14.10.2019, 20:31
Қараулар: 214
Жатақхана салған кәсіпкерді мемлекет қолдайды

Жатақхана салған кәсіпкерді мемлекет қолдайды

Облыста 1800 студент жатақханаға мұқтаж. Ал еліміз бойынша жатақханадан орын таба алмай, пәтер жағалап жүрген білім алушылардың саны 90 мыңнан асып жығылады. Елбасының бес әлеуметтік бастамасында жатақхана тапшылығын жою мақсатында 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақханалар салу міндеттелгені белгілі. Бұл маңызды әрі жауапты тапсырманы орындауды ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Қаржы орталығы» АҚ отандық инвесторлармен бірлесе отырып, қолға алмақ.

Өткен апта соңында облысқа арнайы келген «Қаржы орталығы» АҚ-ның студенттік жатақханаларға операторлық жасау жөніндегі департаментінің директоры Біржан Әлімжанов Батыс Қазақстан облысының өңірлік кәсіпкерлер палатасында және «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорының аймақтың филиалында жергілікті іскер топ өкілдерімен кездесіп, жобаны жүзеге асыру тетіктері туралы әңгімелеп берді.

Кездесулердің қорытындысы бойынша өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында баспасөз мәслихатын өткізген Біржан Әлімжановтың айтуынша, жергілікті оқу орындары немесе инвесторлар мемлекеттік тапсырыс негізінде ғимаратты жаңадан салады немесе дайын тұрған нысанды жатақханаға айналдырады. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 152 млрд. теңге бөлінбек.

Жобаны жүзеге асыруда үш маңызды талап қойылады. Біріншіден, бұл жатақханаларда тек студенттер ғана тұруы керек. Мемлекеттік тапсырыс бойынша жан басына қаржыландыру ұстанымы (принципі) жұмыс істейді. Екіншіден, мемлекеттік тапсырыстар ай сайынғы төлеммен сегіз жыл мерзімге орналастырылады. Мереке күндері соңғы академиялық айда тұратын студенттер саны ескеріледі. Үшіншіден, бір студентке шаққандағы мемлекеттік тапсырыс мөлшері құрылыс кезінде – 122 АЕК, қайта құру кезінде – 47 АЕК құрайды.

Осылайша инвестор жатақхана құрылысына жұмсалған барлық шығынды сегіз жылда қайтарып алады. Оған қоса жатақхана иесі тұру құнын өзі белгілеп, ғимараттағы бос орындарды жалға беріп, асхана, сұлулық салоны, жаттығу залдары сияқты коммерциялық нысандарды аша алады. Нысан кейін инвестордың иелігінде қалады, алайда жатақхана 20 жыл бойы тек студенттерге ғана қызмет етуі тиіс.

Министрлік өкілінің айтуынша, студенттердің ай сайынғы тұру ақысы мемлекеттік тапсырыс құрамына кірмейді. Оның мөлшерін сол өңірдегі нарық бағасына сәйкес жатақхана иесі реттейді. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау және Қарағанды қалаларында аталған механизм бойынша жатақханалар пайдалануға берілген. Бұл қалалардағы бір студенттің орташа тұру құны айына 5-10 мың теңгені құрайды. Табыс-кірісі аз отбасылардың ұл-қыздарына, мүмкіндігі шектеулі студенттерге және оқу озаттарына жеңілдіктер қарастырылған.

— Батыс Қазақстан облысында да осы жобаға қызығушылық танытып отырған инвесторлар бар. Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті өз қаражаты есебінен 500 орындық жатақхана құрылысын жүзеге асыруда. Жергілікті жеке кәсіпкер 100 орындық жатақхана құрылысын қолға алмақ. Өңірде 1800 студент жатақханаға мұқтаж екенін ескерсек, бұл қос жоба сұранысты толық өтемейді. Сондықтан біз екіжақты тиімді келіссөздер жүргізуге әрқашан дайынбыз, — деді Біржан Нұржанұлы.

Баспасөз мәслихатында үш ауысымды оқытуды және апатты мектептерді жоюға бағытталған әлеуметтік инвестициялар туралы да айтылды. «Қаржы орталығы» АҚ-ның Білім беруді мемлекеттік қаржыландыру жүйесін дамыту департаментінің менеджері Әйкерім Асанованың мәлімдеуінше, елімізде оқушы орнының тапшылығы 196 мыңды құрайды. Мемлекет бұл мәселені жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізе отырып, жеке меншік мектептер санын арттыру арқылы шешуді көздеп отыр. Егер жан басына қаржыландыру енгізілгенге дейін елімізде 121 жеке меншік мектеп болса, бүгінгі таңда олардың саны 146-ға жеткен. Жыл басынан бері 47 жеке мектеп ашылған, жыл соңына дейін тағы 13 жеке мектеп пайдалануға берілмек.

— Сіздің өңірде оқушы орнының тапшылығы 1300 орынды құрайды. Орал қаласында әзірге тек үш жеке меншік мектеп бар. Олардың екеуінде 230 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған. Облыста жеке жатақхана мен жеке мектептерге сұраныс бар. Сол себепті жергілікті кәсіпкерлер мен инвесторларды әріптестікке шақырамыз, – дейді «Қаржы орталығы» АҚ өкілдері.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі» 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар