14.10.2019, 20:30
Қараулар: 287
Қаратөбеге көшіп келушілер көп

Қаратөбеге көшіп келушілер көп

Өткен жылы құрылғанына 90 жыл толған Қаратөбе ауданының облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесі айтулы. 15 мыңнан астам халық мекендейтін қаймағы бұзылмаған аталмыш аудан мемлекеттік бағдарламалардың нәтижелі жүзеге асуының арқасында күннен-күнге көркейіп келеді. Биыл ауылдан қалаға қоныс аударған отбасыларға қарағанда, керісінше қаладан ауылға көшіп келушілердің мол болуы ауыл-аймақтың ахуалы жақсарып келе жатқандығының нақты дәлелі болса керек.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қаратөбе ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы баяндаған аудан әкімі Жанат Асантаев мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалардың арқасында халықтың тұрмысы жақсарып, кәсіпкерлік кең өріс алып отырғанын айты.

– Ауданда 239 шаруа қожалығы бар. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 3 млрд. 117 млн. 200 мың теңгені  құрады. Аудан бойынша  3213,7 тонна ет, 7330,8 тонна сүт өндірілді. Шетелден асыл тұқымды мүйізді ірі қара малдың аналығын сатып алуға, яғни импорттауға бағытталған жұмыстар қарқынды жүруде. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша төрт шаруа қожалығы Ресейден 133 бас, «Терра» ЖШС арқылы 243 бас ірі қара малдың аналығын сатып алды.

Былтыр «Кублей» ЖШС ет өңдеу кәсіпорны арқылы шетелге 64 тонна ірі қара мал еті, 10 тонна қой еті экспортқа шығарылды. Бұның сыртында «Қоржын» мал сою кешені арқылы дайындалған 10 тонна қозы еті тікелей Ресейге шығарылды. Биылғы жыл басынан «Кублей» ЖШС арқылы 67 тонна ірі қара малының еті, 11,5 тонна қой еті экспортталды. Жұмыстар әлі де жалғасуда, – деп атап өтті Жанат Асылханұлы.

Облыстың өзге аудандары биыл қысқы мал азығын дайындаудан қиындық көріп отырғанда, Қаратөбе ауданында қазірдің өзінде 61,75 мың тонна шөп шабылған. Бұл аудан қажеттілігінің 98,4 пайызын құрайды.

Қаратөбелік шаруалар еңбек өнімділігін арттыруда заман талабына сай инновацияға иек артуда. Аудан орталығынан алкогольсіз сусындар шығаратын зауыт ашылмақ. Құны 200,0 млн. теңге болатын жобаның жетекшісі – қаратөбелік  кәсіпкер. Жыл аяғына дейін іске қосылатын кәсіпорын отандық өнім шығарумен қатар, ауылдың 15 тұрғынын жұмыспен қамтымақ. Бұдан өзге биыл ауданда 300 орындық мейрамхана мен заманауи үлгідегі супермаркет салынған. Бір атап өтерлігі, ауданда жеке қаржы-қаражат бойынша инвестиция көлемі артып отыр.

Бұл қазіргі уақытта аудандағы жеке тұлғалар мен кәсіпкерлердің әл-ауқатының артқанын білдіреді. Өңірдегі 743 шағын кәсіпкерлік субъектісінің 180-і биыл жаңадан ашылған.

– Аудан бойынша 22 елді мекеннің 13-і орталықтандырылған, тоғызы орталықтандырылмаған ауыз сумен қамтылған. Қазіргі таңда Төлен, Сәуле, Бесоба, Алакөл елді мекендерінде жер асты сулары қорына зерттеу жүргізілуде. Нәтижесі биылғы жылдың қараша айында белгілі болған соң, аталған ауылдарға ауыз су жүргізуге жобалар жасақталып, құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады. Шалғын ауылында жер асты су қоры зерттелген, нәтижесі бар. Алдағы жылдары құрылыс жұмыстарын жүргізуге, жобалық-сметалық құжаттарын даярлауға облыстық құрылыс басқармасына хат жолданды.

Тұрғын үй кезегінде 210 адам тұр. Аудан тұрғындарының тұрғын үйге қажеттілігін өтеу мақсатында Қаратөбе ауылындағы «Темірауыл-2» тұрғын кешеніндегі бір пәтерлі 67 тұрғын үйдің құрылысы басталды, – деді аудан басшысы.

«Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы бойынша келген түрлі сала мамандарын әлеуметтік қолдау шаралары биыл да жалғасын табуда. Қазіргі таңда ауданда анестезиолог, невропатолог, жалпы тәжірибелі дәрігер сынды мамандарға қажеттілік бар.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»   

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар