10.10.2019, 18:40
Қараулар: 32
Шоколад орнына – салат

Шоколад орнына – салат

Жерлестері  Света  Сатыбалдиеваны  аудандық  ветеринариялық  зертхананың  меңгерушісі  әрі  өз  мамандығының  хас шебері  ретінде жақсы  таниды.  Ал  бұл  жолы  оның  дәмді  тосап  қайнатып,  ащылы-тұщылы  салат  дайындайтын  бесаспап  шеберлігіне  тоқталғанды  жөн  көрдік.

Банкі жабу мен үшін жаздың ажырамас бөлігіндей. Жабулы банкің, тосап-салатың болса, тәуліктің қай мезгілінде алыс-жақыннан қонақ келе қалса, қысылмайсың. Әрине, ол банкіге жабылған тағамдарды дүкеннен де алуға болады. Алайда іздегенде өзіңе ұнағанның бола қалуы екіталай. Әрі бағасы да қымбат тұрады. Дайын салатты не тосапты шақырған қонақтығыңа да ала баруға болады. Үй аралап кететін қораптағы шоколадтардан он есе артық. Өйткені тәттілер қорабының орташа бағасы 800-1000 теңге көлемінде. Әрі оның балғын, жұмсақ  екенін білмейсің. Тұтыну мерзімі өтіп кеткен болуы әбден ықтимал, – дейді Света Иданқызы ағынан жарылып.

Кейіпкеріміз балалары аяқтанып кетпей, әке шаңырағында болғанда жылда 300-400 банкі жапқан екен. Тіпті бұл өнімдер балаларының қой бағуға ала шығатын ас мәзірінен де орын алған. Сонымен қатар шекарада қызмет еткен ұлы Сертан мен облыс орталығында жоғары оқу орнында оқыған  қызы Шынарға да түрлі тосап-салаттар жөнелтіп отырған екен.

Света Иданқызы  асүй комбайны банкі жабу науқанына таптырмас құрал болды дейді. Оның айтуынша, 2000 жылдары  көкөністерді Ресейдің Астрахан облысына қарасты Басқұншақ ауылынан қапшықтап тасыған екен. Алыстан ат арытып әкелетін көкөністерді ысырап қылмай, пайдаға асыруға отағасы мен балалары да атсалысқанын айтады. Бүгінде бұл әулеттің босағасын аттағанына он жылға жуықтаған келіні Шолпан да банкі жабудың қыр-сырын  меңгеріп алған.

– Алғаш банкі жабуды 12-13 жаста бастаған едім. Әкем марқұм Ресейдің Волгоград облысы Владимировка қаласына мал апарып, қайтар жолында көкөністер ала келетін. Көбіне қызанақ әкелетіні есімде. Сол қызанақтан әр түрлі салат жауып үйрене бастадым. Ол кезде түрлі тағамның дайындау тәсілін іздейтін ұялы телефон да, ғаламтор да жоқ-тұғын. Кейін есейіп, студент болған кезде айналамдағы құрбыларымнан үйреніп, әсіресе, мәзірлерін «Крестьянка», «Работница» секілді журналдардан іздеп жүріп табатынмын. Сонда әкем марқұм менің  бұл тірлігіме риза болатын. Арасында өзі де көмектесетін, – деп есіне алады кейіпкеріміз.

Банкі жабуды өзінің сүйікті ісіне айналдырған Света Иданқызы биылғы қысқа 60-70 банкі салат жауыпты. Оның айтуынша, соңғы жылдары іші қатты, «ағаш» тәріздес қызанақтар көбейген. Олар былайғы тұтынуға қалай дәмсіз келсе, түрлі қоспалар салып, банкі жабуға да татымды болмайды дейді. Сондықтан қызанақ сатып алғанда ортасынан бөліп қарағанды жөн көреді. Ал қиярдан ащы етіп салат жасайды. Бұл соғым етіне де, қуырдаққа да, жалпы, ет тағамының барлығына да ерекше дәм беретін салаттан жыл сайын кемінде 20 банкі жабады екен. Баялдыдан жасалған уылдырықты (баклажан икрасы) да жертөледен табуға болады.

– Салат дайындағанда оны өлшеп жатпаймын. Осы кезге дейін мөлшерін шамамен білемін. Негізінен, қажетті қоспаларды ауыстыруға ықылас танытпаймын. Бізде үйреншікті ақжелкен, аскөктерден өзгеге көп көңіл бөлмей жатады. Ал насыбайгүл (базилик) қосылған қызанақтар қандай дәмді болатынын білесіз бе? Биыл  осы өсімдікті отырғызған едім, жерсінбеді. Тек бір түп қана тамырын жая алды. Оны да өз қажетіме пайдаландым, – деген Света Иданқызы бақшасында түрлі дәмдеуіштерді  өсіретінін  айтты.

Света апамыздың үйдегі бағбандығы да жұмыс орнынан анық байқалады. Ол басқарып отырған аудандық ветеринарлық зертхана аумағында жаз шыға түрлі гүлдер, бүрлі ағашы (туя) мен шырша жайқалып өседі. Жер-ананың тартуын кәдеге жаратып, жұбайы Нұртан Ермұханбетов мал азығын қамдаса, отбасы азығын жинау – Света апамыздың сүйікті ісі. Үйдің берекесі бибісінің қолында екеніне тағы бір мәрте көз жеткізгендейміз.

Раушан  БАҚЫТОВА,

Бөкей  ордасы ауданы