14.10.2019, 20:32
Қараулар: 184
Жәрмеңкенің «пропискасы» өзгерді

Жәрмеңкенің «пропискасы» өзгерді

Ауа райының суытуына байланысты Орал қаласындағы М. Ықсанов көшесінде ұйымдастырылып келген ауыл шаруашылығы өнімдерінің дәстүрлі жәрмеңкесі 12 сенбіден бастап басқа орынға ауысты. Енді әр сенбі сайын жергілікті тауар өндірушілер өз өнімдерін Д. Нұрпейісова көшесі, 40/2 мекенжайы бойынша орналасқан «Весы» сауда үйінде ұсынатын болады. Кәсіпкерлерге сауда алаңдары бұл жерде де тегін беріледі. Бұл, біріншіден, өңірлік тауар өндірушілердің өнімін өткізудің тиімді тәсілі болса, екіншіден, ел-жұрттың қаржысын үнемдеуге үлкен септігін тигізеді.

Өткен сенбі күні «Жалын» базарының маңында өткен жәрмеңкеге Орал қаласы мен Бәйтерек, Бөкей ордасы, Теректі, Қазталов аудандарынан келген алпысқа жуық тауар өндіруші қатысты. Әсіресе, аудан-ауылдан әкелінген сиыр және жылқы етіне сұраныс жоғары болды.

Жәрмеңкеде барлығы екі бас жылқы еті, жеті бас сиыр еті, бір бас қой еті, 7200 дана жұмыртқа, 15 тонна картоп, 0,1 тонна қияр, 0,3 тонна қызанақ, 0,5 тонна қырыққабат, 0,8 тонна сәбіз, 12 тонна пияз, 0,2 тонна бұрыш, 0,4 тонна балық, сондай-ақ шұжық өнімдері мен жеміс-жидектер сатылды.

Жәрмеңкедегі бағалар бұл жолы да нарықтағы бағадан 10-15% төмен болды. Мәселен, қырыққабаттың келісі 80 теңгеден, картоп 65 теңгеден саттыққа шығарылды.

Кезекті ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі 19 қазан күні сағат 9.00-13.00 аралығында өтеді.

Динара  ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар