10.10.2019, 18:34
Қараулар: 145
Дәуір ұлы

Дәуір ұлы

Тарих қойнауына әлдеқашан еніп кеткен ХХ ғасырда жетпіс жылдан астам билік құрған коммунистік партияның саясаты ешкімді еркелетпегені, ешкімді маңдайынан сипамағаны және жалған дүниені ешкімге жалпағынан бастырмағаны белгілі. Сондықтан да қыздың жолынан да жіңішке ол дәуірде қандай басшыға да бірыңғай пікір айтылмайтын. Әрі әрдайым жоғары баға берілмейтін. Дегенмен осындай ортамен күрделі қоғамдық құрылыста өз дәуіріне адал қызмет ете білген тұлғалар мол болғаны да сол кезеңнің шындығы.

Бүгінгі күн биігінен қарастырғанда мұндай биік баға К. Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясының түлегі, көзі тірісінде кісілік пен кішілік қағидаттарынан айнымай өткен асыл азамат Мақсот Исқақовқа әбден лайықты деген ойдамыз. Қарапайымдылық ол кісіге о бастан қанмен сіңген қасиет десек, қателесе қоймаспыз. Мақсот аға ұзақ жыл бойы басшылық қызметтерде болған кезінде биік лауазымын алға тартып, біреуге көкірек көрсетпегеніне, ұлы Абайдың сөзімен айтқанда, өзінде бармен көзге ұрып, өзгеден артылам демегеніне куә бола аламыз.

Басшы болу үшін ең қажетті қасиет не екенін білесіз бе? Ұйымдастырушылық қасиет пе, жоқ әлде, кәсіби шеберлік пен біліктілік пе? Әрине, мұның қай-қайсысын да жоққа шығаруға болмас, әйтсе де әлеуметтанушы мамандар бұл үшін ең керегі – кез келген адамның жанына жеңіл әсер ете алатын юморлық сезім, қажетті жерінде, оның ішкі жан сарайын әзілмен барлап, тіл қата білу мәдениеті деп тұжырымдайды. Мұны түсінбеген адам томырық келетіні, бәйгесі алысқа бара алмайтыны да рас. Аға буын өкілінің бойындағы мұндай қасиеттер ешкімнің ар-намысына нұқсан келтірмеді. Керісінше, өмірдің кейбір келеңсіз кездерінен орамды ой түйе білуге, сәл теріс қадамнан оңға бұрылуға  жөн  сілтеді.

Әлі есімде. Сонау 1976 жылдың көгілдір көктемі еді. Аудандық тұтынушылар одағына облыстың ауыспалы қызыл туын сол кездегі Қазталов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Мақсот Исқақов тапсырды. Оған қатысып, материал жазуға редакцияға қызметке жаңадан қабылданған жас әдеби қызметкер мені жіберді. Суретін фототілші Захар Батырғалиев әзірлеп берді. Оның астына қысқаша мәтінді “М. Исқақовтың ауыспалы қызыл туды тапсырып жатқан кезі” деп жазыппын. Содан кейіннен Мақсот ағаның «Аудандық газет мені жатқызып қойыпты» деп зілсіз ескерту жасағаны бар. Орынды ескерту, әрине. Тәжірибесіздік емес пе. Дұрысы – тапсыру сәті немесе тапсыру кезі деп жазылуы керек қой.

Ел басқару оңай іс емес. Ол менменсу мен өзімшілдікке салынуды көтермейді. Өмірден көргені мен көңілге түйгенін өзгелермен бөлісе алмаса, өзінен кейінгі кадрларға қамқорлық танытып, көлеңкесін түсіре білмесе, басшының бәсі қашанда төмен тұрады. Біз осы материалды әзірлеу барысында қыз-күйеу баласы Мәдина мен Болаттың үйінде сақталған Мақсот Исқақұлының өз қолымен жазылған өмірбаянымен танысқан едік. Содан көңілге түйгеніміз – өз дәуірінің қатарынан оза шапқан оғланы 24 жасында МТС директоры, 29 жасында Жымпиты аупарткомының хатшысы, ал 1962 жылы 33 жасында Қазталов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалғаны. Тұтастай ширек ғасырға жуық уақыт бойы Қазталов және Жымпиты аудандарының әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан алға басуына, аталған өңірлердің рентабельділігі жоғары шаруашылықтар қатарына жетуіне ықпалын тигізгені де М. Исқақовтың білікті басшы бола білгенінің бір дәлелі.

Кеңестік жүйеде бағалау жүйесінің басты критерийі облыстық және республикалық социалистік жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы атану немесе белгілі бір бес жылдың қорытындысы бойынша республиканың немесе одақтың алтын кітабына жазылуы тұрғысынан сараланды. Осы талаптан қарастырғанда, М. Исқақов басқарған аудандар әр жыл сайын дәл осы биік деңгейден көрініп келгенін айту – парыз. Тоталитарлық кезеңде республика аудандарында әлеуметтік-тұрмыстық және денсаулық сақтау салалары нысандарын салу ісі тым кенжелеп қалғаны ешкімге де жасырын емес. Мұндай тар кезеңде Жым-питы ауданы орталығында жаңа үлгі-жобадағы аудандық аурухана кешені салынып, пайдалануға берілгені де бөлек бір әңгіме.

Сонау сексенінші жылдардың басы мен орта шенінде М. Исқақов басқарған аудандардың тыныс-тіршілігі сол кездегі одақтың бас басылымы, СОКП орталық комитетінің органы – «Правда» газетінің бірінші бетінде жариялану мүмкіндігі де екінің бірінің еншісіне тие бермейтін. Осындай жағдайда Жымпиты ауданынан «Правдада» бірқатар материал жарияланып тұрды. Тіпті 1980 жылдың 30 тамызы күні «Правда» газетінің бірінші бетінде Жымпиты аупарткомының бірінші хатшысы Мақсот Исқақовтың фотосуреті СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы Леонид  Брежневпен қатар жарқ ете қалған кезі де бар. Бұл сәт Қазақ КСР 60 жылдығына арналған салтанатты жиынымен тұспа-тұс келгенін де айта кеткен жөн. Қай дәуірде де, қандай қоғамда да мемлекеттік марапат тектен-тек берілмейтін. Бұл ел-жұрт үшін төгілген маңдай тер мен жұмсалған күш-қайраттың өтеуі екені де анық.

Осы орайда Мақсот Исқақовтың Кеңес Одағының жоғары наградасы Ленин, үш мәрте Еңбек Қызыл Ту және «Халықтар досты-ғы» ордендерімен марапатталғаны – атап айтуға тұрарлық мәселе. Сондай-ақ сол кезде Орал облысын басқарған Шәпет Қоспанов пен Мұстақым Ықсановтың бүгінгі кейіпкеріміздің еңбегін лайықты түрде бағалай білгенін де айта кеткеніміз орынды.

М. Исқақовтың өмірі мен партиялық басшылық қызметтегі жолдарына қатысты алғанда елеулі жәйттер аз емес. Соның бірі – 1966 жылы Лениндік және Нобель сыйлықтарының иегері, жазушы Михаил Шолоховқа ақ бота сыйлау рәсімін ұйымдастырғаны. Оқырмандарға түсінікті болу үшін айта кетсек, 1965 жылдың мамыр айында М. Шолоховтың 60 жылдығы Мәскеуде, КСРО Жазушылар одағында салтанатты түрде аталып өтеді. Осы рәсім кезінде сол кездегі Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Ғабит Мүсірепов қазақстандықтар атынан саңлақ суреткерге айрықша сый табыс етілетінін, әйтсе де, оны дәл қазіргі жағдайда залға әкелу қиын екенін мәлімдеді. Мәжіліске қатысушылар бұған қапелімде аң-таң болып қалады. Сол кезде сұңғыла жазушы: «Бұл мөлдіреген қара көздері сұлулықтың символындай көрінетін, шынайы достық пен бауырмалдықтың белгісі бола алатын түйенің төлі – ақ бота» — деп тіл қатады. «Қазір бұл бота өзіңіз жиі баратын Ақ Жайықтағы Шалқар көлінің жағасында жүр. Оны алдағы жылы сол жаққа барған сапарыңызда табыс етеміз», – дейді Ғ. Мүсірепов.

Алайда келесі жылы Шолохов Орал өңіріне келгенде Ғабеңнің бұл өңірге жете қоюының сәті түсе қоймайды да, бұл жауапты тапсырма Қазақстан Жазушылар одағының атынан Михаил Александровичке, сол кездегі Орал облыстық партия комитетінің хатшысы Бисен Жұмағалиевке жүктеледі. Өз кезегінде бұл жауапты істі атқаруды Бисақаң Қазталов аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Мақсот Исқақовқа тапсырады. Кейіннен бұл жағымды жайттың ойдағыдай орындалып, аталған ауданға қарасты «Құрманғазы» совхозының еңбеккерлері атынан сыйланған ақ бота Шолоховтың өз қалауы бойынша сол шаруашылықта өсіруге қалдырылғаны Бисен Жұмағалиевтің «Шолоховтың Қазақстанмен қарым-қатынасы» деген кітабында көркем тілмен кестеленген.

Сөз соңында биыл туғанына 90 жыл толып отырған аға буын өкілі, өз заманының адал перзенті Мақсот Исқақовтың ағалық қамқорлығын көріп, оның ел басқару тәжірибесі мен мектебінен өткендердің қатарында кешегі жас мамандар, кейіннен есімдері елге танымал болған басшы азаматтар Шынбай Шарафетдинов пен Абат Есенғалиев болғанын айта кетудің артықшылығы жоқ. Осы орайда есімін әр кез еске алып, қастер тұтып жүретін зерделі жандар бар кезде ер есімі ешқашан күңгірт тартпайды демекпіз.

Темір ҚҰСАЙЫН,

Орал қаласы

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар