14.10.2019, 20:59
Қараулар: 259
Нан — біздің басты байлығымыз

Нан — біздің басты байлығымыз

Үкіметтің қаулысымен биылдан бастап елімізде  16 қазан – Нан күні болып бекітілді. Ал халқымыз ежелден-ақ «Ас атасы – нан» деп бұл тағамды аса қадір тұтқан. Нан күні  ата-бабаның осы ұлы сөзін ұлықтаудың бір көрінісі десек, қателеспейміз.

АС АТАСЫ – НАН

Үйге келген адамға «Нан ауыз ти» деп, ең алдымен нан ұсынатын  халқымыз  оны қашанда қасиетті санаған. «Нанды баспа, жерге тастама», «нанды бір қолмен үзбе», «нанның үстіне зат қойма» деген секілді тыйым сөздер соның бір дәлеліндей.

Қазақ халқында ең ежелгі нан түрі ашытылмаған қамырдан жасалған «қазақтың қара қатырмасы» деп аталады. Этнологтар  қазақ халқының астықтан нан өнімдерін қоламтаға көміп пісіру, табаға, қазанға, тасқа жауып пісіру және тоң майға, өсімдік  майына қуырып пісіру секілді түрлерін айтады. Осындай түрлі тәсілмен пісірілген нанның атаулары да әр түрлі. Нан, күлше, бәтір, қарыма,  бауырсақ, жайма деп аталады. Мәселен,  қоламтаға көму арқылы қоламта нан, күлше дайындалған. Бұл нанды пісіру үшін  қамырды дөңгелектей жазып, оттың шоқ араласпаған ыстық қо-ламтасына көміп пісіреді. Егер ұсақтап кесіп, қоламтаға көмсе, ол тоқаш деп аталған. Бұлай пісірілген нан орта ғасырларда да «көмәш» – күлге көмілген нан, «күзмән» – көмпеш нан делінген екен. Бұлардан басқа  шоқ үстіне қою арқылы таба нан, ыстық қазанға, қыздырылған, жалпақ жұқа тасқа қарыма нан, қазан жаппа дайындалған. Күні бүгінде  дәмді ас саналатын ішіне туралған ет салынып табаға пісірілетін кісе нан да бар. Ал қамыр жаймаға малдың, құстың етін орап, пешке пісірген бөкпе нанды бәліш, ертеректе бүйрек, бүйрекше нан деп  те  атаған.

Дерек көздері нанның  неолит дәуірінде пайда болғанын көрсетіп отыр. Алғашқы нан жарма мен судан даярланған екен. Ғалымдар ашытқыдан жасалған нанды алғашқы рет Мысырда 7500 жыл бұрын пайда болған деп есептейді. Көне заманның өзінде  нанның әр алуан түрі болған.  Мәселен, Ежелгі грекиялық Афинейдің «Даналар тойы» шығармасында нанның түрлері, тәтті тоқаш, печенье және басқа да тағамдар суреттелген екен. Сонымен қатар  шелпек, бал қосылған нан, көкнәр дәні себілген саңырауқұлақ түріндегі бөлкелер және әскери тағам саналған  шанышқымен қыздырылған еспе нандар болған. Бір қызығы, Орта ғасырдағы Еуропада нанды   үстел жабдығының бір бөлігі ретінде пайдаланған екен. Үстелге  ылғалды өзіне сіңіріп алатын тәрелке ретінде шамамен 15 см де 10 см болатын кебір нан кесектері қойылған. Ас ішіп болған соң, ол «нантәрелкелерді» кедейлерге немесе иттерге берген. Бүгінде жер бетіндегі адамдардың бір кісідей бағалап, тұтынатын  жалғыз  тағамның  нан екені де ғылыми түрде дәлелденген. Ал зерттеушілердің айтуынша, әлемдегі барлық адам күніне кем дегенде 9 миллион  бөлке нан жейді екен. Бұндай мөлшердегі наннан 90 млн. дана бутерброд жасауға болады. Ал егістікте жүрген комбайн 9 секундта 70 бөлке  нан пісіруге жететін астық  орады  екен.

НАУБАЙШЫНЫҢ ТАНЫМБЕЛГІСІ

Әр елде даярлануына қарай нан атауы да, шығу тарихы да  түрліше.  Мәселен, Германияда XIV ғасырдан бері брецель наны наубайшының танымбелгісі (эмблема) саналады екен. Сондықтан да наубайханаларда, нан өнімдерін дайындайтын фирмалардың маңдайшаларында  суреті ілініп тұратын көрінеді. Бүгінде дүкендердегі нан сөрелерінде ұзын, көз тартатын бөлкелер француз багеті деп аталады. Оның шығу тарихы жөнінде түрлі пікірлер бар. Сол деректің бірі наубайшылар француз әскерлері нанды шалбарларына салып жүру үшін  оны  әдейі жіңішке әрі ұзын етіп пісірген дейді. Ал келесі дерек бұдан өзгеше. ХІХ ғасырда Париждегі туннельді қазған жұмысшылар арасында жанжал жиі орын алған. Ал олардың әрқайсысының нан кесетін пышағы болған. Сол кезде метро жобасының авторы  Фюльжанс Бьенвеню наубайшылардан қолмен үзіп жейтін нан пісіруді сұрайды. Сол арқылы  жұмысшылардың  пышағын  жинап алған. Содан бері  багетті тілмей, қолмен үзіп жейді екен. Осы секілді Ресей, Украина, Беларусь елдерінде  каравай, АҚШ-та бейгл, Батыс Еуропада бисквит,  Әзірбайжанда юха, Португалияда фолар, Израильде маца және басқа да елдерде  нан түрлері бар. Мәселен, Үндістанда сұлыдан жасалған өнім нан деп аталады. Нанның негізгі бөлігі – жұмсақ қамыр. Бүгінде, әсіресе, жастардың сүйіп жейтін асына айналған  пицца – Италияның  ашыған қамырдан дайындалатын ұлттық тағамы. Пиццаны  көне гректер мен римдіктер де пайдаланған. Ал Еуропаға қызанақтар тасымалданғаннан кейін, 1522 жылы Неапольде итальяндық пицца үлгісі қалыптасқан. XVII ғасырда пицца даярлайтын арнайы адамдар – «пиццайоло» пайда болған екен.

Айта кету керек, 1996 жылы  Мексиканың Акапулько қаласында жергілікті наубайшылар  ұзындығы  9 шақырым  батон пісіріп, рекорд  жасаған  екен.

АЛТЫН ДӘН АЛҚАБЫ

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының  берген мәліметінше, биыл облыста бидай 184,8 мың гектарға егілген. Егістік алқаптан 179,8 мың тонна бидай жиналып отыр. Орташа өнімділік әр гек-тарына 11,4 центнерден  болса, алынған өнім – 204,7 мың тонна. Төртінші қазандағы мәліметке сәйкес, өңірдегі элеваторларға 117 мың тонна астық түскен. Оның 98,2 мың тоннасы бидай бол-са, 3,0 тоннаны арпа, қалғанын басқа дақыл түрлері құрап отыр. «Өткен жылмен салыстырғанда  биыл бидайдың шығымы да, өнімділігі де жоғары. Былтыр өңірде құрғақшылық болды. Орташа өнімділік 7,7 ц/гектар болған еді.

139,1 мың тонна  өнім  алынды. Ал алдағы жылы 150 мың гектарға бидай егу жоспарланып отыр.  Қазірдің өзінде 81 мың гектарға күздік дәнді дақыл егілді. Соның ішінде күздік бидай 72 мың гектар болса, күздік қара бидай 9 мың гектарды құрайды. Биыл жиналған астық көлемі азық-түлікке, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге және мал азығына толығымен жетеді деп болжануда», – дейді басқармадағы егін шаруашылығы бөлімінің бас маманы  Алмагүл  Оразғалиева.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мақсат Құланбаевтың мәліметінше, Орал шаһарындағы апта сайын ірі сауда базарлары мен супермаркеттерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларға, соның ішінде бірінші сұрыпты ұннан жасалған нан баға-сына мониторинг жүргізіледі. Қазір 1-сұрыпты ұннан жасалған нан бағасы жергілікті тауар өндірушілердің фирмалық дүкендерінде  80 теңге болса, қаладағы  орташа  баға 85-90  теңгені құрайды.

– Облыстағы нан өнімдерінің негізгі өндірушілері болып  «Талецкий» ЖК,  «Исаев Х.» ЖК және «Антипов» ЖК саналады. Ал аудан орталықтарында нан өнімдерін дайындайтын наубайханалар жұ-мыс істейді. Жыл басында 1 сұрыпты ұн және 1 сұрыпты ұннан жасалған нан бағаларының біртіндеп өсуі байқалған болатын. Оған елдің ішкі нарығында бидай құнының едәуір қымбаттауы себеп болды. Қазір фирмалық дүкендердегі бірінші сұрыпты ұннан жасалған нан бағасы тұрақты, – дейді Мақсат Мейрамғалиұлы.

«ҰЛТТЫҚ  ТАҒАМДЫ НАСИХАТТАУ  КЕРЕК»

Нанды ерекше қадірлеген халық болсақ та,  осы күндері  ас атасын аяқ астына лақтырып, қоқысқа тастайтындар жиі кездесіп жүр.  Бұл тоқшылық па, әлде  ысырапшылық  па?

– Жалпы ұлттық тәрбие, ұлттық ұстаным отбасынан басталады. Мен – әже тәрбиесін көрген, ананың ақылын тыңдап өскен, әкенің қабағына қарап, мінезін танитын ұрпақтың өкілімін. Әжеміз бізге «ас атасы – нан, нанды қорламаңдар, үкпеңдер, шашпаң-дар» деп үйретті. Нанды қадірледік. Кеңес дәуірінде жоқшылықтың кейбір шет жағасын көрдік. Жүгерінің нанын, қара нан жедік. «Нан болса, ән болады» деп өстік. Астық өсірумен айналысқан шар-уашылықтардағы қырманда еңбек еттік. Дән жинадық, тазаладық, ұшырдық, тиедік. Осындай еңбектің бәрін көзімізбен көргесін бе, бүгінгі күні көшеде шашылып, аяқ астында  жатқан  нанды көргенде жаным ауырады. Жалпы, нан –  адам ағзасына өте пайдалы тағам.

Бүгінгі ұрпаққа «нанды қадірлеңдер, нан – біздің ең басты байлығымыз, нан жоқ болса, аштық басталады, Алла тағала одан сақтасын дегім келеді. Елімізде Нан күнінің белгіленгенін өте орынды деп есептеймін. Осындай күнде жас ұрпаққа ас атасы – нан екенін ұғындырып, оны қадірлеуге, ұннан жасалатын ұлттық тағамдардың түрлерін насихаттауға, нанның құрметті тамақ екендігін санаға сіңіруге бағытталған  тәрбиелік сағаттар, мәні бар шаралар ұйымдастыру қажет деп ойлаймын. Қазір нанды қоқысқа  лақтырады. Нанға деген құрметтің азаюы – ысырапшылдық. Ысырапшылдық дегеннің өзі жақсы нәрсе емес. Баяғыда әжем: «Жұт болатын жылы жұрт малын оңды-солды сойып, етті күтпей, сасытып, күлге лақтырып, құтырып кетіп еді. Содан кейін жұт болды» деп отыратын. «Бардың қадірін білмеген, жоқтың жөнін таба алмас» дейді ғой қазақ. Енді осындайдан сақтасын. Әсіресе, жас қыз-келіншектер, келіндер нан қасиетіне  көңіл бөлсе, жақсы болар еді. Нанның қадірін ас әзірлейтін әйел адамдар түсінбесе, ер адамдар, бала-шаға қайдан біледі? Бүгінгі аналар қазақтың танымын, ырымын балалардың санасына сіңіре отырып,  бұл бағытта үлкен тәрбиелік жұмыс жүргізу керек деп ойлаймын, – дейді ақын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Шолпан Қыдырниязова.

Ясипа Рабаева,

“Орал өңірі”

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар