10.10.2019, 19:45
Қараулар: 161
Кәсіптік білім берудің жаңа мүмкіндігі

Кәсіптік білім берудің жаңа мүмкіндігі

Еліміздегі  колледждерді  сенімгерлік  басқаруға  беру жөніндегі  жобалық  кеңсенің  өкілдерінен  құралған жұмыс  тобы  өңірімізде болып,  облыстағы  ірі  бизнес  өкілдерімен  кездесу  өткізді.

Аталған басқосуға облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев, ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің директоры Насымжан Оспанова, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасындағы адам ресурстарын дамыту департаменті директорының орынбасары, жобалық топтың жетекшісі Ләззат Шонаева, «Кәсіпқор» холдингінің басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ермек Күзенбаев  қатысты.

Кездесуде сөз алған жұмыс тобының мүшелері колледждерді сенімгерлік басқаруға беру жобасының тетіктеріне тоқталып, жан-жақты  түсінік  берді.

– Біздің министрлік сатып алу құқынсыз колледждерді сенімгерлік басқаруға беруді өткен жылдан бастап тәжірибелік негізде қолға алды. Бүгінде Павлодар облысында үш, Алматы облысында екі оқу орны осы жүйені сәтті жүзеге асыруда. Павлодардағы мал мамандары мен агрономдарды дайындайтын колледждерде сенімгерлік басқаруға берілгенге дейін меншігіндегі жер телімінен басқа ештеңесі болмаған. Бұл жағдай ауыл шаруашылығына қажетті мамандарды дайындауда қиындықтар туғызғаны жасырын емес. Аталған колледждерді ірі шаруа қожалықтары сенімгерлік басқаруға алғаннан соң жағдай мүлдем өзгерді. Яғни колледжде білім алатын жастар таңдаған мамандығын теория жүзінде оқып қана қоймай, шаруашылықтарда машықтан өтуге мүмкіндік алды. Мал өсіру және егін егуге қажетті арнайы техникаларды іс жүзінде басқара алатын жағдайға жетті. Сонымен қатар тәжірибелері мол қожалық иелері студенттерге дәріс бере алады. Сөйтіп, шаруашылық өзіне қажетті мамандарды дайындап алады. Сондықтан бұл жобаның берері мол деп санаймын. Батысқазақстандық кәсіпкерлерді осы істі батыл қолға алуға шақырамын, –  деді Насымжан Оспанова.

Жұмыс тобы өкілдерінің айтуынша, бұл жоба барлық колледжді жаппай сенімгерлік басқаруға беру деген сөз емес. Дегенмен бұл жоба белгілі бір бағытта қызмет ететін кәсіпорындарға өз қажеттілігіне қарай мамандарды дайындауға мүмкіндік туғызады.

–  Соңғы жылдары елімізде колледждерді сенімгерлік басқаруға беру жүйесі қолға алынуда. Біз алдағы уақытта осы істі жүзеге асырған Алматы, Павлодар облыстарындағы колледждермен тығыз қарым-қатынас орнатып, олардан тәжірибе алатын боламыз. Бұл жобаның нақты мақсаты – әр инвестор өзі жұмыс жасап жүрген саласына дуальдық білім беруді дамыта отырып, жас мамандарды дайындай алады. Біздің өңірде үш-төрт кәсіпкер бұл жобаға қызығушылық танытып отыр. Сол кәсіпорын жетекшілері бүгінгі басқосуда өздерін толғандырған сауалдарға нақты жауаптар алды деп санаймын, –  деді БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар  Манкеев.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар