10.10.2019, 20:04
Қараулар: 146
Түрмеге түсірген теріс жол

Түрмеге түсірген теріс жол

Жақында  Орал қаласында құқық қорғау құрылымдары мен әскерилерге  қарсы «қарулы жиһад», яғни лаңкестік актілерін жасау үшін  ұйымдасқан  террористік  топқа  сот үкімі  шықты.

«Террористік» деген атауының өзі көңілге қорқыныш ұялатқан қылмыстық топтар туралы соңғы кезде жиі естіп жүрміз. «Террор» сөзінің латын тілінен аударғанда қорқыныш, үрей деген мағына беруі де содан шығар. Аталмыш  топтың дер кезінде ұсталып, жымысқы ойлары жүзеге аспауы қуантқанымен, санаға түрлі ой салғаны анық. Әсіресе, «Мұндай топ қалай және қайдан пайда болады, адасқандардың арбауына түспеу үшін не істеу керек?» деген сауалдардың мазалайтыны да рас. Енді бұл бүлікші топтың түйінін тарқатып  көрсек.

Топ  қалай  құрылды?

Сот материалында жазылғандай,  өткен жылдың қаңтар-сәуір айларында Атырау облысының 1993 жылғы тумасы Ж. Ескендіров Орал қаласында «сәләфи жиһад» бағытын ұстанатын, діни радикалдық көзқарастағы өңір тұрғындары А. Исмурзинмен және Т. Қаршегеновпен танысады. Үшеуі бірігіп, шаһардағы құқық қорғау құрылымдары мен әскерилерге қарсы  «қарулы жиһад», терроризм актілерін жасау үшін ұйымдасқан топ (жамағат) құрады. Олармен тығыз байланыс орнатқан Ж. Ескендіров бұлай жүре бермей, бір амал істеу керектігін айтып, яғни шаһар аумағында террорлық әрекеттер жасауды жоспарлайды. Әрі қатарларын толықтыру жайын да ойластырып, басқа да «бауырлар» іздестіреді. Жастарды  азғыру, топтарына қосу осы кезде басталса керек.

Ж. Ескендіровпен бірге бір айға пәтер жалдаған А. Исмурзин өздерімен бірге тұруға кәмелетке толмаған туған інісі Қ. Бірғалиевті шақырып алады. Түрлі сылтаулармен ұйымдастырған жиындарда Ж. Ескендіров, А. Исмурзин, Т. Қаршегеновтер діни алауыздықты қоздыруға, терроризм идеяларын насихаттауға қасақана бағытталған тақырыптарды әңгімелейді. Осылайша арнайы діни білімі жоқтығын айтпағанда, бастапқы діни  сауаты да мардымсыз бірі колледжде оқитын, бірі  оқуды жаңа бастап жүрген жас жігіттер – Е. Балтабаев, Н. Айтболатов, С. Тілекбаев, Р. Жасталапов және кәмелетке толмаған Қ. Бірғалиевті топ құрамына кіргізіп алады. Олар өздерінің жат ниеттерін 2016 жылы Ақтөбе қаласында болған қылмыспен байланыстырғысы келеді. Олар өткен  жылдың  маусым айында жиын өткізіп, топтың басшысы – «әмірі» ретінде Ж. Ескендіровті сайлап, оған ант беріп, қару-жарақ іздестіре бастаған. Ж. Ескендіров өздері тұратын пәтерге қылмыстық пиғылдарын жүзеге асыру үшін 2 дана шолақ мылтық және оқ-дәрілер әкеліп, құқық қорғау құрылымдарының ғимараттарына күтпеген жерден шабуыл жасауды көздейді. Алайда 2018 жылдың 25 маусымында ҰҚК-ның қызметкерлері лаңкестік топтың іс-әрекеттерін әшкерелеп, топ мүшелері  түгелдей  ұсталды.

Сот   төрелігі

Жолы кесілген бұл қылмыстық топтың мүшелері сегіз адамнан тұрады, топқа бастапқы үшеуі Ж. Ескендіров, А. Исмурзин және Т. Қаршегенов басшылық жасап, қалған бесеуін арбап, айтқандарына сендірген.

Сотталушылар ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағандықтан, оларға ҚР Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша үкім шықты. Ж. Ескендіров (25 жаста) пен А. Исмурзинге (35 жаста) 13 жыл, Т. Қаршегеновке 12 жыл 6 ай, Е. Балтабаев (19 жаста) пен Н. Айтболатовқа (20 жаста) 5 жыл және 21 жастағы С. Тілекбаевқа 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ал 18 жасар Р. Жасталаповқа 5 жыл және кәмелетке толмаған Қ. Бірғалиевке 2 жыл бас бостандығын шектеу белгіленді.

Сот жаза тағайындағанда олардың іс-әрекеттерінің қоғамға қауіптілік дәрежесін, жеке басының мәліметтерін, құқықбұзушылық жасағаннан кейінгі мінез-құлықтарын, жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын  мән-жайларды, отбасыларының және асырауындағы адамдардың  тіршілік  жағдайына  ықпалын  ескерді.

Екпін түсіріп айтатын жайт – аталған қылмыс қоғамға, елдің тыныштығына, мемлекеттің қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін қылмыстар санатына  жатады.

Қылмыстық топтың құрылуы, әрекеттерінің әшкере болып, ұсталуы жастарға мемлекет, қоғам, отбасы тарапынан қатаң қадағалау қажеттігін ойға салады. Әсіресе,  ата-ананың жіті назары керек. Қазір бала-шаға асырау қамымен, жұмысының ыңғайымен үй көрмей, бала тәрбиесіне көңіл бөлмей жүрген әке-шеше аз емес. Теріс  ағымға еріп, адасқандар  өздерін  Құранмен  жүріп-тұрамыз деп, қасиетті кітаптағы сөздердің мәнін дұрыс түсінбейді. Оқитындары – ғаламтордан алынған дүмше «дүниелер». Көбіне діни сауаты төмен, үлкен өмірге енді ғана қадам басқан  жастар көлденең көк аттының айтқанына еріп кетеді. Еліміздің жас буыны «Тәртіпке бағынған құл болмас» қағидасын қатаң ұстануы тиіс. Әрі білім алып, ғылыммен айналысып, ерінбей еңбек етіп, еліміздің өркендеуіне атсалысқандары жөн.

Теологтің   тұжырымы

Облыстық  дін  істері  басқармасы  дін  мәселелерін зерттеу  орталығының  басшысы  Арман  Нұрахметұлының  айтуынша, қылмыстық топ қатарындағы жоғарыда аталған  бесеуі  радикалдық, дәстүрлі емес бағытта жүргендерін білмеген. Ал  топ  жетекшілерінің  көздеген басқа  мақсаты  болған.

– Жергілікті құзырлы құрылымдар өте сәтті операция жүргізіп, оларды дер кезінде тоқтатты. Қазір бұл топ мүшелеріне теологиялық, психологиялық тұрғыда дәрістер өткізілуде. Болашақта өздерінің радикалдық көзқарастарынан бас тартады деген үміттеміз. Жалпы айтқанда, адамдар діни білімі болмағандықтан, мешіттердегі имамдардан, медреселердегі ұстаздардан сабақ алмағандықтан, ханафи мәзһабын терең түсінбегендіктен, өздерін дінге шақырған адамдардың  соңынан  еріп кетеді. Мұндай жайттардың алдын алу үшін бізге теолог ретінде немесе имамдарымызға жастардың, халықтың арасында теологиялық ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүйелі әрі тереңірек  жүргізуді  жандандыру керек

деп ойлаймын. Қазір мектеп оқушыларымен, колледж студенттерімен, мемлекеттік қызметшілермен, жастармен тікелей қарым-қатынаста болатын оқу орындарының ұстаздарымен кездесулер өткізіліп, зайырлылық, руханият жөнінде дәрістер оқылуда. Осы бағытта ақпараттық-насихат топтары да жұмыстар жүргізуде. Жалпы, елімізде радикалдық бағытта жүргендердің қатары азайып келеді. Жастардың көпшілігі дәстүрлі бағытқа бет бұруда. Діни ақпаратты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сайттарынан (www.muftiyat.kz, www.muslim.kz) немесе аталмыш басқарма рұқсат берген имамдардан, кітаптардан алу қажет. Ата-ана баласының іс-әрекетін назарда ұстауы керек. Бүгіндері теріс бағыттағы сайттар жабылуда. Әйтсе де, «Жау жоқ деме жар астында» дегендей, ютуб каналдан не басқа да сайттардан жат ағымның уағыздарын ұшыратуы мүмкін. Сондықтан да баланың ғаламтордан не оқып, нені тыңдайтынын жіті қадағалаған жөн. Екіншіден, ұл-қызыңызды қаршадайынан туған жерін сүюге тәрбиелеу керек. Өйткені  Отанына, еліне, тіліне, діліне деген патриоттық ықыласы күшейген бала есейгенде сырттан келген қандай идеологиялық бағыт болса да, қабылдамайды. Яғни оған қарсы рухани иммунитеті қалыптасады. Балалар Абай атамыздың қара сөздерімен, Шәкәрім мен Мәшһүр Жүсіп еңбектерімен тереңірек танысса, қазақ әдебиетінің бай мұрасынан сусындаса, елге деген патриоттық ынта-ықыласы артады. Тағы бір айтатын жайт – ата-аналар да діни сауатты болғаны жөн. Өйткені балаға ең жақын адам – ата-анасы. Егер бала ата-анасынан дінге қатысты қойған сауалына жауап алмайтын болса, жауабын басқа жерден, интернеттен іздейтін болады. Қазір елімізде діни ахуал бірқалыпты. 2012-2013 жылдармен салыстырып қарайтын болсақ, бүгінде радикалды бағыттың ықпалы айтарлықтай төмен-дегенін бағамдауға болады, – дейді  Арман  Нұрахметұлы.

ТҮЙІН

Біздің зайырлы мемлекетімізде ешбір дін мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейді. Бұл  туралы ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңының 3-бабында шегеленіп жазылған. Ислам – адамзатты бір үйдің баласындай татулыққа, бірлік пен бейбітшілікке шақыратын дін. Ал бейбіт елде кейбіреулердің, әсіресе, жастардың басбұзар тірлікке бет бұрып, қаныпезер атанып,  темір тордың  ар  жағында  телміріп  отыруы  көңілді  күпті  етеді. Бүгінде бұл адасқан жандарды тура жолға салу үшін түрлі шаралар қолға алынуда. Құзырлы мекемелер тарапынан олардың көзқарасын өзгертіп, дәстүрлі ханафи мәзһабының інжу-маржанымен сусындауына барынша жағдай жасалуда.

Енді олардың адасқанын түсініп, айылын жиғаны, санасын сансыратқан теріс ойдан арылғаны керекақ…

Ясипа  РАБАЕВА,

«Орал  өңірі»,

Бақыт  ЕРМАХАНОВ,

БҚО қылмыстық істер жөніндегі  мамандандырылған  ауданаралық  сотының  судьясы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар