10.10.2019, 20:00
Қараулар: 181
31 саяжай жанып кетті

31 саяжай жанып кетті

Жетінші  қазан күні өңіріміздегі бірнеше жерде өрт болды. Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің айтуынша, ірі өрт оқиғасы «Озерный» кенті (150 гектар) және «Яик» саяжай қоғамында (40 гектар) орын алған. Дәл осы күні қаламыздағы «Автомобилист», «Арматурщик» және Бәйтерек ауданындағы «Яик» бау-бақша серіктестіктерінде 40 га жер, 31саяжай үйі мен шаруашылық құрылыстары, жеміс ағаштары  жанып кетті. Осы тұста көптеген саяжай телімі қараусыз қалғандығын атап өтуіміз керек. Теректі ауданына қарасты Әйтиев ауылы аумағында 25 га жерді отқа орап үлгерген тілсіз жау ертесіне түске дейін ауыздықталып, сөндірілді. Сондай-ақ  сағат 13.50де Бәйтерек ауданындағы Озерный ауылында құрғақ шөп, бұталар мен орман алқабы өртенген.

Жергілікті атқарушы құрылымдардың көмегімен 30 адам туыстарын паналап, ертеңіне үйлеріне оралған. Осы күні 13.45-те  Сырым ауданы Жымпиты – Қособа жолында трактордың тіркемесі мен 6 тонна шөп жанып кеткен. Кешкілік 20 сағат 04 минутта Орал қаласындағы «Көктем» бау-бақша серіктестігіндегі 109 учаске 25 шаршы метр саяжай үйі отқа оранған. Соңғы үш күн ішінде облыс аумағында 45 жану тіркелген. Өрттің салдарынан 200 гектар жер отқа оранды. Қазіргі күнде өрттің шығу себебіне қатысты кінәлі кісілер анықталуда.

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингке келген облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Жасұлан Жұмашев қазіргі күнде өрттің неден шыққаны анықталып жатқанын айтты.

– Адамдар қоқысты өртейді, балықшылар мен аңшылар жаққан отын сөндірмей, қалдырып кетеді. Нәтижесінде өрт үлкен аумақта тез тарала бастайды. Алдын ала болжам бойынша бұл ауқымды жанудың себебі бар.  БҚО ТЖД қызметкерлері «Қазақстан ғарыш сапары» АҚ-мен бірлесіп, өрт туралы ақпарат алудамыз. Бірақ, өкінішке орай, бұл ақпарат жиі кешіктіріледі. Олар бізге тәулігіне бір рет мәлімет  береді. Қажет болған жағдайда қосымша сұраймыз, – деді Жасұлан Жұмашев.

Тілсіз жауды ауыздықтауға ТЖДның 125 қызметкері  мен 15 техника,  32 полиция қызметкері, ерікті өрт сөндіру ұйымдары мен орман шаруашылығының қызметкерлері атсалысқан.

Айта кету керек, өрттің салдарынан материалдық шығынды өтеу мәселесі бойынша адамдар БҚО ТЖД-ға хабарласа алады. Департамент мамандары саяжай иелеріне әкімдікке тапсырылатын өрт туралы актінің көшірмесін береді.

– Ең алдымен, бұл «Яик» баубақша серіктестігінің тұрғындарына қатысты.  Біз оларға өрт туралы актінің көшірмесін береміз. Содан кейін бау-бақша серіктестігі тұрғындары өз өтініштерімен жергілікті атқарушы құрылымдарға  жүгіне  алады,  – деді БҚО ТЖД бастығы, генерал Ж. Жұмашев.

Гүлжамал   КЕНЖЕҒАЛИЕВА