14.10.2019, 20:29
Қараулар: 187
«ПАРА БЕРМЕ!» челленджі басталды

«ПАРА БЕРМЕ!» челленджі басталды

Қылмыстық статистикаға жүгінсек, барлық сыбайлас жемқорлық қылмыстарының 45 пайызы парақорлыққа тиесілі. Соңғы екі жылда өңірде пара алудың 48 фактісі тіркеліп, 24 адам сотталған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Серік Мұстафин мәлімдеді.

Анықталған қылмыстарды талдау көрсеткендей, 24 пара берушінің сегізі – лауазымды және оларға теңестірілген тұлға, оны – кәсіпкер және алтауы – жеке тұлға. Пара берушілердің дені параны рұқсат беру құжаттарын алу үшін, қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартпай, тексерудің оң актісін шығаруы үшін ұсынған. Бұдан өзге лауазымды тұлғалар жоғары зейнетақы, жұмысқа орналастыру, тұрғын үй беру, мүгедектік алу сияқты қандай да бір қызметтер мен жеңілдіктер ұсынғаны үшін де пара алған.

– Орал қалалық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция майоры Хуснитденов үш жылға бас бостандығынан айырылды. Орал қалалық сотының лауазымды адамдарына бөтеннің мүлкін ұрлау фактісі бойынша қылмыстық істі тоқтатқаны үшін азамат «В»-ны 1 200 000 теңге көлемінде пара беруге бопсалаған. Бұған қоса қала базарларында ет өнімдерін сататын тоғыз кәсіпкер Орал қаласының ветеринария бөлімінің мамандарына ветеринарлық анықтамасыз ет сатқаны үшін 1000-нан 5000 теңгеге дейін пара беріп, облыстың эпизоотиялық жағдайына қауіп төндірді. Олардың барлығы пара мөлшері мен пара алу-беру фактілеріне байланысты түрлі айыппұлдарға сотталды, – деді Серік Салықұлы. Сондай-ақ ол, – Біз қоғамды пара бермеуге, адамдарды өзіне де, жақындарына да ауыр зардап келтірмеуге шақырамыз, – дей келе азаматтардың сыбайлас жемқорлық фактілеріне тап болған жағдайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің 98-47-20 телефоны бойынша хабарласуына және Орал қаласындағы Құрманғазы көшесі, 89/1 мекенжайы бойынша жеке қабылдауға келуге болатынын айта кетті. Сондай-ақ тәулік бойы жұмыс істейтін 1424 нөмірі бойынша Call-орталыққа хабарлауға болады.

– Биыл ҚР Үкіметінің «Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлаған тұлғаларды көтермелеу туралы» қаулысы негізінде жалпы мөлшері 782 мың теңгеге бес адамды ынталандырдық. Сонымен қатар пара берген адам, егер оған қатысты пара бопсалау орын алса немесе бұл адам құқық қорғау құрылымына пара беру туралы өз еркімен хабарласа, қылмыстық жауаптылықтан босаты-лады, – деді Серік Мұстафин.

Баспасөз мәслихатында департамент мамандары облыста сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында #PARABERME челленджінің басталғаны туралы хабарлады. Облыс тұрғындарын #PARABERME деген жазуы бар парақты ұстап суретке түсіп, оны әлеуметтік желіге жариялау арқылы жемқорлыққа қарсылық білдіруге және белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырды.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»   

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар