14.10.2019, 21:01
Қараулар: 271
«Есімін ұлықтаған Ғұмар елі»

«Есімін ұлықтаған Ғұмар елі»

Ұлы ойшыл, ақын Ғұмар Қараштың туғанына 145 жыл  толуына орай Борсы ауылында дәл осындай атаумен мәдени-көпшілік шара өтті. Аудан әкімінің орынбасары Жұбаныш Хайруллин жиналған қауымды мерекемен құттықтап, сөз сөйлесе, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Уәлиев ғұламаның өмірі мен қызметі туралы баяндама жасады. Салтанатты шара Ғ. Қараш атындағы мектеп оқушыларының ақын өлеңдерін мәнерлеп оқу, ауданның жезтаңдай әншілері мен ауылдың мың бұралған бишілерінің өнерімен жалғасын тапты.

Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық пен «Ақбастау» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен мереке құрметіне жастар спартакиадасы өтті. Ауылдық округ өкілдері қатысқан спартакиадада қазақша күрес, ләңгі тебу, қымыз ішу, өгіз тартыс, асық ату, арқан тартыс, тоғызқұмалақ сияқты ұлттық ойындар мен аударыспақ, жамбы ату ұлттық ат спорты ойындарында жастар белсенділік танытты. Дәлірек айтсақ, қазақша күресте 70 келіге дейін салмақ дәрежесінде қыздар арасында жақсыбайлық Дәрия Жәрдемова, ерлер арасында Балтабай Айдарханов  I орынға ие болды. Ал 70 келіден жоғары салмақта қыздардан ақобалық Жансая Ахметәлиева, ерлерден ұзынкөлдік Ринат Әубекеров бірінші орындардан көрінді. Ләңгі тебуден ұзынкөлдіктер бірінші орынға ие болса, қымыз ішуден таулықтар алға шықты. Өгіз тартыстан таулық Нұрхат Хамиев ешкімге дес бермеді. Асық атудан қыздар арасында Жақсыбай ауылы командасы жақсы нәтиже көрсетсе, ерлер арасында Тау ауылының өкілдері бір адым алға басты. Арқан тартыста да таулықтар оза шапты. Тоғызқұмалақ ойынында қыздар арасында бірінші орынды Зәуреш Сыдықова (Ұзынкөл) алса, ерлерден Сәкен Құндызбаев (Тау) ие болды. Ұлттық ат спорты ойыны аударыспақтан 70 келіге дейін және 70 келіден жоғары салмақ дәрежесінде ақобалық Ержан Батырашев пен жәнібектік Мирас Берікбаев I орын  алды. Ал жамбы атудан Жәнібек ауылының мергендері ерекше көзге түсті. Жалпыкомандалық есепте Тау, Ақоба, Жақсыбай ауылдарынан келген спортшылар жүлделі орындарды өзара бөлісті.

Жүлдегерлер мен жеңімпаздарға ұйыдастырушылар атынан диплом мен естелік сыйлықтар табыс  етілді.

Той Борсы ауылдық мәдениет үйінде ақынға арналған мерекелік концертке ұласты. Шарада Ғ. Қараш атындағы мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қымбат Осатова мен 10-сынып оқушысы Асылан Құзайыр баяндама жасады. Олар сондай-ақ облыстық және аудандық деңгейде Ғұмар оқулары дәстүрлі түрде өткізіліп, аудандық газеттің атауын «Ғұмар елі» деп өзгерту жөніндегі ұсыныстарын білдірді.

Батыс өңірінде бұрын-соңды болмаған 100 шақырымдық бәйгеге қатысушылар баспасөз мәслихатын өткізді. Онда шабандоздар мен ат иелері таныстырылып, реттік нөмірлері табысталды. Аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Орынбасар Ғилымов, аудандық ат спорты федерациясының президенті Арсен Кенжәлиев және Борсы ауылдық ат спорты федерациясының басшысы Марал Әбілов жүз шақырымдық бәйгенің бүге-шігесін түсіндіріп, шабандоздарға сәттілік тіледі. Аттарды қадағалау үшін мәреге жеткенше төрт пункт орналасты. Дәлірек айтсақ, Тегісшіл елді мекені, Қамысты, Тау ауылдарында және Жәнібекке 12 шақырым жерде фельдшер, ветеринариялық дәрігер, учаскелік инспектор және ауылдық округ әкімі аппараттарының мамандары қадағалап отырды. Бәйгеге Маңғыстау облысынан, Тасқала, Бөкей ордасы, Қазталов және Жәнібек аудандарынан 22 ат қатысты. Борсы-Жәнібек арасындағы жүз шақырымдық бәй-генің жалпы жүлде қоры 2 млн. теңгені  құрады.

*  *  *

Далалық думан аудан орталығында жалғасын тапты. Ғұлама ғалым, ұлы ойшыл Ғұмар Қараштың 145 жылдығына арналған 100 шақырымдық дүбірлі дода Жәнібек ауылында өз мәресіне жетті. Аламанға қатысқан 22 аттың ішінде оқ бойы озық келген он ат иесі марапатталды. Осы он аттан ең бірінші болып мәреге жеткен сәйгүлік 100 шақырымдық бәйгені 4 сағат 45 минутта бағындырды. Ал аламан бәйгеге белгіленген уақыт 6 сағатқа жоспарланған болатын. Онда қамыстылық Асланбек Шәріпов I орын (500 мың теңге), бөкейордалық Бейбарыс Шайхуллин II орын (250 мың теңге), күйгенкөлдік Жасұлан Темірғалиев III орын (150 мың теңге) алып, үздік үштіктің қатарынан көрінді. Қазталовтық Райымбек Кеңесов пен Бекзат Нұртаев, жәнібектік Жанарбек Биәлиев, тасқалалық Хансұлтан Аяпбергенов, тегісшілдік Алдияр Жұмағалиев, борсылық Дидар Хаменов, ұзынкөлдік Беделбек Хамзин үздік ондықтың қатарына еніп, әрқайсысы 50 мың теңге ақшалай  сыйлыққа  ие  болды.

Гүлзара  ТІЛЕКҚАБЫЛҚЫЗЫ,

Гүлім  АСҚАРҚЫЗЫ,

Жәнібек  ауданы

Суреттерді түсірген Асылжан ТҰЯҚОВ