14.10.2019, 20:27
Қараулар: 133
Адасқан жасөспірім анасымен табысты

Адасқан жасөспірім анасымен табысты

Таяуда, яғни 8 қазанда сағат 17-20 шамасында «102» нөміріне №5 емхана қызметкерлері хабарласып, үйін таба алмай адасып қалған 12-13 жас шамасындағы қыз бала туралы хабарлайды.

Бұл күні Орал қалалық полиция басқармасы ЖПҚб кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі ювеналды топтың инспекторы, полиция лейтенанты Светлана Райымқұлова тәуліктік кезекшілік қызметінде жүрген еді. Қабылданған жедел ақпарат бойынша №5 емханаға қарай бет алған С. Райымқұлова ақ халатты дәрігерлердің қолынан жасөспірім қызды жетектеп, жаймен сөйлесіп, полиция басқармасына алып келген. Істің жай-жапсарын сұрап-білген полиция қызметкері жасөспірім қыз баламен сөйлесіп, жеке басы туралы мәліметтерді анықтайды. Бұл жасөспірімді үйдегі ересектер өзін қалдырып, шаруаларымен тысқа шығып кеткен көрінеді. Осы сәтте ол үйден шығып, №45 қоғамдық көлікке отырған. Автобус №5 емхана тұсындағы ең соңғы аялдамаға келгенде қыз бала автобустан түспей, төңірегіне қарағыштай берген.

Автобус жүргізушісі одан қайда бағыт алғанын, қаланың қай ауданында тұратынын, ата-анасы туралы сұрағанымен, нақты жауап ала алмайды. Үйінен адасқан жасөспірім екенін біліп, аялдамаға жақын орналасқан емханаға жеткізеді. Емхана дәрігерлері мен автобус жүргізушісі полицияға телефон шалған. Оқиға орнына барған Светлана Райымқұлова жасөспірім қызды басқармаға жеткізген. Одан әрі ата-анасы, мекенжайы туралы мәліметтерді анықтап, ювеналды топтың инспекторлары анасын полиция басқармасына шақырды. Адасқан жасөспірім қыз баланың 2006 жылы туылғаны, №15 мектептің оқушысы екені анықталды.

Орал қалалық ПБ-ның баспасөз қызметі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар