10.10.2019, 18:47
Қараулар: 169
Кешегі өткен нар аға

Кешегі өткен нар аға

(профессор  Отарәлі  Бүркіттің  туғанына  65  жыл)

Зулаған заман-ай. «Айда аял жоқ, жылда жілік жоқ» деген рас екен. Кешегі ортамызда жарқылдап жүрген Отарәлі ағамыздың мәңгілік мекеніне кеткеніне 15 жылдың жүзі болып қалды. Кім келіп, кім кетпеген жалған дүние дейсің-ау. Бірақ жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді. Күнделікті студенттерге дәріс оқудың алдында  ағайдың «Түркітану» оқулығын бір шолып шығамын. Әр бетінен ағай қарап тұрғандай болады. Өйткені қиын да қызық  түркітану ғылымына мені бағыттаған  Отарәлі ағамыз болатын.

1990 жылы Алматыдан Қазақтың ұлттық университетін тәмамдап, министрліктің жолдамасымен көңіліміз алып-ұшып Орал педагогикалық институтына келгенде алдымыздан аңқылдап қарсы алған да осы кісі еді. Жаңадан құрылып жатқан «Қазақ  тілі» кафедрасын ұйымдастырып, өрімдей жастарды жинап алып, жұмысты бастап кетті. Бәрімізге қамқор аға бола білді. Ағадан ілтипат болмаса, ініде ізет қайдан болсын. Бірде ағамыз Алматыдан іссапардан келіп, «Әй, жырау (мені жырау дейтін), саған ғылыми жетекші таптым. Белгілі ғалым, профессор Арсен Ибатовпен келісіп келдім. Ұлттық ғылым академиясының Шығыстану институтына іс-тәжірибеден өтуге барасың, араб тілі маманысың, жазба ескерткіштердің тілін зерттеу саған лайық», – деді. Ағаның ақылын тыңдағасын, ғылым жолында адасқан жоқпыз.

Сол жылдарда А. С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтына (бүгінгі М. Өтемісов атындағы БҚМУ) ректор болып профессор Т. Рысбеков тағайындалды.  Ректордың айрықша қолдауымен ғылымнан қол үзіңкіреп қалған қазақ филологиясы саласы қайта жанданды. Тіл мәселесі бойынша араға 40 жыл салып Ғ. Әбухановтан кейін 1993 жылы Ақзия Ниязғалиева кандидаттық диссертация қорғады. 1990 жылдар қазақ тілі кафедрасы үшін жемісті жылдар болды. Отарәлі ағамыздан бастап, бірнеше маман ғылыми дәрежеге қол жеткізді. Саяси, әлеуметтік сілкіністерге толы ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдары елімізде «Қазақ тілі» қоғамы ұйымдастырылды. Ағамыз мемлекеттік тіл мүддесі үшін саяси тартыс, күрестің ортасында жүрді.  Ақынжанды, жыршы, домбырашы ағамыз шабыты келген тұста:

Менің  тілім  – Түркістанның  тұғыры,

Мәңгі өшпейтін тұлпарлардың  дүбірі.

Мен барымда, сен  барыңда,  бауырым,

Ана тілдің ұзақ болсын ғұмыры – деп  жырлап  та  жіберетін.

Ресей Федерациясының бес облысымен шектесіп жатқан Орал өңірінде қазақ тілі мәселесі аса күрделі болғанын жоққа шығара алмаймыз. Тіл үшін күрес қазақ ұлтының мәңгілігі үшін күрес екенін Отарәлі ағамыз жақсы білді. «Тарих өзі таңдап алар ұлысын, халық өзі таңдап алар ірісін, өмірімді өкінбей-ақ арнадым, қазағымның қасиетті тілі үшін» деп, ерен еңбек етті. Ұлттық рухтың ішкі бұлағы – тіл, күш-қуаты – сол тілде сөйлейтін халықтың өзі. Ал сыртқы дариясы, айдыны – жоғарғы билік. Мемлекеттік тілде сөйлейтін үкімет.

Сондықтан да Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев өз Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналып келеді деп есептеймін. Бірақ мұндай дәрежеге жету үшін бәріміз даңғаза жасамай, жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек», –  деп атап көрсетті.  Мемлекеттік тіл үшін күрес әлі жалғасуда.

Отарәлі Бүркіттің стилистика, стиль, морфология саласын зерделеген ғылыми еңбектері мол. Әсіресе, елімізде ең бірінші болып, «Жұбановтану» арнайы курсынан дәріс оқығаны – аса мақтанарлық іс. Сөзге шешен, іске көсем ағамыз  білім беру саласының білгірі ретінде оқу ісінің проректоры қызметін де адал атқарды.

Ағамыздың ғылым саласындағы сүбелі еңбегінің бірі – 2001 жылы «Ғылым» баспасынан жарық көрген «Қайталамалардың лингвостилистикалық жүйесі» атты кітабы. Бұл монография – көп жылғы зерттеу еңбектің нәтижесі. Еңбек қазақ тіл біліміндегі өзекті мәселелердің бірі – қайталамалардың табиғатын зерттеуге, оның тілдік және сөзжасамдық жүйесін анықтауға арналған. Ғалым кітап шығарса, оған баға беретін – көпшілік. Демек, автор – кітап жазушы да, көпшілік – оның тағдырын шешуші. Отарәлі Бүркіттің  кітабы – төзіммен  оқып зерттейтін, туған тілдің тағдыры мен қасиеті ойлантатын, әр қазақтың жүрегіне жол табатын дүние, ұлттың  рухани мұрасына қосылған іргелі еңбек.

Монография, негізінен, тіл құбылыстары мен заңдылықтары, лингвостилистика туралы жазса да, көркем әдебиеттің көптеген өзекті мәселесі тілмен қатар қозғалып отырады: «Қайталамалар – күрделі жүйе мен құрылымдардан тұратын, парадигмалық және синтагмалық қасиеттерге ие болатын, дыбыстың, сөздің, сөз тіркесінің, сөйлемнің, микромәтіннің, абзацтың, тіпті мәтіннің қайталанып келуі арқылы жанжақты стильдік қызмет атқаратын, өз ішінен бірнеше түрге бөлінетін, қызмет ауқымы мен тек түр жағынан басқа стилистикалық айшық түрлерінен әлдеқайда ауқымды келетін лингвостилистикалық категория». Бұл – қайталаманың тілдік табиғатына арналған анықтама. Ал «Көркем әдебиетте қолданылатын  қайталамалардың қызметі қандай?» деген сұраққа «Қайталамалар көркем мәтінді құру, ондағы белгілі бір уақиғаны дамыту, мәтін сюжетіне түрткі болу, мәтін уақиғасын шиеленістіру, микромәтіндерді бірбірімен байланыстыру қызметін де атқарады» деп тұжырым жасайды. Ғалым қазақтың бай әдебиетін  жетік  біледі.

Орай  да  борай қар  жауса,

Қалыңға  боран  борар  ма?

Қаптай  соққан  боранда,

Қаптама киген тоңар ма? – деп келетін Махамбет ақын поэзиясындағы лингвостилистикалық қайталаулардан бастап, Жүсіпбек, Мағжан, Сәкен, Ілияс, Мұхтар, Ә. Тәжібаев, Ш. Мұртаза, З. Қабдолов, Қ. Мырза-Әли, М. Мақатаев, М. Мағауин, Ә. Тарази, Ж. Әбдіраштардың т. б. көркем шығармаларының тілін зерделейді.

Жазылмайды  өлеңдер

Жар  алдында  мақталу  үшін.

Жазылады  өлеңдер

Ар алдында ақталу үшін, – деп келетін Ж. Әбдіраштың өлең жолдарын талдау арқылы синтаксистік параллелизм түрлерін де даралап көрсетеді.

Профессор Зинол-Ғабден Бисенғалиев былай бағалайды: «Қайталамалардың лингвостилистикалық жүйесі» атты сенің кітабың мейлінше тез жазылғанына қарамастан, қазақ филологиясына аса қажет мәселелерді көтеріп, ретіне орай шешімін де айта алған жақсы еңбек болып шыққан екен. Қазақ  тіл білімінің алдында тұрған маңызды, ірі проблема қозғалады. Тарихы тереңде жатқан тілдік құбылыстың жалпы тарихы белгілі болса да, жалқы әсерлері жеткілікті».

Жаны жайсаң, көңілі жаз ағамыз ортаның гүлі, ғылымды, кісілікті тұлға еді.

Ғылымды кісінің досы көп болады, малды кісінің жауы көп болады. Малды жұмсасаң, азаяды, ғылымды жұмсасаң, көбейеді. Қашан да дос, ғылым іздеп жүретін ағамыз Алматы мен Оралдың арасына рухани, ғылыми байланыс орнатты. Көптеген інісінің ғылымға баруына себепші болды. Досына жалғыз атын сыйлайтын, құланның етін бұзбай асатын көк түріктердің жұрнағындай боп есімізде қалды.

Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Отарәлі Бүркіттің бейнесі әманда жадымызда. Ағамыздың шаңырағын ұстап отырған Ұлдай апамыздың ғылымдағы жолы бір төбе. Жақсы ағаның текті ұрпақтары Ұлан мен Дария әке аманатын арқалап, немере, жиендері жетелеп, өсер елдің көшінің  басында  кетіп  барады.

Мұрат  САБЫР,

филология  ғылымдарының докторы,  профессор,

Орал  қаласы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар