14.10.2019, 20:38
Қараулар: 179
72 тасқалалық баспаналы болды

72 тасқалалық баспаналы болды

Тасқала  ауданында  «Нұрлы жер»  мемлекеттік  бағдарламасы  аясында  салынған  72  пәтердің  кілті  иелеріне табысталды.

Аудан орталығына арнайы жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Ғали Есқалиев жаңадан бой көтерген  қос тұрғын үй мен «Әлем» супермаркетінің ашылуына куә болып, күрделі жөндеуден өткен Садық Жақсығұлов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің жағдайымен танысты.

Тұрғын үйлер аудандағы әлеуметтік әлсіз санатқа жатқызылған 72 отбасыға берілді. Тұрғын үйдің құрылысына мемлекеттік бюджеттен 800 миллионнан астам теңге бөлінген.

– Жаңа қоныс иелері үшін өте қуаныштымыз. Кең және жылы үйлеріңіз  сіздерге бақыт әкелсін. Тасқаланың болашағы зор. Таяу жылдары шекарадан Саратов қаласына дейінгі жол құрылысы аяқталады. Сонда тасжол бойымен қатынайтын көліктердің легі артып, жергілікті тұрғындардың бизнес ашуға, кірістерді ұлғайтуға мүмкіндіктері мол болады, – деді тұрғындардың қуанышымен бөліскен  облыс  басшысы.

Сондай-ақ Тасқала ауылында «Әлем» супермаркетінің ашылуы  өтті. Жоба  облыс әкімінің  инвестиция тарту  туралы  тапсырмаларын  орындау аясында аудан басшылығының қолдауымен жүзеге асып отыр.

– Біздің елде бизнесті бастау үшін барлық жағдай жасалған. Фермерлерге субсидиялар, сауда-саттық үшін тиімді несиелер берілуде. Бұл супермаркет 25 жұмыс орнын ұсынуда.  Құрылыс үшін шамамен 80 миллион теңге инвестицияланды. Бұл –  мол қаржы. Сауда орнының иесі Қуанжан Абатовқа сәттілік тілеймін. Біз осындай кәсіпкерлік бастамаларды құптаймыз және қолдаймыз, – деді облыс  әкімі  Ғали  Есқалиев.

Сондай-ақ өңір басшысы аудан орталығындағы күрделі жөндеуден өткен мектептің  жұмысымен танысты. С. Жақсығұлов атындағы орта мектеп 1962 жылы салынған. Мектепті күрделі жөндеуге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен 102,5 млн. теңге бөлінген. Мектептің жаңғыруы Кеңес Одағының Батыры Садық Жақсығұловтың 95 жылдығына сәйкес келуде. Қазір мұнда 277 оқушы  білім  алуда.

– Мектепте жылу жүйесі іске қосылған. Кабинеттері  жарық, электр желілерімен жабдықталып, қасбеті  абаттандырылған,  –  деді мектеп директоры Айгүл Касимова.

Тасқала ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Бастау ауылындағы аумағы 10 гектар болатын су қоймасының қалпына келтіру жоспарымен танысты. Аталмыш су қоймасы 1980 жылдардың басында салына бастаған. Алайда  әр түрлі себептерге байланысты жоба соңына дейін жүзеге асырылмапты. Өңір басшысы аудан әкімі Алдияр Халеловке су қоймасының жобалық құжатта-масын жетілдіріп, ұсынуды тапсырды.

Батыс  Қазақстан  облысы әкімінің  жұртшылықпен байланыс  жөніндегі  қызметі