбейген. Басым бөлігі әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларына жұмсалуда. Бірақ масылдық пен мұқтаждықты ажырата білуіміз керек. Үйде жатып, ақша алғысы келеді. Олай болмайды. АӘК табысы аз отбасыларға демеу білдіру, жағдайларын жақсартып, тұрмысын түзеу мақсатында берілуде. Одан әрмен азаматтар тұрақты жұмысқа орналасып, өз күнін өздері көретін деңгейге жетуі тиіс.

Биыл Президент тапсырмасымен Қазақстанның 600 мыңнан астам тұрғынның несие берешегін өтеуге 105 млрд. теңге бөлінді. 38 млрд. теңге шамасындағы өсімпұлдар банк есебінен төленді. Бір басына бірнеше несие рәсімдеген азаматтардан сұрасақ, «ұялы телефон алдық», «баламның үйлену тойының шығынын өтедім» деп жауап береді. Несиені неге алғанына әр адам өзі жауапты. «Соның кесірінен отбасымды асырай алмай жатырмын» деп шағым айтпауы тиіс. Бірақ Мемлекет басшысы бұл тарапта қордаланған мәселеге түсіністікпен қарады.

Біз білімді, тәрбиелі, мәдениетті, денсаулығы мықты ұрпақ тәрбиелеуіміз қажет. Әйтпесе, мемлекет болашағы бұлыңғыр болмақ. Елбасы да, Мемлекет басшысы да мұғалімдер мәртебесін көтеруге тапсырма берді. Соған байланысты жаңа заң жобасы енгізіліп, оны Парламент Мәжілісінің депутаттары талқылауда. Мұғалімдердің құқын қорғау, олардың табысын көбейту – басты назарда. Денсаулық саласын да нығайтуымыз керек. Бұл бағытта жаңа кодексті қолданысқа енгізу қарастырылуда. Дәрігердің жауапкершілігін күшейту қажет. Соған сәйкес медициналық қызметкерлердің жалақысы көбейеді. Мемлекет басшысы Жолдауынан туындаған міндеттерді орындаймыз, –  деді  Бердібек Сапарбаев.

Тұрғындармен кездесуде Премьер-министрдің орынбасары мәдениет, білім, денсаулық салалары және зейнетақы жүйесі, әлеуметтік төлемге қатысты басым бағыттарды баяндады. Облыс әкімі Ғали Есқалиев Мемлекет басшысы жүктеген міндеттер орындалатынын, жиында тұрғындар көтерген мәселе шешімін табатынын айтты.

*   *   *

Оқушылар және жастар сарайында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев  жастар ұйымдары өкілдерімен, еріктілермен, жас кәсіпкерлермен кездесті. Алдымен, облыс әкімі Ғали Есқалиев сөз алып, жастарға емін-еркін сұрақ қоюды ұсынды. Кездесуде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин жастар саясатының бағыт-бағдарын түсіндірген соң, өңірде мемлекет қолдауымен кәсіп бастаған жастар өз жетістіктерімен бөлісті. Облыстық «Жасыл ел» штабының жетекшісі Асылан Тапишев өңірде 1175 студент аталған штаб қарауында қызмет еткенін айтты.

– «Жасыл ел» бағдарламасы ауқымында төленетін жалақы мен қосымша берілетін үстемеақыдан табыс салығы мен зейнетақы жарнасы ұсталынады. Мәселен, 35394 теңге төленсе, қолға 28600 теңге тиеді. Мерзімді жұмыс болған соң, студенттер қомақты қаражат тапса дейміз. Салық пен зейнетақы пайызы ұсталмаса, –  деген ұсыныс жасады Асылан Тапишев.

– Мемлекет тарапынан қолдау жалғасады. Сіздердің көкіректеріңізде жақсы идеялар қайнап жатыр. Келесі жыл Еріктілер жылы деп аталуы тегін емес. Соған байланысты ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі іс-шаралар жоспарын жасауда. Еріктілердің көп бөлігі – сендерсіңдер. Қарияларға жанашырлық танытып, тәрбиелік мәні бар қайырымдылық шараларымен айналысып жүрсіңдер. Мейірім – баба қасиеті, дәстүр өзегі. Мемлекеттік бағдарламалар көмегін тиімді пайдаланып, кәсіп бастаңыздар. Жастар саясатын дамытуға бағытталған ұсыныстарды қолдаймыз. Еріктілерді ауылдарда көбейту қажет. Аудандардағы ресурстық орталық өкілдері ауыл жастарын игі іске жұмылдырып отыру қажет. Сонда жастар қоғамға пайдалы жұмыс жасайды. Тәртіп бұзбайды. Ата-анасы баласы үшін алаңдамайды, –  деді жастар сұрағына жауап берген Бердібек Сапарбаев.

*   *   *

Орал қаласындағы №47 мектепте ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Шолпан Каринова педагог қызметкерлермен кездесті.

– Қазақстан білім берудің сапалы әлемдік стандартына қол жеткізуге ұмтылуда. Білім сапасы – мемлекеттің бәсекеге қабілетті болуының айқын көрсеткіші. Бұл бағыттағы іс-шаралар жөнінде қанық боласыздар, – деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Жиында ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Шолпан Каринова білім саласында жүргізіліп жатқан реформалар жөнінде баяндады. ҚР Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы ауқымында еліміздегі 3-6 жас аралығындағы балалардың 95,2 пайызы мектепке дейінгі ұйымдармен қамтылған. Ендігі кезекте білім беру ұйымдарының қызмет сапасына мән берілмек. Ата-аналар өтінішіне орай бөбектерді мектепке дейінгі ұйымдармен екі жастан бастап қамту қарастырылуда. Қазіргі кезде тәрбиешілер дөрекілігіне қатысты келеңсіз жайттар орын алып жатқаны белгілі. Министрлік талап қойғанымен, балабақшалар бейнекамералармен толық қамтылмай отыр. Соған байланысты «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Білім және ғылым министрлігі бірлесіп, мектепке дейінгі мекемелер жұмысын рейтинг көрсеткішімен бағалауды қолданысқа енгізу мақсатында жұмыс тобын құрған. Рейтинг арқылы ата-аналар балабақшаларды таңдау құқығына ие болады.

Еліміздегі мектеп оқушыларының 95 пайызы жаңартылған білім мазмұнына сәйкес білім алуда. Министрлікке қарасты оқыту жүйесін бақылап отырған департаменттер енді білім саласында туындаған мәселелерді көрсете отырып, педагогикалық ұжымдарға әдістемелік тұрғыда жетекшілік жасамақ. Мектептерде сабақ беретін 123 мыңнан астам мұғалім жаңа жүйе санаттары бойынша аттестаттаудан өткен. Соған сәйкес олардың еңбекақыларын 30-50 пайыз аралығында көбейту қарастырылған. Заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілуіне орай келесі оқу жылында мектепке дейінгі ұйымдар мен қосымша білім беру орталықтарының қызметкерлері жаңа аттестаттау жүйесінен өтіп, біліктілік санаттары бойынша еңбекақы төленеді. Олардың еңбек демалысы ұзартылып, құқықтық мәртебесі мектеп мамандарынікімен теңестіріледі.

Қазіргі уақытта қабылданғалы жатқан «Педагогтер мәртебесі туралы» заңының аясында педагог мамандарды қаржылық ынталандыру қолға алынбақ. Жыл сайын мектептерге 12 мыңға  жуық маман келеді. Мектептерде жас мамандарға тәлімгер болып бекітілгендерге, сынып жетекшілігіне, дәптер тексеруге байланысты төленетін ақы еселенеді. Магистрлік білімі бар ұстаздардың жалақысына 25 мың теңге қосылады. Мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес мұғалімдер жалақысы төрт жылда екі есе көбейеді. Осы реформалардың дені 2020-2025 жылдарға жасақталып жатқан мемлекеттік бағдарламаға енгізілмек.

Республика бойынша үш ауысымды 123 мектеп пен  апатты 38 мектеп бар. Жылына 100-ден астам білім ошағы салынып, қосымша жеке мектептер ашылғанымен, күрмеулі мәселелердің шешімі табылмай тұр. Сондықтан мектептер құрылысы мен олардың ғимараттарын күрделі жөндеуден өткізуге байланысты қаржыландырудың жаңа әдістемесі жасақталуда. Биылдан бастап тегін кәсіби-техникалық білім беру жолға қойылды. Бірақ 500 колледжде ғана дуальды оқыту жүйесі енгізілген.

Кездесуде ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев жергілікті мұғалімдер ұсынысын тыңдады. Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта оқушылар тәртібінің нашарлауы қоғамды алаңдатуда. Оған мектеп ұжымы мен ата-ана арасындағы байланыс әлсірегені себеп деп есептейді. Отбасында баланың бос уақытын қадағалау назардан тыс қалып жатыр. Жасөспірімдердің суицидке баруына тәрбие сапасының төмендегені әсер етуде. Келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін ұлттық құндылықтарды насихаттауға көңіл бөлу маңызды.

– Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасында ұлттық құндылықтарымызды жандандыру бекер көрсетілмеген. Экономикалық өрлеу жолында кемшілікті жоюға санаулы жылдар жеткілікті. Ал рухани даму тұрғысынан 5-10 жыл кейінге қалсақ, ондай олқылықтың орнын толтыру үшін ондаған жыл жұмыстану қажет болады. Мысалы, әлі күнге қазақ тілінің мәртебесін көтеру өзекті саналуда. Мектеп ұжымдары ата-анамен байланысты күшейту керек. Білім саласында қабылданайын деп жатқан жаңа заңға ата-аналар жауапкершілігіне қатысты талаптарды енгіздік. Мұғалімдерге біліктілік санаттарына орай қосымша ақы төленуде. Сондықтан педагог мамандар білім сапасын күшейтуге назар аударсын.

Барлық мектеп түлектермен байланысты нығайтуы, олар жөнінде кең мәлімет қамтып, сайт ашулары керек. Осыған байланысты министрлікке тапсырма бердім. Білім ошақтарының дәреже-деңгейі түлектер жетістіктерімен бағалануы тиіс. Білікті маман, дарынды тұлға тәрбиелеген мектептердің ғана бәсі биік.

Мектеп бітіргенін тойлайтын түлектер өзара бас қосып, көңіл көтеруді ғана ойламай, туған жерге бір тал шыбық қадаса да, игі іске көңіл бөлгендері жөн.

Олардың қатарында кәсіпкер болғандарын әлеуметтік жауапкершілік салмағын сезіндіріп, білім ұяларына қамқорлық жасауға  тарту  қажет.

Балалардың жазғы демалысы да дұрыс ұйымдастырылмай отыр. Мектептер жанынан лагерьлер ұйымдастыру – көзбояушылық. Тоғыз ай білім алған бала сол мекеме ішінде қалай тынығады? Қолда бар мүмкіндіктерді пайдаланайық. Жазғы демалыста баланы еңбекке баулыған тиімді,  – деді Премьер-министрдің орынбасары.

Бердібек Сапарбаев кәсібитехникалық білім беру ұйымдарының нарық талабына сай маман даярлау, олардың  жұмысқа орналастыру  көрсеткіші көңіл көншітпейтінін айтты. «Қағаз жүзінде пайыздық көрсеткіштермен көзбояушылық жасау бар. Нақты нәтиже болуы үшін жұмысқа орналасқан маманның зейнетақы жарнасын дәлел ретінде көрсету талап етілетін еді. Қазіргі кезде бір айлық жарна аударылғаны жөнінде анықтаманы ғана алып келіп, жауапты тұлғалар қулық іске барады. Ал техникалық мамандықтарға байланысты бос жұмыс орындары туралы хабарландыру көп. Колледждер нарық сұранысына сәйкес мамандар даярламайды. Дуальды оқыту нақты тәжірибемен ұштаспай отыр», – деді Бердібек Машбекұлы.

Үкімет мүшелерімен кездесуде педагог мамандар үш ауысымды және апатты мектептерді жою, мүгедек балаларға білім беретін ұйымдарға қажет мамандарды тарту, әдістемелік кабинет қызметкерлерінің жалақысын көбейту мәселелерін көтерді.

*   *   *

Облыстық балалар көп салалы ауруханасында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медициналық қызметкерлермен кездесті.

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты нормативтік-құқықтық актілер аяқталды. Елбасы тапсырмасы бойынша соңғы екі жылда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жергілікті атқарушы құрылымдармен бірлесе жұмыстанып, МӘМС санаттарына енгізілетін екі миллион адамның әлеуметтік мәртебесін айқындады. Елдегі 600 мыңға жуық азаматтың мәртебесін анықтау қажет. Олар туралы мәлімет мемлекеттік мекемелер мен елді мекен әкімдіктерінің базасында дұрыс көрсетілмеген. Батыс Қазақстан облысында 18 мың тұрғын мәртебесі өзектендірілмеген. Бұл мәселе аудан орталықтары мен ауылдық елді мекендерде жергілікті деңгейде шешімін табуы тиіс. Жеке медициналық мекемелер де міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне жауапкершілікпен қараулары керек.

Өңірдегі жеке медициналық ұйымдар дайындық деңгейін қадағалау облыстық денсаулық сақтау басқармасының міндеті екенін ескертемін. Халыққа медициналық сақтандыру пакетін  дұрыс пайдалануды түсіндіру қажет, – деді Елжан  Біртанов.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетін іске қосуға дайындықты күшейту жөнінде облыс басшысы Ғали Есқалиевқа тапсырма берді. Сонымен қатар медициналық мекемелерді жаңа құрылғылармен қамтамасыз ету мәселесіне көңіл бөлінетінін айтты. Биыл «Денсаулық» бағдарламасының жүзеге асыру мерзімі аяқталуына байланысты ел Үкіметі жаңа мемлекеттік бағдарламаны дайындауда.

Бердібек Сапарбаевтың сөзінше, қазіргі уақытта еліміздегі медициналық мекемелерге үш мыңға тарта маман қажет. Сондықтан грант негізінде білім алған жас мамандарды мекемелерге жолдамамен жіберіп, оларға үш жыл бойы еңбек етуді міндеттеу арқылы осы мәселенің шешімін табу қарастырылуда. «Әлеуметтік желілерде медициналық сақтандыруға қарсы пікірлер жиі айтылуда. Әсіресе, ауыл тұрғындарына медициналық сақтандыру жүйесінің артықшылығын түсіндіру қажет», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев.

*   *   *

Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылына жұмыс сапарымен келген ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов ауылға кіреберіс жолда орналасқан жол медициналық құтқару пунктінің жұмысымен танысты. Пункт қызметкерлері өздеріне жүктелген қызметтер мен соңғы уақытта тіркелген жол-көлік оқиғалары жөнінде баяндады. Осы  жылдың тоғыз айында жол бойында 39 төтенше жағдай орын алса, соның отыздан астамы – жол-көлік оқиғасы. Министр бүгінде Ішкі істер министрлігіне қарасты бұл мекемені алдағы уақытта Денсаулық сақтау министрлігінің қарамағына аудару жолдары қарастырылып жатқаны туралы айтып өтті. Осыдан соң пунктке қарасты арнайы техника және медициналық құрылғылардың дайындығы  тексерілді.

Елжан Амантайұлы сонымен қатар аудан орталығындағы емхана мен аурухана ұжымымен жүздесіп, медицина саласын цифрландыру, емделушілердің әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде мәртебесін айқындауды автоматтандыру турасында бірқатар сұрақтар қойды. Сонымен бірге кадр жетіспеушілігі, болашақ мамандар, яғни медициналық жоғары оқу орындарының  студенттерімен бүгіннен бастап, байланыс орнату жөнінде тапсырма берді. Жас мамандардың ауданда тұрғын үймен қамтамасыз етілуіне де баса назар аударды.

Министр ауылға жұмыс істеуге келген медицина қызметкерлерінің бірінші кезекте баспанаға ие болуын өз бақылауында ұстайтынын айтты.

Айта кету керек, Ақжайық ауданына биылдың өзінде алты жас маман келді, олардың үшеуі Шымкент облысының тумасы болса, өзгелері – облыс тұрғындары. Дегенмен әлі күнге ауданда акушергинеколог, хирург, жалпы тәжірибе  дәрігеріне  тапшылық  бар.

Жұмыс сапарында Е. Біртанов аудандық ауруханада жуық арада ашылатын инсульт орталығында болып, оның соңғы үлгідегі технологиялық құралдармен қамтылғанын жақсы көрсеткіш деп бағалады.

*   *   *

Сенбі күні өңірге  жұмыс  сапарымен келген ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Шолпан Каринова М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне ат басын тіреді. Ең алдымен, ол  «Ғылым және өнер» атты көрмені тамашалап, университеттің жастар ісі жөніндегі комитетіне қарасты студенттік өзін-өзі басқару ұйымы  мүшелерімен кездесті. Елімізде  жастарды қолдау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар аз  емес екендігін тілге тиек еткен министр орынбасары оқу ордасында белсенді әрі бастамашыл жастардың көптігіне қуанып қалғанын  жасырмады.

Университеттің ғылыми кеңес мүшелері, профессор-оқытушылар құрамы белсенді студенттер қатысқан кеңейтілген мәжілісте Шолпан Таңатқызы  академиялық еркіндік, білім саласындағы өзгерістерге тоқталды. Оқу ордасының жас ғалымдары ғылыми жобаларды гранттық қаржыландыруға өзгерістер енгізілсе, жас ғалымдар үшін жарияланатын байқау талаптары жеңілдетілсе, ғылыммен айналысқысы келетін жастарға шағын гранттар бөлу қарастырылса деген көкейкесті ойларын ортаға салды. Сондай-ақ орта мектептерде дене шынықтыру бағдарламасы қайта қаралса деген ұсыныс берген оқытушылар осы тақырыпта педагогтер мен ғалымдардың бірлесе жасаған дайын бағдарламасын ұсына алатындарын жеткізді. Кездесу барысында оқытушылар мен студенттердің  бастамаларын қолдауға дайын екендігін айтқан Шолпан Таңатқызы ұсыныстардың ескерусіз қалмайтындығын жеткізді.

– Осылай жиі кездесіп тұрған дұрыс. Сіздердің сұрақтарыңыз бен ұсыныстарыңыз өте орынды. Әсіресе, ғылымға қатысты айтқан ойларыңыз құптарлық. Ғалымдардың жұмысы сөрелерде жатып қалмауы керек. Ғылымды дамытсақ, экономиканы әртараптандыруға да өз үлесін қосары сөзсіз. Сондықтан ғылымға қатысты тұжырымдама дайындалуда. Біз жас ғалымдарды қолдауды  жалғастыра береміз,  – деді жиынды түйіндеген Шолпан Таңатқызы.

*   *   *

Жұмыс сапарымен Теректі ауданына келген ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Шолпан Каринова, ең алдымен, аудан бойынша үш ауысымда білім беретін Подстепный қазақ жалпы орта білім беретін мектебінің хал-жағдайымен танысты.

Теректі аудандық білім беру бөлімінің басшысы Жанаргүл Құсайынова білім ордасында 817 оқушының, даярлық тобында 72 бүлдіршіннің тәрбиеленіп жатқанын баяндады. Мектеп ішін мұқият аралаған вице-министр физика, ІТ сынып, технология, информатика кабинеттеріне кіріп, жаңартылған білім беру бағдарламасының жүзеге асу жолын сұрады. Ұстаздар «Kundelik.kz» электронды журналының артықшылығы, қыз балаларды қолөнерге баулу, роботтық техника үйірмесінің жұмысы жөнінде мәлімдеді. Шолпан Таңатқызы спортзал мен асханаға да бас сұқты. Мектеп директоры Берік Нығметов мектепте 149 шәкірттің күнделікті ыстық тамақпен қамтылғанын айтты. Аудан әкімі Әділ Жоламанов ауданда халық санының артуына байланысты мектеп салу қажеттігі туындап  отырғанын  жеткізді.

Бұдан соң Шолпан Таңатқызы 2012 жылы «Балапан» бағдарламасы аясында мемлекеттік тапсырыс бойынша ашылған «Бәйтерек» бөбекжайының жұмысымен танысты.

– 290 орындық бөбекжайда 301 бала тәрбиеленуде. 81 қызметкер жұмыс істейді. Олардың 41-і – педагогтер. Инклюзивті білім беру кабинетінде 25 балғынмен логопед, дефектолог, психолог мамандар жұмыстануда. 2017 жылдан бастап «Асық терапиясы», «Театр – бізде қонақта», «Домбыра – асыл мұра», «Бала тілі – бал» сынды төрт бағыттағы зертхана алаңын қамтудамыз, – деді бөбекжай директоры Сағима Серікқалиева.

Бөбекжай дефектологі Әсел Зайнуллина: «Инклюзивті білім берудің республикалық деңгейде ортақ жоспары болса, бірыңғай жүйеде жұмыстанушы едік. Тағы бір күрмеуі шешілмеген мәселе – республикалық балаларды оңалту орталығында мүмкіндігі шектеулі балаларын емдету үшін ата-аналар кезекке тұрады. Бір жылы емделген бала келесі жылы кезек келмеуіне байланысты емін жалғастыра алмауы мүмкін.  Осындай жағдайлар қайталана бермеуі үшін әр аймақта орталық филиалы ашылса» – деген ұсынысымен бөлісті.

*   *   *

ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Нұрғиса Дәуешев өңіріміздің мәдениеті мен өнер саласында тер төгіп жүрген жандармен жүздесті.

Шаралар легі Қадыр Мырза  Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының жұмысымен танысудан басталды. Орталықтың жай-күйі жайлы әңгімелеген аталмыш мекеме басшысы Бауыржан Халиолла қонақтарға әдебиет және күйшілер залын, суретшілер бөлмесін, музейді және 5 мыңға жуық қоры бар кітапхананы таныстырды. Орталықтың жұмысына оң бағасын берген вице-министр музей мен күйшілер залындағы ақпараттық мәліметтерді үш тілде көрсету,  «Күйшілер одағының» облысымыздағы филиал төрағасы, домбырашы Асқар Кенжеғалиевтің идеясынан туындаған электронды домбыраны патенттеп, саттыққа шығару  қажеттігін  айтты.

Салтанат сарайында мәдениет және өнер саласы ардагерлерімен, қызметкерлерімен өткен кездесуде Нұрғиса Дәуешев еліміз бойынша атқарылып жатқан ауқымды істермен таныстырып, өңірдегі мәдениет майталмандарының ой-пікірлеріне құлақ түрді.

– Ақ Жайық өңіріне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық  диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауы бойынша ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізу, өңірлердегі жай-күйді өз көзімізбен көріп, түйткілді жайттардың түйінін шешу мақсатында келдік. ҚР Президенті халық пен билік арасында диалог орнатуды басты міндет етіп қойды, елдің игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Соның ішінде биылғы Жолдауда мәдениет және  өнер саласының қызметкерлеріне көңіл бөлу қажеттігі айтылған болатын. Көп жылдан бері көкейде жүрген мәселеге қозғау салынып, қазіргі таңда министрлік тарапынан аталған бағытта жұмыстар жүргізілуде. Мәдениет және өнер саласы қызметкерлеріне мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетіледі, жалақылары қаншалықты мөлшерде өсетіндігі талқылану үстінде, – деді Нұрғиса Мұратұлы. Вице-министр сонымен қатар алдағы жылы әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығы, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, ақын Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдық мерейтойы ауқымды көлемде атап өтілетіндігін айтып, туризм саласын жандандыру бағытында атқарылып жатқан істерге тоқталып өтті.

Отырыста қазақ тілінің жанашыры, ақын Шолпан Қыдырниязова мемлекеттік тілге бұрынғыдан да зор көңіл бөлініп жатқандығына ризашылығын білдірді. Ал ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының БҚО филиалы директорының орынбасары Болат Жексенғалиев латын әліпбиіне көшу барысында қолданылатын әліпби әлі де жетілдіруді қажет ететіндігін, мемлекеттік тіл саясатын жандандыру барысында кірме сөздердің қазақша нұсқасын қолданысқа енгізу керектігін баса айтты. Қазақ тілінің емле ережесін бекіту, сөздердің жазылу ретін реттестіру де өзекті мәселе екендігін еске салды. Сонымен қатар соңғы екі-үш жылда балаларды орыс мектебіне беру үрдісі қайта белең алып келе жатқандығына алаңдаушылық білдірген азамат: «Мемлекеттік тілге деген сенім мен құрмет деңгейін арттырмайынша, ел болашағына сеніммен қарауға болмайды», – деді.

М. Өтемісов атындағы БҚМУ доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев талай тарихи оқиғаға куә болған Хан ордасын туристер тамашалайтын нысанға айналдыру, Қаратөбе ауданында жерленген Жәңгір ханның немересі, ақын, аудармашы, Ғұмар Қараштың ұстазы болған Шәңгерей Бөкеевке кесене тұрғызу туралы ұсыныс білдірді. «Халық Хан тоғайын Бөкей мен Жәңгірді ақ киізге көтеріп, хан сайлаған орын деп біледі. Ал, шын мәнінде, өткен ХІІІ-ХІХ ғасырдан келе жатқан тарихи орында Алтын орда дәуірінде де хан көтеру рәсімдері өткен. Өңірімізде құлпытастарды зерттеу жұмыстары жүйелі қолға алынып, соның нәтижесінде Айшуақ, Жантөре және Есім хандардың құлпытастары табылды. Әрқайсысы әр жерде, шалғайда жатқандықтан, қызығушылық танытқан жұртшылықтың қызықтауы қиындық тудырып отыр. Сол себепті тарихи тұлғалар құлпытастарының  макеттерін жасап, ашық аспан астында арнайы аллея ұйымдастырылса деген ұсынысым бар», – деді Жаңабек Жақсығалиев. Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла өңірімізде туған ұлы тұлғалардың мерейтойларын республикалық деңгейде ұлықтау  жетіспейтіндігін айтты. «Мәселен, қоғам қайраткері, атақты суретші Әбілхан Қастеев және басқа да көптеген өнер адамының қалыптасуына зор ықпалы тиген, 39 жасында «халық жауы» атанып, атылып кеткен Ораз Исаевтың 120 жылдық мерейтойы республикалық деңгей түгілі, облыстық көлемде аталып өтпеді. Көпшілік жағдайда жергілікті бюджетте қаражат жоқ деп жатады, сол себепті өңірдің ғана емес, тұтас елдің  тарихында ойып тұрып орын алған ұлы тұлғаларды ұлықтауға  мән беріліп, қажетті қолдау көрсетілсе», – деді ол. Бұл ретте Нұрғиса Дәуешев Батыс Қазақстанда ауқымды шаралар өтуіне министрлік тарапынан қолдау болатындығын айтып, жыл соңында Ақ Жайық өңірінде «Алтын домбыра» айтыс аламаны ұйымдастырылатынын  жеткізді.

Алдағы жылы ғасырлық тойы тойланатын ақын, Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері, «Мен – қазақпын!» деп бар қазақтың рухын жаныған Жұбан Молдағалиевке арнап, елордада немесе Алматы қаласында еңселі ескерткіш орнату туралы ұсынысты ардагер ұстаз, ақын, жұбантанушы Үзілдік Елеубайқызы ортаға тастады. Орал қалалық орта-лықтандырылған кітапханалар жүйесі оқу залының кітапханашысы Виктория Петрова 80 жылдан астам уақыт оқырмандарын рухани байытып келе жатқан кітапхана қорын цифрландыру жұмысы қолға алынғандығын мәлімдеді. Кітапхана жанынан ашылған заманауи коворкинг орталығы жастардың пікір алмасу, білімін жетілдіруіне зор мүмкіндік сыйлайтын басқосу алаңына айналған. Салалық мәдениет және спорт, ақпарат қызметкерлері кәсіподағының БҚО филиалының төрағасы Айдар Батырханов Мемлекет басшысының мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын қолдау туралы бастама көтеруі дәтке қуат, көңілге медеу екендігін айтып, еңбек туралы заңнаманы реттеу, атап айтқанда, жұмысшылардың мүддесін басты орынға қою туралы ұсыныс білдірді.

Әр ой-пікірге мұқият көңіл бөлген ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Нұрғиса Мұратұлы жиында айтылған әр ұсыныс қаперге алынып, тиісті шаралар қабылданатындығын жеткізді.

*   *   *

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған делегация зиялы қауым өкілдерімен, үкіметтік емес ұйым жетекшілерімен және кәсіпорын басшыларымен  кездесті.

– ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың өңіріміздегі жұмыс сапарының мақсаты – мемлекет бағдарламаларының тиімділігін түсіндіру, тұрғындардың ұсыныс-пікірін тыңдау. Сондықтан белсенді қатысып,  өзекті мәселе көтере аласыздар, – деді кездесуде облыс әкімі  Ғали  Есқалиев.

–  Облыстағы бірнеше мекемеде болдық. Министрлер аудандарға барып қайтты. Өңір жұртшылығының тұрмыс жағдайы жақсы деңгейде. Енді осы достықты, тұрақтылықты, береке-бірлікті сақтап, Мемлекет басшысы тапсырмаларын Үкімет пен қоғам өкілдері бірлесе орындауы қажет.

Елбасы, ең алдымен, керегі экономика, сосын саясат дегені мәлім. Қазақстан экономикасының дамуы бәсеңдеген жоқ. Дүниежүзіндегі көптеген мемлекетпен сауда жасайды. Биылғы тоғыз айда  ел экономикасының даму деңгейі 4,1 пайыз болды. Мемлекет  басшысы бұл көрсеткішті бес пайызға  жеткізуді  тапсырды.

Халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға, әлеуметтік мәселелерді шешуге көңіл бөлеміз. Жағдайы төмен отбасылар жаңа үлгідегі атаулы әлеуметтік көмек алуы үшін бюджеттен 147 млрд. теңге қаржы жұмсалды. Мемлекет тарапынан шағын несиелерді өтеуге қаражат аударылды. Дегенмен қазіргі кезде масылдық үстемдік құруда. Әдейі ажырасу, жұмыстан шығу көбейіп кетті. Келесі жылы АӘК берудің жаңа механизмдері енгізіледі.

Халықпен байланысты нығайту, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп мемлекет саясатын түсіндіру қолға алынуда. Қоғамдық кеңес жұмыстарын ширатуға көңіл бөлінуде. Мемлекеттік мекеме басшыларының жұмыс көрсеткіші әлеуметтік сауалнамалар арқылы бағаланады.

Бүгін педагогикалық ұжымдармен кездестік. Білім сапасын арттыруға байланысты басым ба-ғыттарды айттық. Үкімет ҚР Тұңғыш Президент қорымен бірлесіп «Ел үміті» деген жобаны әзірлеп жатыр. Оған жауапты министрліктер бекітілді. «Ел үміті» аясында мыңдаған дарынды баланы жан-жақты қолдауға жағдай жасаймыз.

Колледждер мамандар даярлауға қатысты жұмысты ширатуы тиіс. Президент нарыққа сәйкес мамандықтарды оқыта алмай отырған ЖОО-лар санын қысқартуға тапсырма берді.

Медициналық қызметкерлер өз міндетіне мұқият болуы керек. Азаматтар да құқықтық жауапкершілігін сезіне білуі тиіс. Ел Үкіметі денсаулық саласына қатысты жаңа Кодекс жобасын Мәжілістің қарауына ұсынды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға байланысты бағдарлама дайындады. Бағдарламаға сәйкес әр ауылда медициналық қосын салынуы тиіс. Денсаулық сақтау саласында мамандар жетіспеуде. Енді жоғары оқу орнын бітірген мамандарды ауылдарда үш жыл қызмет етуді міндеттейміз. Қазіргі уақытта халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы – 73 жыл 4 ай. Осы көрсеткішті 75 жасқа дейін көтеру міндеті қолға алынып отыр. Үкімет тарапынан дәрі-дәрмек бағасын негізсіз өсірмеуге қатысты шаралар қабылдануда. Келесі жылы  мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылады. Әлеуметтік сақтандыру пакетіне ие болу үшін әр тұрғын емханада есепке тұруы тиіс. Елбасы тапсырмасына сәйкес тұрғындардың 30 пайызы спортпен айналысу керек екенін білесіздер, –  деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев.

Жиында сөз алған облыстық аналар кеңесінің төрайымы Шалқыма Құрманалина отбасындағы әке тәрбиесін арттыруға қоғам  болып көңіл бөлу керектігін айтса, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла Ақ Жайық өңірінен шыққан ақын Жұбан Молдағалиевтың туғанына 100 жыл болуына байланысты халықаралық және республикалық деңгейде шаралар өткізіп, Алматыда еңселі ескерткіш  орнатуды  ұсынды.

Нұртай  ТЕКЕБАЕВ,

Рауан САТЫБАЛДИЕВ,

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА,

Аяужан  КЕРЕЕВА

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар