14.10.2019, 20:28
Қараулар: 138
Бағымсыз мал – ұрының жемтігі

Бағымсыз мал – ұрының жемтігі

Мал ұрлығы жөнінен облыс бойынша бөкейліктер “көш бастап” тұр. Өткен жылы 11 мал ұрлығы тіркелсе, биылғы жылдың 9 айында 33 факт тіркелген. Мал ұрлығының ашылуы 75%-ды құрайды. Сегіз қылмыс ашылмай тұр. Бұл  туралы Бөкей ордасы ауданында өткен ведомствоаралық жиында айтылды.

Жиында сөз алған аудандық полиция бөлімі бастығының уақытша міндетін атқарушы Жангелді Салауатовтың айтуынша, бағымсыз мал ұрыларға оңай олжа боп отыр. Тіркелген фактілердің тек біреуінде ғана мал қорадан ұрланған. «Малым ұрланды» деушілердің басым көпшілігі ұрлық туралы екі ай, тіпті жарты жыл өткен соң полицияға келіп, шағымын тіркеткен. Әрине, мұндай жайттар – қылмыстың ашылмауының басты факторы. «Жылқым ұрланды» деп келген мал қожайыны жылқысының қай үйірден, қашан кеткенін білмейді. Тіпті жылқысының негізгі белгілерін айта алмайды.

– Мал ұрлығы ауданда орын алған жалпы қылмыстың 58,9%-ын құрап отыр. Мал ұрлығының басым бөлігі Хан ордасында (13 факт), Бисенде (12 факт) тіркелген. Жалпы саны  31 жылқы, 19 ірі қара, 23 ұсақ мал қолды болып, мал иелеріне жалпы сомасы 12,7 млн. теңгенің материалдық шығыны келтірілген.

Мал ұрлығының 85%-ы (28) еркін жайылымнан бағымсыз жүрген жерінен орын алған. Ұрлық фактілерінің 19-ы немесе 57%-ы жөнінде мал иелері полиция құрылымдарына 1-2 жыл өткен соң хабарлап, жедел-іздестіру шараларын дер кезінде жүргізіп, қылмыстарды уақытында ашуға кедергісін тигізуде.

Қазіргі таңда әрбір үшінші мал ұрлығы қылмысы ашылмаған, 9 немесе 40% осы санаттағы қылмыстық істер тараптардың өзара татуласуына байланысты сотқа дейінгі сатыда тоқтатылған. Осы өзара мәмілеге келудің өзін ұрлықтың тамыр жаюына бірден-бір ықпал етуші фактор деп тануға болады. Малы қолды болған азамат кінәсі мойындалып, қылмысы жария болған ауылдасын кешіріп, құн төленіп, шығын орнының толғанына риза болады. «Ұры материалдық шығынды қалай өтеді?» деген сауалға  жауап іздемейміз. Келер жылдың басында заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар ұрыларды тізгіндеп, жауапкершілікті қатайтады деп сенеміз, – деді аудан прокуроры Қанәбіл Төремұратов.

Ауданымыз транзиттік жол торабында тұрған, келім-кетімі көп аудан емес. Ұры да, малын ұрлатып, сан соғып қалған мал иесі де осы ауылдан. Бағымсыз, жайылымда еркін жүрген мал ұрыға олжа болмағанда қайтеді? Енді бір санаулы күндерде соғым науқаны кеп жетеді. Сол кезде мал ұрлығының саны мұнан да артады. Сондықтан да мал ұрлығының, заңсыз мал тасымалының алдын алу шараларын ширатуымыз керек, – деп шараны қорытындылаған аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов ауыл әкімдеріне нақты тапсырмалар берді.

Жиын соңында мал ұрлығының алдын алу және болдырмау мақсатында іс-шаралар жоспары жасақталды. Яғни барлық құзыретті және полиция құрылымдары малдың бағымын ұйымдастыруға, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруді жүйелі жүргізуге, мал сою мен ет өнімдерін өткізу орындарының қызметіне бақылауды күшейтуге мән бермек. Осы санаттағы қылмыстардың алдын алу мен ашылу деңгейін арттыру, мал айдау жолдарында «ерікті жасақшыларды» тарту арқылы патруль қызметін ұйымдастыру, аудан халқы арасында түсіндірме жұмыстарын кең көлемде белсенді атқару, шаруа қожалықтарымен бақылау құрылғыларын (дрондар, GPS-трекерлер) кеңінен қолдану, нормативтік-құқықтық әлеуетті жетілдіру тапсырылды.

Ұлпан ӘНУАРҚЫЗЫ,

Бөкей ордасы ауданы