10.10.2019, 19:40
Қараулар: 134
Сенат төрағасы өңір тынысымен танысты

Сенат төрағасы өңір тынысымен танысты

Апта  басында ҚР  Парламенті  Сенатының  төрағасы  Дариға  Назарбаева бастаған  бір  топ  сенатор  облысымызға  жұмыс  сапарымен  келді.

Мәртебелі меймандар алдымен мәслихат депутаттарымен, қоғамдық кеңес мүшелерімен және облыстағы кәсіпкер әйелдер ассоциациясының  өкілдерімен  кездесті.

Мәслихат депутаттарымен болған жиында жергілікті халық қалаулылары өңірдің дамуы барысы туралы баяндады. Жайық өзенінің экологиялық жағдайы, кәсіпкерлікті дамыту, агроөнеркәсіп кешенін қолдау туралы маңызды мәселелерді ортаға салды.

– Бізге әр облысқа арналған парламенттік тыңдаулар өткізуді жоспарлау керек шығар. Сонда өңір тұрғындарын не толғандыратынын, шешілмей жатқан қандай күрделі проблемалар барын білетін боламыз. Бұл жерде реттеудің жоқтығынан немесе оның жеткіліксіздігінен, болмаса заңнамалық әлеуеттің әлсіз тұстары салдарынан шешілмей тұрған проблемалар туралы айтылып отыр,  – деді  Дариға  Нұрсұлтанқызы.

Сенат басшысы мәслихат жанындағы қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесуінде қазіргі кезде елімізде төрт мыңға тарта адам жұмыс істейтін 200-ден астам кеңес құрылғанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, қоғамдық кеңестердің міндеті – қабылданатын шешімдерге тұрақты сараптама жасаудың есебінен атқарушы және заң шығарушы биліктің өңірлік құрылымдарының жұмыс сапасын арттыру, мемлекеттік билік құрылымдарының алдына аймақ халқын барынша алаңдататын өзекті мәселелерді қоя білу.

Д. Назарбаева өңірдегі кәсіпкер әйелдер ассоциациясының өкілдерімен кездескенде мемлекеттік басқару мен еліміздің саяси өміріне әйелдердің қатысуын кеңейту мәселесіне назар аударды. Оның пікірінше, Қазақстан халқының елу пайызынан астамын әйелдер құрайтындығына қарамастан, олар мемлекеттік құрылымдарда аз. «Мемлекеттік құрылымдар мен компаниялардың басшылары, көптеген жұмыс беруші басшылық лауазымға әйелдерге қарағанда, ер адамды жиі алатыны жасырын емес. Бұл жағдайды республикалық деңгейде де, аймақтарда да өзгерту керек», – деді Д. Назарбаева.

*     *     *

Орал «Зенит» кеме жасау зауытында осы кәсіпорынның қызметкерлерімен болған әңгіме кезінде Сенат басшысы қорғаныс саласының мүддесіне жұмыс істейтін кәсіпорынды дамытуға қажетті нормативтік-құқықтық база жасалғанын, жыл басында «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» жаңа заң қабылданғанын атап өтті.

– Үкімет қорғаныс мақсатындағы өнім шығаратын отандық кәсіпорындарды қолдау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуі керек. Бізге өз өнеркәсібімізді дамыту және тапсырыстарды бірінші кезекте қазақстандық кәсіпорындарға беру маңызды, – деп атап өтті Дариға  Назарбаева.

Содан соң сенаторлар ұлттық мәдени орталықтардың басшыларымен, жастар және еріктілер ұйымдарының өкілдерімен жүздесті. Дариға Назарбаеваның айтуынша, Қазақстан халқы ассамблеясы еліміздегі ұлтаралық татулық пен келісімді нығайтудағы ықпалды қоғамдық күш болып табылады. «Жылы шыраймен қарсы алып, ізгілікті сөз арнағандарыңыз үшін алғыс айтамын. Сіздердің нақты істерге бағытталған игі көзқарастарыңыз көңілге қуаныш ұялатады. Бүгінгі таңда Қазақстан халқы ассамблеясы ұлттық мәдени орталықтардың жұмысына жастарды белсенді түрде тартып, жаңа көшбасшыларды өсіруі тиіс. Әр ұлт жастарының мансабы мен кәсіби тұрғыда өсуі үшін тең мүмкіндіктер жасалуы қажет. Жастар елден көшіп кетпеуі үшін әлеуметтік лифтілердің ашық жүйесін қалыптастыруымыз керек», – деп атап өтті Сенат төрағасы.

Ал БАҚ өкілдерімен болған жиында қазіргі заманда ақпарат құралдары бетпе-бет келіп отырған жаңа сын-талаптар туралы айтылды. Дариға Назарбаеваның пікірінше, статистикалық деректер бойынша дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары – теледидар, радио, газет халықтың 70 пайызы үшін бұрынғыша ақпараттың негізгі көзі болып отыр. Сонымен бірге ғаламтор мен мобильді құрылғылар арқылы медиаөнімдерді тұтыну артуда. Бұл үдерістер сараланып, БАҚ саласын дамыту жөніндегі мемлекеттік стратегияда белгіленуі тиіс.

Сенат басшысы батысқазақстандық БАҚ өкілдерін аталмыш құжатты дайындауға және ақпарат құралдары туралы заңнамаға түзетулер әзірлеуге белсенді қатысуға шақырды.

*     *     *

Сенат төрағасы бастаған топ «Сырым» шекаралық өткізу бекетінде болып, бекеттің жаңартылған инфрақұрылымымен танысты. Шекара бекеті қызметкерлерінің мәліметтері бойынша, осы жерден бір тәулік ішінде орта есеппен 1 мыңнан астам аутокөлік өтеді.

Бірнеше ай бұрын мұндай көлемдегі көлікті өткізуге шекара бекетінің мүмкіндігі жетпейтін. Алысқа тауар тасымалдайтын жүк машиналары кейде тәулік бойы кезекте тұруға мәжбүр болатын. Содан келіп үлкен кептелістер туындап жүрді. Қазіргі кезде бекеттегі инфрақұрылым толығымен жаңартылды. Бұрынғы екі жолаққа қосымша жабдықталған сегіз тексеру жолағы қосылды. Бұл Қазақстан мен Ресей шекарасындағы осы бөліктегі кептеліс мәселесін шешуге мүмкіндік берді.

Сенаторлар «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясында» да болды. Содан кейін Жайық өзенінің жағасына барып, оның экологиялық жағдайымен де танысты. «Қазгидрометтің» мәліметінше, 2017 жылдан бастап өзендегі су 30-40 пайызға азайған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, соңғы онжылдық көлемінде Жайықтың тартылғаны сонша, тасқын кезінде де өзен суы жағадан аспайтын деңгейге жеткен. Өзен-суына өлшем жасалып, кей тұстарында Жайықтың тереңдігі 50 сантиметр ғана болатыны сенаторларға көрсетілді.

Батыс  Қазақстан  облысы әкімінің  жұртшылықпен байланыс  қызметі

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар