14.10.2019, 20:39
Қараулар: 174
Саратовпен байланыс жаңа арнада дамымақ

Саратовпен байланыс жаңа арнада дамымақ

Өткен  апта  соңында  облыс  әкімі  Ғали  Есқалиев  бастаған  өңір  делегациясы Ресейдің  Саратов  қаласында  өткен  экономикалық  форумға  қатысты.

Айта кетейік, Саратов губерниясы еліміздің тек Батыс Қазақстан облысының аумағы арқылы байланысады. Соған орай жиында ең алдымен біздің өңірдегі кәсіпорындармен экономикалық ынтымақтастықты дамытуға үлкен мән  берілді.

«Движение только вперед» деп аталатын форум барысында Озинки ауданынан Саратов қаласына дейінгі жолды қайта құру жұмыстары жүргізілетіндігі мәлім болды. Жөндеу жұмыстары 2021 жылдан қалмай аяқталады деп жоспарланған. Саратов облысының бизнес өкілдерінің есептеулеріне сәйкес, 2021 жылы бұл бағыт бойынша көлік ағымы тәулігіне кемінде 5 мың бірлікті құрамақ.

БҚО әкімімен кездесу барысында ресейлік бизнес өкілдері осы бағыттағы жол бойынан газ жабдықтарын шығаратын бірлескен кәсіпорындар құруға, көлік тұрақтайтын кемпингтер мен метан жанар-жағармай бекеттерін салуға, қажет жағдайда облыстың барлық аумағын қамтитын жедел іздестіру жүйесін енгізуге, күнбағыс тұқымдарын тасымалдау секілді бірқатар жобаларға қызығушылық танытатындарын айтты.

БҚО өкілдері өз кезегінде ресейлік серіктестеріне осы елге экспортталатын ет, макарон өнімдерін, трансформаторлар тасымалы көлемін арттыруды ұсынды.

Жиын барысында мәлім болғандай, Ресей Федерациясы аймақтарының басшылары инвесторларды тарту бойынша бірқатар басымдыққа ие. Атап айтқанда, олар аймаққа инвестиция салған кәсіпорындардан алынатын табыс салығының мөлшерлемесін өз шешімдерімен төмендете алады екен.

Іссапар барысында облыс әкімі Ғали Есқалиев Приволжье теміржолы  бастығы Сергей Алмеевпен кездесті. Кездесуде олар Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарына жүк тасымалы жағдайын жақсарту туралы сөз қозғады.

Қазақстан халқы ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ҚХА сиезінің бірінде ассамблея құрамына кіретін халықтарының тарихи отаны болып табылатын елдердегі бизнес өкілдерімен қарым-қатынасты жандандыру қажеттігін  атап  өткен  болатын. Соған орай аталған форум барысында БҚО ҚХА төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов Саратовта қазақстандық достардың іскерлік клубын құруды ұсынды. Бұл ұсыныс Саратов облысының қазақ диаспорасы мен бизнес өкілдері тарапынан қолдау тапты. Кәсіпкерлердің бейресми клубы осы жылдың қараша айынан бастап жұмыс істемек.

Аталған клубта әр түрлі инвестициялық идеялар талқыланып, ол сауда саласындағы ынтымақтастықты нығайтады және нақты бір жобаны қолдау үшін аймақ басшылығына шығуға қолжетімділікті арттыра түседі деп жоспарлануда.

Форум аясында өңір басшысы Ғали Есқалиев Саратов облысының губернаторы Валерий Радаевпен де кездесті.

Кездесуде басшылар экономикалық мәселелер, «Фомин» өткізу пунктінің жұмысы, аймақтардың шекарасында логистикалық орталық құру, мәдени және ғылыми ынтымақтастықты кеңейту жайттары  талқылады.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев біздің өңірде болмаған губернаторға келесі жылы Орал қаласына жұмыс сапарымен  келуге  шақырды.

Батыс  Қазақстан  облысы әкімінің  жұртшылықпен байланыс  жөніндегі  қызметі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар